Жуырда «Мұсылман елдері неге артта қалған?» және «Мұсылман емес елдер неге дамып кеткен?» деген екі сұраққа бұрын ешкім айтпаған жауап жазамын деп едім. Соның сәті енді түсіп отыр.
Сонымен, бірінші сұрақ: Мұсылман елдері неге артта қалған?
Жауап: Қазір исламға қатысты әңгіме қозғала қалса, «дін – қараңғылық», «ислам бізді артқа тартады», «әлемдегі мұсылман мемлекеттерінің бәрі дамымай қалған» деп шыға келетін адамдар бар. Бұл, шын мәнінде, мәселенің мәнісін білмейтін немесе өз өтірігіне өзі сеніп жүрген адамның сөзі.
Расында, «мұсылман елдерінің бәрі артта қалған» деген сөз – жалған. Интернеттегі ашық дереккөздерде соңғы жылдардағы әлем елдерінің ЖІӨ көрсеткіштері берілген мәліметтер жетерлік. Бұл тізімдерде 200-ден астам ел бар. Зер салып қарасаңыз, тізімнің соңындағы 50 елдің ішінен әрі кетсе 2-3 мұсылман елін табасыз (Жибути, Сирия, т.б.). Қалғанының бәрі – өзге дінді ұстанатындар.
Рас, көш басындағы 10 елдің ішінде мұсылман мемлекеті жоқ. Алғашқы 20 елдің арасында Түркия, Индонезия, Сауд Арабиясы бар. Ал мұсылман елдерінің көпшілігі негізінен әлемнің орта шамасында жүргенін байқауға болады. Қазақта «Жұрттың алды болма – көз тиеді, арты болма – сөз тиеді, ортасында бол» деген сөз бар емес пе?)))
Бұл жерде айтпағымыз: бұдан былай Ауғанстанды ғана мысалға келтіріп, «мұсылман елдерінің бәрі артта қалған» деген өтірікті қою керек. Жұртты да, өзімізді де алдамайық. Интернетті аша салып, нақты дерекке көз жүгіртуге шамамыз жететін шығар.
Реті келгенде айтайық, біздің еліміздің халқының саны әлем халқының шамамен 0,03 пайызын құраса, экономикамыз да әлем экономикасының 0,03 пайызын құрайды. Яғни біз ешкімнің ақысына кірмей, өзімізге сай байлықты иеленіп отырған, мал баққан, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз)). Әрине бұдан да зор табысқа жетіп жатсақ қанеки.
Екінші сұрақ: Мұсылман емес елдер неге дамып кеткен?
Жауап: Жоғарыда айтқандай, әлемдегі ең жоғары дамыған 10 экономиканың ішінде бір де мұсылман мемлекеті жоқ. Оны мойындау керек. Мысалы, алғашқы 6 елге зер салсақ, олардың түрлі дінді ұстанатынын көреміз.
1. АҚШ – халқының көбі протестанттар.
2. Қытай – халқының көбі буддистер.
3. Германия (көбі католиктер)
4. Жапония (синтоистер)
5. Үндістан (көбі индуистер)
6. Ұлыбритания (көбі англикандар).
Бұған қарап отырып, мәселеге терең мән бермейтіндер тоқыраудың себебін бірден діннен (исламнан) көре салуы мүмкін. Егер мәселе шынымен дінде десек, бұл жағынан жоғарыда аталған елдердің мұсылман өлкелерінен қандай артықшылығы бар деген сұрақ туындайды. Біз де дін ұстанамыз, олар да ұстанады ғой. Бірақ мәселенің тереңіне бойласақ, бір айырмашылығымыз бар екен: біз өз дінімізге қарсы шығып, мазақ етеміз, ал олар өз сенімдерін кір шалдырмай құрметтейді.
Мысалы, «бізге дін емес, білім-ғылым керек» деп жүргендердің көбі Жапонияны жиі ауызға алады. «Міне осындай ел болуымыз керек» дейді. Иә, расында Жапония – бізге керемет үлгі болатын ел. Бірақ қай жағынан? Жапон халқы өзінің тіліне, дініне, дәстүріне, тарихына, мәдениетіне, т.б. ұлттық-рухани құндылықтарына аса жоғары құрметпен қарауы жағынан әлемде алдына жан салмайды. Олар балаларына көзін ашқаннан өз ұлтының құндылықтарын бойына сіңіреді. Жапондардың артықшылығы да осында болса керек! Міне біз сол тұрғыдан олардан көп үлгі-өнеге ала аламыз.
