Қоғамдық пікірді қалыптастыруда БАҚ шешуші рөл атқаратын қазіргідей құбылмалы заманда дін сияқты нәзік тақырыпты қамту түрлі рисктерге толы. Ал оны қозғаушы журналистердің мойынына зор жауапкершілік жүгі артылады. Олардың жұмысы жұртшылықты ақпараттандырып қана қоймай, қоғамдық ой ауаны, ұжымдық сәйкестіліктің нығаюына және діни-зайырлы дүниетанымдар арасындағы үндестікке әсер етеді.
Журналистер қауымы, әсіресе мойынына діни мәселелерді жариялау міндеті тікелей жүктелген ақпарат мамандары (газет-портал, ТВ, радио) құқықтық шекаралар, этикалық иірімдер мен мәдени ерекшеліктер тоғысатын күрделі ортада жүріп жүмыс істейді. Осы жерде аман-есен кәсіби міндеттемелерді атқаруға қажетті бірден-бір дағды – құқықтық тұрғыда өзін-өзі бақылаушылық.
Құқықтық өзін-өзі бақылау – бұл маманның өз репортаж-мақала, хабарларын құқықтық стандарттарға, соның ішінде жала жабу, жеке өмірге қол сұғылмаушылық, сөз бостандығы және жеккөрушіліктің немесе зорлық-зомбылыққа итермелеудің алдын алу мәселелеріне сәйкес келуін қамтамасыз ету. Діни тақырыптарға келетін болсақ, діни нанымдармен, тәжірибелермен және институттармен байланысты тұстардың өте шиеленген, «жіңішке жіп секілді үзілер жері көп» болуына байланысты құқықтық өзін-өзі бақылаудың маңыздылығы артады.
«Жер жүзіне қарасам, Неше түрлі халық бар, Дін, иманын санасам, Мыңнан артық анық бар. Бұл қалай деп ойласам. Мұның да бір сыры бар, Терең ойға бойласам, Дәл мынадай түрі бар: Жардың шашы сансыз көп Ол санауға келмей тұр. Анық нұры осы деп, Әркім бір тал ұстап жүр».
Ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлы |
ӘРИНЕ, ЕҢ АЛДЫМЕН, ДІНИ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ҚАМТУДАҒЫ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ РӨЛІ ТУРАЛЫ АТАП ӨТКЕН ЖӨН.
Мәлім болғандай, діни мәселелер көбінесе кейбір өткір әлеуметтік, саяси және мәдени дискурс-пікірталастармен қабаттасады. Әралуан қоғамдарда дін жеке тұлға мен мәдени мұраның негізгі бөлігі ретінде зор маңызға ие. Бұл батыс пен шығыс, солтүстік пен оңтүстік елдері, Еуропа-АҚШ, Қытай, Үндістан, түркі әлемі, араб әлемі – бір сөзбен, бәріне ортақ. Ол адамдар әлемді танып түсінетін дайын моральдық, этикалық және философиялық негіздерді қалыптастырады. Дегенмен, дін – конфессияаралық шарпысуларға, діни зорлық-зомбылыққа немесе мемлекеттік саясатты талқылауға діни құндылықтардың араласуына байланысты қақтығыстардың көзі болуға да әлеуетті. Бұл күрделілік журналистердің рөлін діни мәселелерді теңгерімді, дәл және жан-жақты ойластырылған түрде жариялауда ерекше маңызды етеді.
Бірінші кезекте журналистерге діни әртүрлілікті түсініп құрметтеуге ықпал ететін етіп жариялау миссиясы жүктелген. Өкінішке қарай көп кәсіп иесі мұның үдесінен шығып жүрген жоқ. Яғни діни тақырыптар терроризм, саяси тәртіпсіздіктер немесе адам құқықтары сияқты кеңірек қоғамдық мәселелермен салыстырылған кезде олқылықтарға жол беріледі. Төртінші билік ретінде бұқаралық ақпарат құралдары демократиялық дискурсты сақтауға жауапты, бірақ олар мұны сөз бостандығы мен діни сезімдерді қорғау арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау арқылы жасауы керек.
ЕКІНШІДЕН, ДІНИ ТАҚЫРЫПТЫ ЖАРИЯЛАУ КЕЗІНДЕГІ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ШЕКТЕУЛЕРГЕ ҚАНЫҚ БОЛУ.
Діни тақырыптар журналистер үшін құқықтық мәселелердің бірегей жиынтығы. Өйткені, БАҚ реттейтін құқықтық шеңбер әр елде өз спецификасына қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Бірақ кейбір әмбебап принциптер мұнда да қолданылады:
⒜ Жала жабу туралы заң-нормалар және сөз бостандығы.
