Қазіргі ақпарат кеңістігінде діни мазмұндағы түрлі уағыздар мен пікірлер әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарайды. Олардың арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған пайдалы контентпен қатар, қоғамдағы алауыздықты қоздыратын, заң талаптарын жоққа шығаратын, жастарды радикалды көзқарастарға жетелейтін материалдар да аз емес. Мұндай идеологияның негізгі белгілері қандай? Оны насихаттайтын тұлғалардың сөзін қалай саралаған жөн? Осы және өзге де сұрақтарға Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»директорының орынбасары Жеңісбек Дәрібаев жауап береді.
– Деструктивті діни идеология дегенді қалай түсіндіруге болады? Оның негізгі ерекшелігі неде?
– Деструктивті діни идеологияны діни құндылықтардың өзімен теңестіруге болмайды. Оның ерекшелігі – дінді адамның дүниетанымын қалыптастыратын рухани құндылық ретінде емес, белгілі бір мақсатқа жетудің құралы ретінде пайдалануында.
Мұндай идеологияда көбіне «біз» және «олар» деген қарама-қайшылық қалыптастырылады. Яғни өз көзқарасын қабылдамаған адамдарды жат санау, қоғамның белгілі бір топтарына өшпенділікпен қарау, мемлекеттің заңдарын мойындамау, зайырлы қоғам қағидаттарын жоққа шығару сияқты ұстанымдар алға шығуы мүмкін.
Ең қауіпті тұсы – адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, оған дайын жауап ұсыну. «Тек біз ғана ақиқат жолындамыз», «басқалардың бәрі адасқан» деген сияқты абсолютті пайымдар адамның ақпаратты жан-жақты саралауына кедергі келтіреді.
– Деструктивті діни бағыттағы адамдардың мінез-құлқынан қандай белгілерді байқауға болады?
– Бір ғана белгіге қарап адамның радикалды немесе деструктивті идеологияны ұстанатынын анықтау қате. Сондықтан сыртқы келбетіне, киіміне, діни рәсімдерді орындауына қарап қана біржақты баға беру дұрыс емес.
Назар аударатын нәрсе – адамның идеологиялық ұстанымы мен мінез-құлқындағы өзгерістер. Мысалы, жақын адамдарынан оқшаулану, өз пікірін ғана абсолютті ақиқат деп қабылдау, басқа көзқарастағы адамдарды жаппай айыптау, зорлық-зомбылықты ақтауға бейім болу, заң талаптарын діни себеппен қабылдамау, қоғамдағы өзге топтарға өшпенділік таныту сияқты белгілерге алдымен мән берілуі керек.
Әсіресе адам белгілі бір діни идеяның ықпалымен отбасы мүшелерімен, достарымен немесе қоғаммен байланысын үзсе, ақпаратты тек бір ғана дереккөзден қабылдай бастаса, бұл дабыл қағатын жағдайдың бастамасы болуы мүмкін.
– Ал әлеуметтік желідегі деструктивті діни контенттің қандай ерекшеліктері бар?
– Мұндай контент көбіне эмоцияға әсер етуге бағытталады. Ұзақ ғылыми түсіндіруден гөрі қысқа, кесімді және әсерлі сөздер пайдаланылады. Қорқыныш, ашу, өкініш, кінә сезімі немесе әділетсіздікке деген наразылық әдейі күшейтілуі мүмкін.
Мысалы, күрделі діни мәселені бір ғана сөйлеммен түсіндіріп, «осыдан басқа пікірдің бәрі қате» деген қорытынды жасау көп кездеседі. Кей жағдайда тарихи немесе діни мәтіндердің үзінділері контекстен ажыратылып беріледі.
Сондықтан әлеуметтік желідегі діни ақпаратты қабылдағанда оның авторына ғана емес, айтылған пікірдің дереккөзінe, контекстіне және ғылыми негізіне назар аудару қажет.
– Деструктивті идеология өкілдерінің мәлімдемелерін қалай жоққа шығарған тиімді?
– Ең алдымен эмоцияға эмоциямен жауап бермеу керек. Қарсы насихаттың мақсаты – белгілі бір адамды балағаттау емес, оның таратқан идеясының негізсіз немесе қауіпті екенін көрсету әрі ескерту.
Мысалы, «ол – жаман адам» деп айту аудиторияны сендіре бермейді. Оның орнына «мына мәлімдемеде діни мәтіннің мазмұны бұрмаланған», «бұл пікір исламның белгілі бір тарихи мектебінің ұстанымына сәйкес келмейді», «бұл тұжырым Қазақстан Республикасының заңнамасындағы мына қағидаттарға қайшы» деген сияқты нақты дәлелдер келтірген әлдеқайда тиімді. Яғни тұлғаны емес, тезисті талдау қажет.
– Бірақ қарсы насихатта деструктивті идеологияны тарататын адамның беделін төмендету тәсілі де қолданылады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Мұнда өте нәзік шекара бар. Қоғамға қауіпті идея тарататын тұлғаның беделін сынау мен оны жеке басын қорлайтындай етіп қаралаудың ара-жігін ажырату керек.
