Донор болуға дініміз не дейді?

    725

     

    Елімізде жыл сайын 50 адам донорлық ағзаға қолы жетпегендіктен көз жұмады екен. Қазірдің өзінде 4 мыңнан астам  жан донор ағзасына зәру. Оның 3 мыңы бүйрек, 1100-дейі жүрек, мыңнан астамы бауыр, ал өзгесі өт, өкпесін ауыстыруға мұқтаж.

    Десек те, отандық  трансплантология саласында жеткен жетістік аз емес. Бәрімізге белгілі,  2012 жылдың күзінде еліміздің дәрігерлері медицинаның биік белесін бағындырды. Қазақстанда тұңғыш рет адам жүрегі трансплантацияланды. Қостанайлық Жәнібек Оспановқа инсульттен көз жұмған 46 жасар донор Галина Воротникова есімді әйелдің жүрегі салынды. Жәнібектің диагнозы медицина тілінде «Терминалдық сатыдағы созылмалы жүрек жетіспеушілігі» деп аталады. Мұндай науқасқа шалдыққан жандардың 80-90 пайызы жылға жетпей көз жұмады екен. Аурудан айығудың бір ғана жолы бар. Дімкәс жүректі алып тастап, орнына о дүниелік болған өзге адамның сау жүрегін салу. Өлім мен өмір арпалысқа түскен дәл осы шақта Игорь Воротников есімді 21 жасар ақмолалық жігіт «ми өліміне» шалдыққан анасының жүрегін өз еркімен Жәнібекке беруге келіседі.
    Медицинадағы бұл қадам Мемлекет басшысын да бей-жай қалдырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Орыстың баласы анасының жүрегін қазаққа берді, бүйрегін неміске тапсырды. Операцияны ұлты кәріс азамат жасады. Бұл Қазақстан халқының бірлігін көрсететін оқиға болды», — деп бағалады.
    Жалпы, «Трансплантация» дегеніміз – бір адамның ағзасын, нақтырақ айтқанда, бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек,сүйек майын немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін келесі бір адамға салу. Медицинада мүшесін берген адамды донор дейді де, алушыны, яғни науқасты, реципиент деп атайды. Жалпы, Қазақстанда ағза ауыстыру оталары 30 жылдан астам мерзім бойы жасалып жатқанын айтуымыз керек. Оның ішінде бір бүйрегін, бауырының шамалы бір бөлігін беріп, өзгеге ғұмыр сыйлаған жандар арамызда жүр. Сол сияқты, сырқаттарға аса қажет органдарды қайтыс болған адамдардан да алуға болады. Алайда, осы донор жетіспеушілігі отандық трансплантология саласын өрге бастырмай отыр.
    Мамандар бір «донор» кем дегенде төрт адамның өмірін ұзартуға көмектесетінін айтады. Алайда кез келген жанның донор бола алмайтынын да ескерген жөн. Мәселен, 60 жастан асқан кісілер донор бола алмайды. Өйткені, олардың ағзалары қартаяды. Тіпті, 40-тан асар-аспас жасында ішкі органдары жарамсыз болып қалатын адамдар болады екен. Яғни, донор болатын жанның салмағы, қан тобы, өзге де медициналық көрсеткіштері реципиентке сәйкес келуі тиіс. Қазіргі кезеңде Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта тез арада жүрек трансплантациясын қажет ететін бірнеше науқас, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының диализ бөлімшесінде бүйрек трансплантациясын қажет ететін балалар тіркеуде тұр. Олардың барлығы ауруханада айлар, жылдар бойы жасанды бүйрек аппараттарына байланып өмір сүруге мәжбүр. Өкпе, ұйқы безі, ішек, жілік майы, көздің қасаң қабықшасы, бұлшық ет трансплантациясына тағдыры байланғандардың қатары да аз емес. Бәріне, донор тапшылығы қолбайлау болып отыр.
    Айта кетейік, Ислам діні емдеу жолдарын іздеуді қолдайды әрі әрбір дерттің өз шипасы бар.  Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) адамдардың іс-әрекеттері олардың ниеттеріне қарай бағаланады деген. Әрине, адам ағзалары тауар емес. Сондықтан, оларды донорлау ақысыз, қайтарымсыз негізде жақындарына деген махаббат пен бауырмашылық сезімінің көрінісі ретінде болуы керек. Осы ретте  теология ғылымдарының докторы, доцент Мұхитдин Исаұлының пікірінше  Құранда Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқанын айтады.

