Бір замандары Жетісуда Шағатай әулетінен Сейіт хан (Саид) деген тақта отырған екен. Бірақ дәурен-дәуіріндегі әңгімелерге қарағанда, жүрегі тақта болмаған-дүр.
Шыңғыстың бүтін тағына ие болмаса да, соның бір пұшпағы Моғолстанның ханы болу – сол заманда аз олжа емес. Жер кең, бұқара көп, қол мол, бас иетін би мен бектер тізімі ұзын. Әйтсе де ханның ойы басқа жаққа кетіп жүрген деседі. Сопылық оны баяғыдан тартып ұйытыпты. Билікті күйеу баласы шах Сұлтанға тапсырып, хырқа-жүн шекпен киіп, дәруіштермен бірге жол жүргісі келген дейді. Бұл арманы да жай арман емес, іштен жеген арман болған.
Бірде Қашғарға қожа Насреддин Убайдулла шайқы келе қалады. Сейіт хан естиді де шұғыл аттанады. Жолы алыс болса да барады. Шайқының алдына келіп, бүкіл ындынын ашып, ішінақтарған-ды. «Тақты тастағым келеді. Дәруіш болғым келеді. Хақиқи жолға түскім келеді», – деп сөйлей берсе керек.
Шайқы тыңдайды. Асықпайды. Сосын бүй дейді:
– «Патшалық – Құдайға жетудің ең жақын жолы, бірақ патшалар осы мүмкіндігін құмарлыққа жұмсайды. Сайтани істерге салынады. Дәруіштер ғұмырын сарп етсе де, ол дәрежеге жете алмайды. Сондықтан тақта отырғанда мұратқа тез жетесің. Тақта сұлтандай бол. Мінезің дәруіштей болсын. Алтынмен зерленген тонның қамқасын киесің бе, әлде дәруіштің хырқасын киесің бе, өзің біл. Бастысы: ісіңе адал бол. Басыңда тәж, қолыңда ту болса да, әр істі ықыласпен істе. Дәруіштік жол деген – осы!».
Аз сөз. Ауыр сөз. Хан үндемейді. Өйткені бұл сөздер оның іздегенін сыртта емес, өз ішінде екенін айтып тұрады. Қасиетті жол – алыста емес, тақтың өз астында жатыр екен де… Хырқа киіп, шаңды жол кешпесе де, жүректегі тазалықты сақтай алса, дәруіштен кем емессің деп отыр да…
Сейіт кешірім сұрап еліне қайтады. Биліктің қадіріне жетпегенін мойындайды. Ордасына оралып, тағына қайта отырады. Бірақ бұрынғы хан есебінде емес. Халық «Мынаны ауыстырып жіберген бе?!», деп, танымай қалады. Бұрын тақ оған ауыртпалықтай көрінетін. Енді тақ – сынақ екенін, сол сынақтан өту Жаратқанға жақындаудың өзі екенін түсінеді. Қысқасы, әділдік пен игіліктің жолын ұстанады.
Мұнда бір шындық бар. Іздеген адам жолды таппайды – жол өзі табады. Сейіт хан Қашғарға барып, ең керекті нәрсені алып қайтты. Ол не? Әрине, ол – өз орнының бағасы. Шайқының бір ауыз сөзі ханды уәзипалы ханға айналдырды емес пе? Шынайы хан – тақ үшін емес, халқы үшін отырады. Шынайы дәруіш – жолды сырттан емес, іштен іздейді.
Ойтүйер: «Тақ үстінде дәруіштік жол бола ма?», деген сұраққа Сейіт ханның ғұмырнамасы жауап береді. Оған сәйкес, тақ үстінде дәруіштік жол бола береді. Тек ниет таза болсын!
Айтқандай, бұл тағылымды хикаят бізге қалай жетті? Ұрпағы мың сан миллион болғыр, Дулат атаның даңқты перзенттерінің бірі, әйгілі баба Мырза-Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі арқылы жетті. Біз тек мұрты-басын аздап күзедік, бірақ түземедік. Қанша дегенмен ықылым замананың жәдігері ғой. Уақыт талабына келтірдік!
Мархаба!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ








