Еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін күрделі мәселелердің біріне айналды. Алғашында қайғылы оқиғалардың басты себебі ретінде ҰБТ, компьютерлік ойындар, атышулы «Көк кит» ойыны аталатын. Қазір себептерінің ауқымы кеңейген. Сарапшылардың пікірінше, себепті сырттан іздемей, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартып, тәрбиеге мұқият қараған жөн.
Қазақстан қоғамдық даму институтының зерттеулеріне сүйенсек, сауалнамаға тартылған респонденттердің 13,8%-ы туыстары немесе таныстары арасында баланың немесе жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау фактілері болғанын айтқан. Мұндай қайғылы оқиға жиі байқалған өңірлердің көш басында Алматы (25,4%), Астана (19%), Шымкент (16%), Қарағанды облысы (21,2%), Батыс Қазақстан облысы (17,2%), Атырау облысы (15,4%) тұр.
Респонденттердің пікірінше, балалар мен жасөспірімдерді суицидке итермелеуге негізінен күштік және психикалық зорлық-зомбылық (30%), ата-аналар тарапынан түсіністік пен қолдаудың болмауы (29,2%), достарының немқұрайдылығы (28,3%) себеп болып жатады екен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың төрттен бірінен астамы (27,3%) компьютер мен интернетке тәуелділікті басты мәселе ретінде атап өткен.
Осылайша, еліміз үкіметтік деңгейдегі үлкен істерді қолға ала бастады. Түрлі бағдарлама жүзеге асырылып, оқушылардың әр адымын аңдып жүретін жағдайға жеттік.
Биыл жыл басында бұрынғы вице-премьер Тамара Дүйсенова журналистер сұрағына жауап бере келе, мектептерге фин бағдарламасы енгізіліп, ол бойынша ақпан айының соңында өрескел және қайғылы жағдайдың себептері белгілі болатынын айтқан еді.
«Қорқыту, суицидке қатысты қоғамда өзекті мәселе бар. Бізде жобалық кеңсе құрылды. Төрт мемлекеттік органның төрт вице-министрі төрт топты басқарады. Біз еліміздегі 200 мектепті алдық, онда осы мәселелер өзекті болып, фин бағдарламасын енгізе бастадық. Ұлттық, халықаралық институттардың психологтері тартылды», деді Т.Дүйсенова.
Психологтер балалар суицидіне үйдегі ұрыс-керістің де себеп болып жатқанын жиі айтады. Яғни ата-ананың бір-бірімен жанжалдасуынан бөлек, олардың балаға деген қатал, қатыгез қарым-қатынасы оны өмірден қажытып, тығырыққа тірейтіні аян. Психолог Мөлдір Сабырбекова ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, бүкпесіз әңгімеге тартуы суицидтің алдын алудың алғашқы қадамы деген пікірін жеткізді.
«Оқушылар арасындағы өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін негізгі фактор – стресс. Менталитет пен тұрмыстық жағдайдың виртуалды әлеммен сәйкес келмеуі салдарынан қоғамда стреске тұрақсыздық туындап жатыр. Мәселен, қазақы ортадағы түрлі шектеу, белгілі қағидалар мен талаптарды сіңірген бала шекара аймағында тәрбиеленген адамнан күннен-күнге дамып келе жатқан әлем ақпараттарын қабылдап, еркіндікке толы шектеулерсіз өмірлік қағидаларға сәйкестенуге мәжбүр. Сонымен қатар өзі түгіл ата-анасына беймәлім болып келетін, маңызды ақпаратқа қатысты таңдау жасап, шешім шығаруы қажет. Шешім шығарайын десе, тұрмысы рұқсат етпейді. Тұрмысын түзейін десе, ақша жоқ, ақша табайын десе, жасы жетпейді. Ал есеюге уақыт керек. Сөйтіп, психикалық және физикалық тұрғыда энергия жетіспеушілігін сезінеді. Нәтижесінде, ойын айтса, ата-анасы дұрыс түсінбейді», дейді Мөлдір Өнерқызы.