    Тіпті, сондай-ақ бір адамды тірілту жер бетіндегі барлық адамзатты тірілтумен бірдей екенін де айтады. Ендеше Ислам дінінде адамды құтқару мейлі оның жанын болсын мейлі тәнін болсын ең басты мәселе. Сол себепті донор мәселесі адам өмірін сақтауға мүмкіндік туғызуға арқау болатын болса ондай жағдайда Ислам діні рұқсат етеді. Соңғы ғасырлардағы көптеген Ислам ғалымдары рұқсат-фәтуа берген. Бірақ Ислам ғұламалары бұл жайында фәтуа бергенде әрине зәрулік жағдайды назарға ала отырып бергенмен ешбірі шариғат шеңберінен аттамаған. Ең басты мәселе адам өмірінің маңыздылығына қараса екінші мәселе сол донорлық ағзалардың қасиеттілігіне назар аударған. Сол себепті де көптеген шарттар қойған.

    Мысалы әуелі трансплантацияланудан мақсат нәтиеже шығатыны басым болуы қажет. Ықтималдық теориясына қарай қарекет етуге болмайды. Сондай-ақ бұл жерде адам өмірі үшін емес жай ғана жасару мақсатымен ауыстыруға рұқсат етілмейді.

    Екінші бір мәселе бір науқастың алынып тасталған мүшесін трансплантациялауға болады. Үшінші мәселе мүшесін берген адамға сол кезде немесе болашақта өзінің өміріне қауіп төндірмеуі керек. Сол себепті де жүрек тәрізді мүшелерді беріп өз өмірін қиюға болмайды.  Әрі алынған мүшесіне байланысты басқа мүшелеріне зиян бермеуі тиіс. Әрі донордың ақыл есі сау жиырма бір жаста болуы тиіс. Ата-ана араласуға болмайды. Күштеуге, көндіруге, ақша тәрізді нәрселер болмайды. Әрі ең бастысы сатылмайды. Ақысыз берілуі тиіс.

    Әрі донор берген адам артынан өзі сол мүшеге мұқтаж болып қалмауы тиіс.

    Ал өзі өмірден өтетіндігі анық айқындалған донор өз қолымен қолхат беріп келісімшарт жасалуы тиіс. Ал өлген адам болса онда оның мұрагерлері ол болмаса рұқсатты мұсылмандардың өкілетті басшылары беруіне болады.

     Міне, осы тәріздес басқа да көптеген шарттар бар. Осы шарттар орындалып ең бастысы донордың өзіне қауіп төндірмей екіншіден сатылмаған жағдайда шариғат шеңберінен шықпай жасауға болатынын көптеген ғалымдар фәтуа берген. Әйтсе де жоғарыда айтылған шарттарға келіспеген «мүлде болмайды» деген ғалымдар да жоқ емес. Бұл туралы ғалымдар арасында әр түрлі көзқарастар бар. Нақтыланбаған тұстары да жетерлік. Ең дұрысын бір Алла біледі» дейді ғалым.

    Демек, бізге әлі де түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Әйтпесе, қазір Қазақстанда донорлықты дамыту үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Медицина мамандарын шетелде оқыту, әлем дәрігерлерімен тәжірибе бөлісу жолға қойылған. Трансплантация бойынша қажетті нормативтік құқықтық база дайындалған. Клиникалық орталықтар қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бірақ, біздің қоғамның бұл мәселеге әлі дайын еместігі қынжылтады.

    Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ 

     

    Пікір жазу