Жапония экономикасы былтыр Германияны алға жіберіп, әлемде 4-ші орынға түсіп қалды. Бірақ «Мына синтоизм діні болмағанда қалып қоймас едік» деп дінін кінәлап жатқан бір де бір жапон жоқ. Өйткені олар экономиканың дамуы немесе кері кетуі дінге тікелей қатысты емес екенін жақсы біледі.
Өзінің ұлттық-рухани құндылықтарына деген осындай құрметті біз тек жапоннан емес, әлемдегі жоғары дамыған елдің бәрінен де көреміз. Кәрістер де, қытайлар да, Еуропа мен Америка да, Скандинавия елдері де – бәрі-бәрі өз тілін, дінін, дәстүрін, мәдениетін шаң жуытпай, жанынан артық көріп ұстанып отыр. Иә, олар мұсылман емес, бірақ аталған құндылықтарына аса құрметпен қараудың арқасында бірлігі мен ынтымағы берік. Өйткені тіл де, дін де, мәдениет те – ұлтты ұйыстырушы күш. Бірлігі мен ынтымағы бар ел алға дамитыны сөзсіз.
Ал әлемдегі түрлі соғыс, қақтығыс болып жатқан, сәйкесінше экономикасы артта қалған елдерге зер салсаңыз, бірі тілге, бірі дінге, бірі ұлтқа бөлініп алып, қырылысып жатқаны салдарынан бірлігінен айырылғанын көруге болады.
Бір сөзбен айтқанда, жоғарыда аталған ұлттық-рухани құндылықтарына (тіл, дін, мәдениет, салт-дәстүр, тарих, т.б.) құрметпен қарайтын мемлекеттерде бейбітшілік орнап, экономикасы мен ғылым-білімі дамитынын, ал оған құрметпен қарамайтын, өзара бөлініп алып, қырылатын елдерде бейбітшілік жоғалып, артта қалып жатқанын көру қиын емес.
Бұл сөзімізге кеңес одағының тарихынан да бір жарқын мысал бар. КСРО қай кезде дамыды? Елде шын мәнінде халықтар достығы болған кезде! Ал халықтар достығы қай уақытта болды? Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін.
Расында оған дейін орын алған түрлі қасіреттерге (аштық, репрессия, т.б.) қарамастан, адамзат тарихындағы ең қанқұйлы алапат соғыс кеңес халқын бұрын-соңды болмаған дәрежеде біріктіріп жіберген еді. Аз уақытқа болса да шын мәніндегі халықтар достығы орнады және сол кезде КСРО экономикасы қарыштап дамыды. Бұған cоғыста елдің еуропалық бөлігі түгелдей қирап қалғанына қарамастан, 20 жылдан кейін ел экономикасы АҚШ-тан кейінгі 2-орынға шыққаны жақсы дәлел.
Ал КСРО экономикасы қашан күйрей бастады? Халықтар достығы, яғни елдің бірлігі мен ынтымағы кеткенде күйреді. Оған тағы да себепкер болған нәрсе – тіл, дін, мәдениет, дәстүрге қатысты Кремльдің теріс саясаты еді. Орыс тіліне ғана үстемдік беріп, басқа халықтардың тілі мен дінін, дәстүрі мен мәдениетін тұқыртудың соңы ел ішіндегі ынтымаққа сызатын түсіріп, алауыздық орнап, ақыры алып ел құлап тынды…
БІЗДІҢ ЖАҒДАЙЫМЫЗ ҚАНДАЙ?
Құдайға шүкір, біздің елімізде дінге, тілге, ұлтқа бөлініп, қырық-пышақ болып қырылып жатқан ешкім жоқ. Ұлтаралық және дінаралық татулық тұрғысынан көпке үлгі болып келеміз. Дегенмен өзге ұлт емес, өз ішімізде (қазақта) өзіміздің ұлттық-рухани құндылықтарымызға қарсы шығып жүрген кейбір топтар бар. Мен сондай 3 топқа тоқталғым келіп отыр.
