Еліміз егемендігін алып, етек-жеңімізді жинағалы бері қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін, қоғамдық қатынастың құқықтық заңдарын іздестіру, жинау, жүйелеу және зерттеу ісіне көп көңіл бөлінуде. Қазіргі атақты ғалым-заңгерлеріміз С.З.Зиманов,Ғ.С.Сапарғалиев, Н.Өсерұлы, М.С. Нәрікбаев, З.Ж.Кенжалиев т.б. көптегенғалымдар қазақтың ата заңының бастаулары мен қайнар көздерін тереңінен зерттеумен айналысты.

Қазақ дәстүрлерін ретсіз, жүйесіз, бейберекет әрекеттердің жиынтығы деп емес, адам өмірінің барлық саласын түгел қамтитын ғұмырлық өлшемдер деп бағалаған жөн. Бұл дәстүрлерде қоғамның үйлесімді дамуына үлкен үлес қоса алатын өркениет негіздері жатыр.

Қазақта  үлкендерден бата сұрау – ежелгі салт. Бұның бір жағында үлкенді сыйлау жатса, екінші жағында «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деген қазақ халқының батаның киелігіне деген сенімі жатыр. Батаны көбінесе аузы дуалы кісілерден, жақсылардан, көп жасаған қариядан, атақты батырдан, шашасына шаң жұқпайтын шешеннен,  арқалы ақындардан, ойшыл кемеңгерлерден сұрайтын болған. Бата алуды жақсылыққа ырымдайтын халқымыз тіпті кейде балаларын алыста болса да сондай адамдарға арнайы жіберетін. Этнограф А.В. Васильев өзінің 1905 жылы Орынборда шығарған «Образцы киргизской народной словестности, молитвенных благожеланий – бата сөз» деген мақаласында: «Кімде-кім қазақ даласында болса ол батаның халықтың қандай ерекше назарында болатынын жақсы біледі» деген.

Жалпы бата – иісі момын халқымыздың бір-біріне жақсы ниет пен ізгі тілекте болуы арқылы қалыптасқан ұлттық дәстүрі. «Бата» сөзінің түп-төркіні Құранның бірінші сүресі «Фатиханың» атауынан туындаған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде ең күшті дұға «Фатиха» сүресі екенін айтқан.[2] Себебі, Құранның барлық мазмұнын бойына жинақтап, Құранда бірінші сүре болып оның төрінен орын алған «Фатиханың» өте көп қасиеттері бар. Пайғамбарымыздың «Фатиха» сүресі жайлы айтқан хадисіне сүйеніп, халқымыз дұға жасағанда «Фатиха» сүресін оқуды әдетке айналдырған. Бертін келе, тіпті, халқымыздың санасында «Фатиха» десе дұға, дұға десе «Фатиха» сүресі еске түсіп, осыдан келіп «бата» сөзі сөздік қорымызға енген. Яғни, «бата» сөзінің дұға ретінде қолданылуына қарап отырсақ, халқымыздың Пайғамбар сүннетін ұстану ниетінен туындағанын байқаймыз. Алла Елшісі (с.а.с.) «Фатиха» сүресін «Уммул-Китаб», «Уммул-Қуран», яғни «Құранның анасы» деп атаған. Халқымыз осы хадисті мақалға айналдырып: «Бата – Құранның анасы, ердің данасы» деп ойын түйген. Демек бата дегеніміз – ислам дініндегі дұға. Себебі халқымыз да бата жасағанда міндетті түрде екі қолын жайып, аяқтағанда «әумин» деп бет сипайды. Ал бұл – Пайғамбар сүннеті арқылы келген дәстүр. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.с.) дұға жасау дәстүрін қасындағы сахабаларына:«Аллаға дұға еткенде алақаныңды ашып дұға ет, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа»,[3]− деп үйреткен болатын. Келесі бір хадисінде дұға жасап болған соң «амин» деу керектігін айтып: «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «амин» десе, Алла оларға міндетті түрде жауап береді (дұғаларын қабыл етеді)» [4] деген.