Көптеген демократиялық қоғамдарда, айталық, Америкада журналистер АҚШ Конституциясына Бірінші түзету немесе Адам құқықтары туралы еуропалық конвенция сияқты заңдарда бекітілген сөз бостандығын қорғауды пайдаланады. Бұл құқық журналистерге діни идеяларды, тәжірибелер мен институттарды еркін зерттеуге және сынға алуға мүмкіндік береді. Алайда, сөз бостандығы абсолютті құқық емес және көбінесе жеке адамдар мен топтарды зиян келтіруден қорғауға бағытталған заңдармен шектеледі.
Журналистер дін мәселелерін жариялау кезінде кездесетін негізгі заңды мәселелердің бірі – жала жабу яки артық айтып қою қаупі. Осындай қиын бағытты қозғауға бел буған әр ақпаратшының төбесінде әрқашанда осындай алдаспан өткір қылыш төніп тұрады. Діни лидерлер, мекемелер мен қауымдастықтар кейде олардың беделіне нұқсан келтіретін жалған, абыройын түсіретін немесе зиянды мәлімдемелердің нысанасына айналуы мүмкін. Діни сенім бостандығы іргелі құқық болса, оның беделін қорғау құқығы да осындай іргелі құқық болып табылады. Жала жабу мәселесін айшықтайтын заң-нормативтер жеке адамдар мен діни қауымдастықтарды зиянды жалған ақпараттан қорғау мен сөз бостандығын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Журналистер дөрекі мәлімдемелерден аулақ болып, хат-хабарлары фактілерге негізделгеніне көз жеткізу үшін және сот ісіне әкелуі мүмкін ұшқары немесе алдын ала болжамдалған теріс тұжырымдардан тыс болу үшін міндетті түрде өзін-өзі бақылауы керек.
«Сенсацияға ұмтылу – журналистиканың ескі ауруы, бұл, әрине, ғылым туралыжазатындарға ғана қатысты емес. Саяси шолушылар онымен әлдеқайда көпауырады. Өзін қандай да бір мағынасыз бірнәрсе жариялау қаупінен арашалау үшінжурналистер, менің ойымша, екі қарапайым ережені ұстануы керек. Біріншісі – дұрыс қайнар-көздерді таңдау. Екіншісі – бір түйір болса да білімге ие болу».
Дейвид Гросс, америкалық физик
|
⒝ Зорлық-зомбылық пен жеккөрушілікті қоздыру.
Діни тақырыптарды қозғап қамтудағы тағы бір маңызды мәселе – зорлық-зомбылық пен жеккөрушілікке тыйым беру. Көптеген елдерде жеке адамдарға немесе топтарға дініне, этникалық тегіне немесе ұлтына байланысты жеккөрушілік, зорлық-зомбылық яки кемсітушілік тудыратын ақпарат құралдарындағы мәлімдемелер мазмұны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын заңдар мен баптар бар. Бұл елдердің қатарына Қазақстан да жатады. Мәселен, Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің (The International Covenant on Civil and Political Rights) 20-бабы кемсітушілік пен араздыққа немесе зорлық-зомбылыққа итермелейтін соғысты насихаттауға, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділікті насихаттауға заңмен тыйым салу міндеттемесін белгілейді.
Діни тақырыпты қамту аясында журналистер терроризм, діни экстремизм немесе діни астарлы даулы саяси қозғалыстар сияқты тұрақсыз діни тақырыптарды талқылауда ерекше сақ болу керек. Белгілі бір дінді немесе діни қауымдастықты зорлық-зомбылықпен немесе экстремизммен байланыстыратын оқиғаларды тиісті контекстсіз жариялау кемсітушілікке немесе жеккөрушілікке итермелеу ретінде түсіндірілуі мүмкін. Құқықтық өзін-өзі бақылау мұндай тақырыптарды мұқият қарастыруды қамтиды жәнеден бұл қарастыру барысында қолданылатын тұжырымдамалардың зиянды стереотиптер мен діни төзімсіздікті насихаттаудың шегінен өтпеуін қамтамасыз етеді.
⒞ Жеке өмірге қол сұғылмаушылық және діни сенімдерді құрметтеу туралы заң-нормативтер.
Журналистер үшін заң аясында өзін-өзі бақылаудың тағы бір маңызды аспектісі – жеке өмірге қол сұғылмаушылық туралы ережелерді сақтауы, әсіресе жеке тұлғалардың дербес сенімдері мен тәжірибелерін жариялау кезінде әсірелікке жол бермеуі. Себебі, дін көптеген адамның өмірінің ішкі мәселесі. Сондықтан да журналистер құпия діни ақпаратты олардың келісімінсіз ашу арқылы жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқықтарын бұзудан аулақ болу керек.