БІРІНШІ ТОП: тілімізге қарсы шыққан мәңгүрттер
Олардың белгілері: орыстілді (орысша сөйлейтіндердің бәрі жаман деп отырғаным жоқ, мәңгүрттердің бір белгісін айтып тұрмын), өзінің және ұрпағының болашағын орыс әлемімен байланыстырады, сәйкесінше балаларын орысша мектепке береді, өз ана тілін жек көреді, оны артта қалған «мамбеттердің» тілі деп санайды, т.б. Қазір елімізде мұндай адамдар қатары баршылық, өкініштісі, әлі де азаймай отыр.
ЕКІНШІ ТОП: дәстүрімізге қарсы шыққан теріс ағым өкілдері
Жас баланың ұлттық дүниетанымы қалыптаспай тұрып шетелге дін оқуына кетуі – қауіпті құбылыс. Осындай жағдай 90-жылдары көп болды. Өзінің дәстүрін, ұлттық және діни ерекшеліктерін бойына сіңірмеген жасөспірімдер шетелдің күмәнді діни оқу орындарына түсіп, кейбірі деструктивті ағымдардың тұзағына ілігіп кетті. Солар елге келген соң, қазақтың дәстүрінің бәрін «ширкке», «адасушылыққа», «харамға» шығарды. Мұндай адасқан топтың өкілдері арамызда әлі де көп. Жоғарыда бірінше топтағы ана тіліне қарсы шыққандар қандай мәңгүрт болса, мына екінші топтағы дәстүрімізге қарсылар да дәл сондай мәңгүрт!
ҮШІНШІ ТОП: дінімізге қарсы шыққан жалған ұлтшылдар. Арасында «тәңіршілдікті» бетперде қылғандар да аз емес.
Бұлар исламға қатысты нәрсенің бәрін «арабқұлдық», дін туралы сөйлегеннің бәрін «арабқұл» деп атайтын айықпас ауруға шалдыққан. Мұндай тенденцияның қалыптасуы тегіннен емес екенін де ішіміз сезеді. Шеткері тұрып алып айтысқан тараптартың арасындағы отты үрлеп, шоғын көсеп қойып отырған біреулердің бары ақиқат. Ал өз ішімізден шыққан «әсіреұлтшылдар», бәлкім ұлтсыздар солардың қолшоқпарына айналып кеткенін өздері де білмей қалған секілді.
Міне, өкінішке қарай, қазір біздің қоғамда, қазақтың өз ішінен шығып, өзінің ұлттық-рухани құндылықтарына тас атып жүрген осындай үш топ пайда болды.
Бір қызығы, олардың бәрі өзін басқалардан артықпыз деп санайды. Өзгені көзге ілгісі жоқ. Мысалы, бірінші топтағы мәңгүрттер өзін ең заманауи адамдар ретінде көреді. «Қазақтілділер ауылдан келген, заман көшінен артта қалып қойған» деп есептейді.
Ал екінші топтағы дәстүріне қарсы шыққандар өздерін «нағыз Алланың жолындағы мұсылмандар» санайды. Басқалардың бәрі – адасқан, бидғатшыл, одан қалса кәпір…
Үшінші топтағы «әсіреұлтшылдар» болса, өздерін ең «патриот» адамдар көреді. Исламға қарсы әрекеттерін ұлт үшін күрес деп санайды. Ал намаз оқитындар, дінді қорғайтындардың бәрі олар үшін арабқа сатылып кеткен құлдар…
Бұл мысалдарды келтіре отырып, біз өзіміз бен әлемдегі дамып кеткен елдердің айырмашылығын көрсеткіміз келді. Жапон да, кәріс те, қытай да, Еуропаның қай-қайсы елі де өз дініне, тіліне, дәстүріне дәл біз секілді қарсы шығып көрген емес. Ал біз «Неге Жапония сияқты дамымаймыз?» деп аламыз да, бірақ біріміз тілге, біріміз дінге, енді біріміз дәстүрімізге қарсы шығып, ел ішін ала-тайдай бүлдіріп әлекпіз. Крыловтың мысалындағы аққу, шортан һәм шаянның нағыз өзі. Бұдан кейін қайдағы даму мен өркендеу болсын?!
СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ немесе ПӘТУАСЫ:
1. Мұсылман елдерінің бәрі артта қалған деген сөз – өтірік!
2. Мұсылман емес елдердің дамып кетуінің себебі – оларда бірлік пен ынтымақ бар. Ұлттық тұтастық бар. Өйткені олар өзінің тіліне, дініне, дәстүріне, мәдениетіне, тарихына болаттай берік!
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