Құран Кәрімде дұға жайлы  :

«Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін»,[5] − делінген. Алла Елшісі (с.а.с.) де көптеген хадистерінде дұғаның мәні мен маңызын баяндап, оны насихаттаған. Сондай хадистердің бірнешеуі төмендегідей:

«Дұға – рақымдылықтың кілті».[6]

«Дұға –  ғибадаттың негізі».[7]

«Дұға – мұсылманның қаруы, діннің тірегі, жер мен көктің нұры».[8]

«Дұға басқа келген, әлі келмеген бүкіл қиыншылықтарда пайдалы. Басқа келейін деп тұрған нәрселерді де тек дұға кері қайтара алады».[9]

Дұға – Алла тағала мен құл арасындағы қуатты байланыс күші. Ол – құлдың Аллаға ішкі ой-сырын шертуі. Алдынан шыққан қиыншылықтарда дұғаны қару етіп алған халқымыз оны аузынан тастамай, өмірлік жолдас еткен. Тіпті, әрбір сәтті пайдаланып дұға жасап отырған. Дұға жайлы Айқын ақын:

Әуелі сиынамыз құдіретке,

Сиынсақ медет берер қатты дертке,[10] – десе, Шал ақын:

Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың,

Хақ деген пендең болса тастамайсың,

Су құйса төгілмейтін боз жорғаның

Аяғын аңдаусызда қақпағайсың.

Құдая, жаманыңмен теңді қылма,

Құрбымнан өзім теңді кемді қылма.

Жаратқан барша жанды пәруардігер,

Өзімдей пенделерге пенде қылма,[11] − деп дұға жасайды. Халқымыздың дұғаларды күйкі тірліктің көлеңкесінде қалдырмай, өмірінің ажырамас серігі етіп алғаны соншалық, ол халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретінде қалыптасқан. Осы бай мұралар ел аузында жүрген баталарды жинақтаған кітаптар арқылы бізге дейін келіп жеткен.

Қазақ халқында батаның көптеген түрлері  бар: ақ бата, серттесу батасы, жол батасы, көші-қон батасы, жаңа ай батасы, соғым батасы, наурыз батасы, жарапазан батасы, жас отау иелеріне арналған бата, өлім шыққан үйге айтылатын бата т.б.

Мысалы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жаңа туылған айды көрген кезде: «Уа, Алла тағалам, оны бізге сенім мен иман, тыныштық пен исламның айы ет! Менің раббым да, сенің раббың да Алла. Қайырлы, құтты бол!»[12] − деп дұға еткен. Осы дұғаның мағынасына сәйкес халқымыздың  жаңа ай батасы қалыптасып, ай туған кезде:«Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп тілейтін болған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Алладан жарылқау тілеудің арнайы дұғасы бар ма?

Сондай-ақ. хижраның алтыншы жылында Мәдина қаласында жаңбыр жаумай, халық құрғақшылық зардабын шеге бастайды. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.) халықты қала сыртына бір жерге жинап, көпшіліктің алдында Алла тағаладан жаңбыр сұрап дұға  жасайды. Жиналған жұртшылық та оның дұғасына қосылады. Сол сәтте аспан күркіреп, бірден жаңбыр жауа бастайды.[13]  Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жақсы ниеттен туындаған осы іс-әрекеті кейінгі үмбетіне де үлгі болып, жаңбыр жаумай, құрғақшылық бас көтере бастағанда мұсылмандар топтасып, ауыл сыртына шығып, Пайғамбарымыздың дұғаларын қайталап, Алладан жаңбыр тілеген. Халқымыз да сол сүннетті басшылыққа алып, тасаттық беріп, мейірі мол Алла тағаладан шапағат тілеген.   Ауыл ақсақалдары:

О, Тәңірім, талқыға салма,

Сая бол өзің талыққан жанға!

Көгіңнен тамдыр тамшыңды,

Үмітті үзбей, арасын жалға!

Жерге қаулап шөп өнсін,

Егін солмай, көп өнсін!

Бере гөр, Тәңір, тілеуді,

Мейіріңді төгерсің!

Тілеуді қабыл ете гөр,

Күнәлі болсақ, кеше гөр!.. – деп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дұғасына сәйкестендіріп, бата қайырған. Яғни көріп отырғанымыздай, жаңбыр тілеу батасы да осылай қалыптасқан.

Халқымыздың біреудің жаңа киім кигенін көргенде «үстіңде тозсын», «тозып қалсын», «киімің тозсын, өмірің озсын» деуінің өзі сүннеттен бастау алған. Пайғамбарымыз (с.а.с.) үмбетіне жаңа киім кигендерге осылай дұға етуді үйреткен.[14]

Ата-бабаларымыздың ұстана келген осындай жақсы әдеттерінің бірі – қолға су құю. Бұл бір жағынан тазалыққа қатысты болса, екінші қыры осы бата алу түсінігінен туындаған керемет дәстүрлеміміздің бірі. Қазақ даласында қол жуу – бір адамның жеке гигиенасы ғана емес, көпшілік орындарда дәстүрлі түрде іске асатын іргелі ғұрып.

