Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығында екі елдің архив ісіндегі ынтымақтастығын дамытуға бағытталған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қытайдың Мемлекеттік архив басқармасының, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің және Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығының өкілдері қатысты.
Кездесу архив ісіндегі ынтымақтастықты кеңейту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған нақты іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында өтті.
Қатысушылар Қытай архивтерінен Қазақстан мен екі елдің қарым-қатынасына қатысты тарихи құжаттарды іздестіру және зерттеу мүмкіндіктерін талқылады. Құжаттарды цифрландыру, қалпына келтіру және сақтау жайы да сөз болды.
Архив ісін цифрландыру бойынша тәжірибе алмасуға, жасанды интеллект технологияларын қолдануға және мамандардың білігін арттыруға айрықша мән берілді.
Тараптар қазақ-қытай ынтымақтастығына қатысты архив құжаттарының жинағын әзірлеу мәселесін де талқылады. Жинақты 2027 жылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толуына орай басып шығару жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысында алдағы жұмыстың бағыттары айқындалды. Тараптар ортақ жобаларды іске асыруға, кәсіби тәжірибе алмасуға және екі елдің тарихи-мәдени мұрасын бірлесіп зерттеуге басымдық береді.









