Сұрақ: Баланы имандылыққа баулу ата-ананың міндеті ме?
Жауап: Баланы имандылыққа баулу – ата-ананың міндеттерінің бірі. Иманды ұрпақ елдің тірегі болатынын ұмытпағанымыз дұрыс. Ислам ата-ананы баласына имандылыққа, отансүйгішдікке, адамгершілікке және дұрыс тәрбие беруге міндеттейді.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде, ата-аналар өз балаларын тәрбиелеуге, олардың денсаулығына және жан-жақты дамуына қамқорлық жасауға заңды түрде міндетті екені айтылған. Мектеп – білім беретін орын. Тәрбие беру мұғалімнің міндеті деу дұрыс пайым емес. Бала рухани қажеттілігін ата-анасы немесе жақын туыс адамдарынан алса қателікке бой алдырмайды.
Ал, әлеуметтік желілер мен пейлі бұзық азаматтарға еліктеп, тәуелді болса, баланың тәрбиесіне кері әсер етеді. Сондықтан алда келеңсіз жағдайларға кезікпес үшін, ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруі қажет.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде: «Әке баласына жақсы тәрбие беруден артық мұра қалдырмайды», «Бір адамның қайыр жолында жұмсаған ақшасының ең жақсысы – жанұясына жұмсаған ақшасы», деген.
Демек, баланы Алланың берген аманаты деп, аманатқа қиянат жасамай, дұрыс тәлім-тәрбие беруі ата-ананың міндетінен түспейді екен.
Икрам АЙТАЕВ