Қолға су құюдың ең бірінші қыры тазалықпен байланысты екені түсінікті. Қолға құман ұстап, сыртқа шығу қазақ халқының өмірінде тазалыққа қаншалықты мән беретінін көрсетеді. Бұл дәстүрдің мұсылман дініне қатысты мәні осы тұстан шығады.  Өйткені Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.с.) өзі тазалыққа ерекше мән бергені хадис кітаптарында кеңінен айтылған. Мысалы, Алланың Елшісі (с.а.с.) ұйқыға жатарда қасына құман мен тіс тазалағышты дайындап қоятыны туралы деректер бар. Бір хадисте былай делінеді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) төсегінің басында дәрет алуға арналған құман мен тіс тазалағыш тұратыны риуаят етіледі. Ол ұйқыдан тұрған кезде  әжетін өтеп, сосын (қолы мен) тісін тазалайтын»[15].

Ислам дініндегі шариғат заңдарын түсіндіретін кітаптардың көпшілігі ең әуелі «Тазалық» деген баптан басталатыны да біраз жәйттен хабар береді. Сондай-ақ тамақ ішерден бұрын және тамақтанып болған соң қол жуу ислам дініндегі әдеп кодексінің басты ережелері қатарына жатады. Міне, осы тұста қазақ халқының қолға су құю дәстүрінің мұсылманшылықпен қаншалықты терең ұштасып жатқандығы көрінеді.

Бүгінге дейін ас берілетін, жиын өтетін үйлерде ең алдымен қолға су құятын жағдай жасалады. Жас балалардың қолына жылы су құйылған құман беріледі. Қолға су құю функциясының жас балаларға жүктелуі де тегін емес. Өйткені үлкен өмірге бет алған жас баланың үлкеннің батасын алуы өте маңызды. «Батаменен ер көгереді» деген қағида да осы жерде көрініс табады. Қолын жуған кісілер «Өркенің өссін!», «Көп жаса!», «Бақытты бол!» деген дұға-тілектерін жаудырады. Көпшіліктің дұғасы қабыл деген сөз де ислам дінінің заңдылықтарында айтылған. Олай болса, қолға су құюдың маңызы жеке гигиенадан әлдеқайда биіктеп кетеді. Бұл дәстүрдің мазмұнында кісі сыйлау, қонақ қадірлеу, үлкенге ізет көрсету сияқты көптеген мәні терең мінездер жатыр. Демек, бұл жоралғының жастарды тәрбиелеудегі рөлі де ерекше.

Қолға су құю процесі кейде үйдің ішінде жүзеге асады. «Бата – бастан, су – аяқтан» деген сөз осыған нұсқайды. Қонақтар тегіс отырып болған соң, ас пісіп, табақ тартыларда жауапты бір немесе екі жігіт жылдамдатып қолға су құйып шығады. Бұл да «Тамақтанар алдында қолдарыңды жуыңдар» деген пайғамбар сүннетіне сай әрекет етуден туған ақ ниет болса керек.

Жинақтай келгенде, қазақ халқының қай дәстүрін алсақ та, астарында терең тәрбиелік мән жатады. Сол секілді қолға су құюдың да мұсылман дініндегі және қазақ жұртының әлеуметтік өміріндегі маңызы үлкен.

 

Алау Әділбаев

 

[2] Айдүз Д., Кыса сүрелерин тефсири.–Стамбул, 2004.–25-б,

[3] Хадис ансиклопедиси,дай: И. Жанан.– Стамбул, 1993. 17- т.– 443-б.

[4]    Хадис ансиклопедиси, 7 т.– 544-б.

[5]    «Ғафир» сүресі, 60-аят

[6]    Хадис ансиклопедиси, 5-т. – 484-б.

[7]    Тирмизи, Дуа, 1.

[8]    Хадис ансиклопедиси, 5-т. – 484-б.

[9]    Тирмизи, Дағауат, 112.

[10]  Айтыс.– Алматы, 1988. – 187-б.

[11]  Ай, заман-ай, заман-ай, 1-т. – 116-б.

[12]  Тирмизи, Дағауат, 52.

[13]  ӘбуДәуд, Салат, 260.

[14]  Хадис ансиклопедиси, 17-т. –  62-65-б.

[15] Сунан Әби Дауд

Пікір жазу