Егер ол адам өзін діни сарапшы, ғалым немесе дін маманы ретінде таныстырса, оның білімі, діни дайындығы, ғылыми еңбектері, айтқан пікірлерінің дәйектілігі тексерілуі мүмкін. Бұл – адамның жеке басын кемсіту емес, оның жария мәлімдемелерінің қаншалықты негізді екенін анықтау.
Мәселен, өзін «ғалыммын» деп таныстырған адамның ғылыми білімі туралы дерек жоқ болса, осыны факт ретінде көрсетуге болады. Бірақ дәлелсіз түрде оның ар-намысына тиетін сипаттама беру қарсы насихаттың сапасын төмендетеді.
– Яғни деструктивті тұлғаны емес, оның идеологиясын әшкерелеу керек дейсіз ғой?
– Дәл солай. Қарсы насихаттың негізгі қағидасы – «тұлғаға шабуыл емес, идеяға талдау».Мысалы, радикалды идеологтың «қоғамның бәрі адасқан» деген сөзін алайық. Оған «сен өзің кімсің?» деп жауап беру мәселені шешпейді. Керісінше, «қоғам адасты деген тұжырым қандай дерекке негізделген?», «бұл пікірдің діни негізі бар ма?», «оның салдары қандай болуы мүмкін?» деген сұрақтар қойылуы керек. Осы тәсіл аудиторияны дайын пікірді қабылдауға емес, өздігінен ойлануға үйретеді.
– Жастардың мұндай контентке қызығушылығын қалай азайтуға болады?
– Бұл мәселеде тек тыйым салу жеткіліксіз. Жастарға балама сапалы контент ұсыну қажет.Қазір әлеуметтік желіде ақпаратты бірнеше секунд ішінде қабылдайтын аудитория қалыптасты. Сондықтан діни сауатты мамандардың да қысқа бейнероликтер, подкасттар, инфографика, сұрақ-жауап форматтары арқылы түсінікті контент жасауы маңызды.
Сонымен қатар жастарға ақпаратты тексерудің қарапайым алгоритмін үйрету керек: автор кім, оның діни білімі қандай, ақпарат қай дереккөзге сүйенеді, басқа мамандар бұл пікірді қолдай ма, айтылған сөз қоғамдағы өшпенділік пен зорлықты ақтауға бағытталған жоқ па? Осының бәрін саралай алатын адам адасушылықтарға жол бермейді деп ойлаймыз.
– Қарсы насихат кезінде қандай қателіктерден сақтану керек?
– Біріншіден, діндар адамдардың барлығын радикал ретінде көрсетуге болмайды. Бұл қоғамдағы діни сауатты азаматтарды да теріс реакцияға итермелеуі мүмкін.
Екіншіден, белгілі бір діни киімді, сақалды немесе діни рәсімді деструктивтілікпен байланыстыру дұрыс емес. Негізгі өлшем – адамның көзқарасы, сөзі және нақты әрекеті.
Үшіншіден, жалған ақпаратпен күресеміз деп өзіміз де тексерілмеген мәлімет таратып алмауымыз керек.
Төртіншіден, радикалды идеологтардың материалдарын шамадан тыс және контекстсіз көрсету де кері әсер етуі ықтимал. Кейде олардың сөздерін қайта-қайта тарату арқылы байқамай сол контенттің аудиториясын көбейтіп жіберуіміз мүмкін.
– Деструктивті идеологияның алдын алуда дінтанушылар мен журналистердің рөлі қандай?
– Бұл жерде екі саланың да жауапкершілігі жоғары. Дінтанушы күрделі діни мәселелерді ғылыми тұрғыдан түсіндіреді. Ал журналист сол ақпаратты көпшілікке түсінікті тілмен жеткізеді.Журналистің міндеті – белгілі бір адамның айтқанын жай ғана қайталау емес, оның мәлімдемесін тексеру, контекст беру, басқа мамандардың пікірін алу және оқырманға мәселенің мәнін түсіндіру.
Ал дінтанушы қоғамға «мына адамға сенбеңіз» деп қана айтуымен шектелмеуі керек. Ол неге сенбеу керегін, қандай діни немесе ғылыми аргументті қате екенін түсіндіруі қажет.
– Соңғы сұрақ: оқырман әлеуметтік желіден күмәнді діни контент кездестірсе, ең алдымен не істеуі керек?
– Біріншіден, эмоцияға беріліп, оны бірден бөліспеген жөн. Екіншіден, ақпараттың дереккөзін тексеру керек. Үшіншіден, діни мәселе болса, оны білікті дінтанушы немесе теологтың түсіндірмесімен салыстырған дұрыс.
Ең бастысы – кез келген діни пікірді абсолютті ақиқат ретінде қабылдамай, «Бұл пікір қандай дерекке сүйенеді?» деген сұрақ қоя білу. Деструктивті идеологияның күші көбіне адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретуден басталады. Ал оған қарсы ең тиімді құралдың бірі – діни сауат, сыни ойлау және сенімді ақпарат.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Жасұлан БАҚЫТБЕК








