Сұрақ: Намаз уақыттарын білу үшін қандай кесте дұрыс?
Жауап: Исламда құлшылық амалдары өз уақытында орындалуы қажет. Уақытына мән бермей еске түскенде намаз оқу дұрыс емес. Мұсылман адам бес уақыт, жұма, айт намаздарын орындайды. Аталған намаздар өз уақыттарында өтелуге тиіс.
Таң (бамдат) намазы көкжиек ағара бастаған уақыттан, күн шыққанға дейінгі уақытта, бесін күн тас төбеден ауған кезден бастап, екінті намазының уақытына дейiн, екінті (асыр) намазы бесін намазының уақыты біткеннен күн батқанға дейін, ақшам (шам) намазы күн батқан кезден басталып, көкжиектің қарайғаны, яғни қараңғы батқанға дейінг, құптан намазы ақшам намазы уақытының шығуынан басталып, көкжиектің ағаруына дейін оқылады.
Үтір уәжіп намазын құптан намазынан кейін басталып, екінші таңның атуына аз уақыт қалғанға дейін оқиды.
Ел мұсылмандары үшін ҚМДБ-ның ресми сайты muftyat.kz/kk/namaz_times/ бөлімінде еліміздің кез келген елді мекенін таңдап, күнделікті, бір айлық немесе бір жылдық намаз кестесін жүктеп алу ұсынылады. Сондай-ақ еліміздегі түрлі өңірлерде орналасқан үш мыңға жуық мешіт өз уақытында азан айтып құлшылық амалдарын орындайды. Елді мекен немесе қаладағы мешітте айтылған азанға қарап намаз оқуға болады. Ал, көрші елдердегі кестеге жүгіну дұрыс амал емес.
Икрам АЙТАЕВ