Оның айтуынша, мектеп жасындағы оқушы ойын түсінікті етіп жеткізе алмайтын кезеңде болады екен. М.Сабырбекова ересектердің балаға түсіністік танытпауына қазақы ортаның да менталитеті әсер етпей қоймайтынын атап өтті.
«Көмекке қол созса, ешкім көмек бере алмайтынын сезінген бала алға жылжыса, терең жарға құлап кететіндей күйге еніп, өз-өзін түсінуден қалады. Өзін түсіне алмаған бала жүрген ортасынан қысылып, ашушаң, әлсіз, дәрменсіз бейшара күйге түседі. Сөйтіп, жалғыздықтың дәмін татып, өз-өзіне сыймайтындай күйге түседі. Түбі жоқ болып кетуді ойлап, «Мен керек емеспін, мені ешкім жақсы көрмейді, түсінбейді» деген ұғымды қалыптастырады. Осылайша, өзіне қол жұмсауға бекінеді. Міне, осыны тұжырымдасақ, өз-өзіне қол жұмсаудың негізгі шипасын «ашық әңгімелесу» деп қарастыруға болады. Қазіргі ғасырдың мәселесі – отбасында ашық әңгімелесуге уақыттың жеткіліксіздігі. Ашық әңгіме болған жағдайда ғана бала санасында туындаған ішкі менталитет пен түрлі жаңа қағидалардың сәйкессіздігі жайын талқылап, сезімдермен бөлісіп, түсінбеген сұрақтарға жауап алып, түсінбестіктерді шешуге мүмкіндік алып, стресті жіберіп, ересектердің қолдауын, жылулығын сезіне алады», деген психолог Мөлдір Сабырбекова өз-өзіне қол жұмсауды тоқтату ата-ананың ғана қолында еместігін де жеткізді.
Оның айтуынша, бала қоғаммен тығыз байланыста болғандықтан, мектеп ішіндегі мамандардың психологиялық жай-күйге қатысты қолға алған әрбір іс-шарасы құнды.
«Себебі суицидтің алғашқы белгілерін мектеп психологінің анықтау мүміндігі бар. Күйзеліс деңгейін анықтайтын диагностика жүргізу барысында нақтыланған жағдайда тренингтер, жеке кездесу жүргізу немесе арнайы мамандарға жүгіну арқылы алдын алу шараларын жүргізеді. Нәтижесінде іштей қысым тудырып жүрген мәселенің сұрағына жауап алып, өз-өзін түсінуге мүмкіндік алады», дейді психолог.
Сондай-ақ М.Сабырбекованың психолог маман ретінде ата-анаға айтар кеңесі бар.
«Баланы тәрбиелеуге күшіңіз де, ақылыңыз да, мүмкіндігіңіз де, махаббатыңыз да жеткілікті екеніне сеніміңізді нығайтыңыз. Өзіңіз қалағандай идеалыңыздағы ата-ана бола алмасаңыз да, сіз – балаңыз үшін ең керемет анасыз, қамқор әкесіз! «Сенде қайдағы мұң? Саған не жетпейді осы? Кіп-кішкентай болып алып қандай проблема сендегі? Неменеге жылайсың? Неге үнемі мыңқиып жүресің?» деген сияқты буллингке толы сұрақтар мен сынға бергісіз сөздердің орнына бір сәт балаңыздың көзқарасымен бір деңгейге түсіп көріңіз. Сынап-мінеусіз сырласа білсеңіз, жылулыққа, мейірімге, түсіністікке толы ашық әңгіме жүргізсеңіз жеткілікті. Баланың отбасында маңыздылығын алға тартып, қолдаушысы бар екенін сезінуге мүмкіндік беріп, құнды тұлға екенін айтып отыру өте маңызды. Осылайша, бағасын көтеріп, мәртебесін асырып қана қоймай, қиын сәтте қолұшын созатын жақын адамы бар екенін ұғындырып, қорқынышсыз өмір сыйлай аласыз», дейді балалар психологі.
Осы ретте елімізде отбасы, әйелдер және балалардың құқын қорғау мәселелері бойынша бірыңғай сенім телефоны іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары «111 – Amanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады.
Жасұлан БАҚЫТБЕК