Мәселенки, дінге келгендер немесе белгілі бір діни қауымдастықтардың мүшелері туралы ақпар беру кезінде мамандар адамдардың қауіпсіздігіне, әлеуметтік жағдайына немесе психикалық ахуалына қауіп төндіретін жеке деректерді ашуда абай болу керек. Кейбір жағдайларда, мысалы, діннен шығу немесе басқа дінге жүгіну заңмен жазаланатын елдерде бұл кісі өліміне әкеліп қана қоймай, қосымша этикалық-заңдық жауапкершілік рисктерін туғызады.
ҮШІНШІДЕН, ДІНИ ОҚИҒАЛАРДЫ ЖАРИЯЛАУДАҒЫ ЭТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ТҰРҒЫЛАРДЫ ДА ЕСКЕРМЕЙ БОЛМАЙДЫ.
Құқықтық тұрғыдан өзін-өзі бақылау діни журналистиканың шешуші факторы болғанымен, оның этикалық құрауышы да зор. Этикалық журналистика тек заңды сақтауды ғана емес, сонымен қатар әділеттілік, бейтараптық пен әртүрлілікті құрметтеу сияқты принциптерді ұстануды да қамтиды. Бұл принциптер дін сияқты «сезімтал» да күрделі тақырыптарға қатысты өте маңызды. Мұнда қате түсіндіру мен біржақтылық баянның ықтималдығы жоғарылығын ескерсек, тіптен, актуальды мәселе болып қала бермек.
Мысалы, діни сәйкестілік басты рөл атқаратын Израиль-Палестина қақтығысы сияқты қақтығыстарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қарастырайық. Мұндай жағдайларда журналистер әртүрлі діни және мәдени топтардың бәсекелес әңгімелеріне мұқият назар аударуы керек. Оқиғаларды теңдестірілген қамтудың болмауы одан әрі түсініспеушілік пен жағдайдың шиеленісуіне әкелуі мүмкін. Құқықтық тұрғыда өзін-өзі бақылау этикалық адалдықпен бірге діни хабар-репортаждардың объективті болып қалуын және байқаусызда поляризацияға әкелмеуін қамтамасыз ете алады.
«Діни экстремизм мен терроризм көріністеріне байланысты оқиғаларды жариялау жөніндегі әдістемелік ұсыныстар» кітабынан, Астана, 2013 жыл.
ТӨРТІНШІДЕН, БАҚ САЛАСЫНДАҒЫ НОРМАТИВТІК АКТІЛЕР ЖӘНЕ КӘСІБИ ҰСЫНЫМДАРДЫҢ РӨЛІ.
Заңнамалық базадан басқа, көптеген елдерде журналистік тәжірибені реттейтін бұқаралық ақпарат құралдарының ережелері мен кәсіби нұсқаулықтары бар. Әсіресе діни тақырыптарды қамтыған кезде олар априори басшылыққа алынады. Бұл нұсқаулар әділеттіліктің, дәлдіктің және бейтараптылықтың маңыздылығын жиі атап көрсетеді және Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) және Кәсіби журналистер қоғамы (SPJ) сияқты көптеген кәсіби ұйымдар журналистер өз жұмыстарында басшылыққа алуы керек Этика кодекстерін әзірлеген.
Айта кетейік, Қазақстан Журналистер одағы және Бас редакторлар клубы бастамашылдығымен қабылданған Қазақстан Республикасы журналисінің этикалық кодексі де бар.
Осы кәсіби стандарттарды сақтау заңнаманың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай, жалпы журналистикаға деген сенімді нығайтады. Тиісінше, діни тақырыптарды қамтитын журналистерге өздері жазған-айтқан, баяндап, хабар жасаған қауымдастықтардың мәдени және құқықтық нюанстарын үнемі зерттеп зерделеп, әртүрлілік пен адамның қадір-қасиетін құрметтейтін тәжірибені қолдану міндеттілігі басты қағидат.
СОНЫМЕН, діни тақырыптарды қамтитын журналистің өзін-өзі бақылауы – бұл құқықтық хабардарлықты да, этикалық жауапкершілікті де қажет ететін көп қырлы процесс. Журналистер өздерінің ақпарат-репортаждарының дәлдіктің, әділеттіліктің және мәдени ерекшеліктерді есепке алудың ең жоғары этикалық стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, жала жабуды, жеккөрушілікті, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және зорлық-зомбылықты реттейтін күрделі заңнаманы басшылыққа алуы керек. Дін жеке өмірде де, ұжымдық өмірде де орталық рөл атқара беретін жаһанданған әлемде ақпаратшы мамандардың діни мәселелерді жауапкершілікпен жариялаудағы рөлі бұрынғыдан да маңызды. Заңдық жағынан өзін-өзі бақылау мен этикалық журналистиканы ұстану арқылы олар үйлесімді де инклюзивті қоғам құруға ықпал ете отырып, діни мәселелерді неғұрлым ақпараттандырылған, құрметті және сындарлы қоғамдық талқылауға ықпал ете алады.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,
Мәдениеттанушы, саяси ағартушы технолог