Хазіреті Әлидің: «Қылыштың жарасы жазылады. Бірақ тілден келген жара жазылмайды» деген өсиет сөзі қалған. Осы тақырыпта мынадай тағылымды оқиға бар.
Бір мінезі жаман жігіт болыпты. Жақындары қанша жерден түзейін десе де, ол өзінің қыңыр мінезінен қайтпайды. Керісінше қателігін айтқан сайын ерсілене түседі. Бір күні әкесі оған шеге толы бір жәшік пен таза тақтайды беріп: «Адамдармен әр жанжалдасқан сайын тақтайға бір-бір шегеден қағып отыр», – деп табыстайды.
Көп уақыт өтпей әлгі жігіт тақтайдың бетін шегеге толтырыпты. Оны көрген әкесі: «Енді сол адамдармен жеке-жеке татулас. Әр татуласқан сайын бір шегеден суырып отыр», – дейді.
Шегенің бәрі суырылып біткенде оны сырттай бақылап жүрген әкесі баласын тақтайдың алдына ертіп әкеліп: «Балам, жарайсың, – депті. – Алайда мына тақтайға жақсылап тұрып қарашы. Шегелерді суырғанда қалып қойған орындарын, қарайған көп тесікті көріп тұрсың. Тақтай бұрынғы таза қалпында емес, көркінен айырылды. Таныс адамдарыңмен төбелескен сайын арада жаман сөздер айтылады. Әр реніш сөз көңілде мына шегенің орны тәрізді бір-бір қара дақ қалдырып отырады, сондықтан ешкімнің көңіліне кірбің ұялатпа, балам», – деп ұлына өмірлік ақыл берген екен.
Тұрар ӘБУОВ