Кешкілік ауыл сыртындағы шағын үйдің ауласында атасы мен немересі әңгімелесіп отырған. Күн ұясына қонып, айналаны баяу тыныштық билеген. Немересі қолындағы телефонын анда-санда бір қарап қойып, әлденеге ойланып отырғандай.
– Ата, бір нәрсе сұрасам бола ма? – деді ол кенет.
– Сұра, балам. Қарттың көргені көп, естігені көп. Білсем – айтайын, білмесем – бірге іздейік.
– Интернеттен дін туралы түрлі видеолар көріп жүрмін. Біреулер «біздің айтқанымыз ғана дұрыс, өзгелердің бәрі қателеседі» дейді. Кейбірі елдің салтын, дәстүрін де сынайды. Сонда кімге сену керек?
Атасы біраз үнсіз отырды.
– Балам, адам өмірінде дұрыс жолды таңдау – ең маңызды мәселелердің бірі. Ал дін – адамның жүрегіне, дүниетанымына әсер ететін өте нәзік тақырып. Сондықтан оны кез келген адамның әлеуметтік желідегі сөзіне қарап түсінуге болмайды.
– Бірақ олар Құраннан аят келтіреді ғой, ата.
– Аят келтірудің өзі жеткіліксіз. Оның мәнін дұрыс түсіндіру керек. Бір сөзді сөйлемнен жұлып алып, басқа мағынада қолдануға болатыны сияқты, діни мәтінді де контекстен бөліп түсіндіруге болады. Нағыз білім – тек жаттап алуда емес, оны дұрыс түсінуде.
Немересі телефонын шетке қойды.
– Сонда әлеуметтік желідегі уағызшылардың бәріне сене беруге болмай ма?
– Әрине, болмайды. Дін туралы сөйлеген адамның біліміне, ұстанымына, мақсатына қарау керек. Ең бастысы – арандатуға, өшпенділікке, қоғамнан оқшаулануға шақыра ма, жоқ па? Егер біреу «ата-анаңның сөзіне құлақ аспа», «туыстарыңнан алшақта», «қоғамның бәрі адасқан» деп үйретсе, оның сөзінен сақ болған жөн.
– Неге олар адамды қоғамнан алыстатқысы келеді?
Атасы немересіне қарап жымиып қойды.
– Өйткені адам жалғыз қалса, оны басқару оңайырақ. Адамның отбасы, достары, ұстазы, ортасы болса, ол түрлі пікірді салыстырады, сұрақ қояды, күмәнданған жерін ақылдасады. Ал айналасынан қол үзген адам бір ғана ақпарат көзіне тәуелді болып қалуы мүмкін.
– Демек, ең алдымен адамды жақындарынан алыстатады ғой?
– Кей жағдайда солай. Теріс діни ағымдардың қауіптілігі де осында. Олар бірден өздерінің шынайы мақсатын ашып айтпауы мүмкін. Әуелі адамға жылы сөйлеп, оның өміріндегі қиындықтарына ортақтасып, өзін түсінетін жалғыз адамдай көрінуі ықтимал. Содан кейін біртіндеп оның көзқарасына әсер етеді.
– Ал оған қалай қарсы тұруға болады?
– Біріншіден, біліммен. Екіншіден, сабырмен. Үшіншіден, сұрақ қоюдан қорықпау керек. Дінге қатысты күмәнің болса, білікті теологтан, имамнан немесе сенімді діни маманнан сұра. Әлеуметтік желідегі белгісіз адамның сөзіне ғана сүйенбе.
Атасы орнынан тұрып, үйдің алдындағы ескі домбыраны қолына алды.
– Балам, біздің халқымызда «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бар. Бұл жай ғана шежірені жаттау емес. Оның астарында ұрпақтың өз тамырын, өзінің кім екенін білуі жатыр. Дәстүр мен дін бір-біріне қарсы қойылатын нәрсе емес. Өз тарихын, тілін, мәдениетін, салтын білетін адамды түрлі жалған идеямен адастыру да оңай емес.
– Ата, сонда дәстүрді дінге қарсы қою да дұрыс емес пе?
– Дұрыс емес. Бірақ дәстүрдің бәрін дінмен шатастыру да қажет емес. Әр нәрсенің өз орны бар. Дінді дұрыс түсіну үшін діни білім керек, ал елдің салтын түсіну үшін тарих пен мәдениетті білу керек. Екеуін бір-біріне жау етіп көрсету – үлкен қателік.
Немересі біраз ойланып отырды.
– Ата, қазір жастардың бәрі телефон қарайды. Кейде бір видеоны көріп, соған бірден сеніп қалуы мүмкін ғой.
– Сондықтан бүгінгі заманда діни сауаттылықпен бірге ақпараттық сауаттылық та қажет. Көрген нәрсенің бәрін шындық деп қабылдама. Ақпараттың қайдан шыққанын тексер. Авторын біл. Басқа дереккөздермен салыстыр. Ашу-ыза тудыратын, адамдарды бір-біріне қарсы қоятын материалдарға ерекше сақ бол.
– Ал егер досым сондай видеоларға қызығып жүрсе ше?
Атасы күрсінді.
– Оны бірден сөкпе. «Сен адасып жүрсің» деп үстінен қарама. Әуелі сөйлес. Нені іздеп жүргенін, неге қызыққанын түсінуге тырыс. Кейде адамның жалған идеологияға қызығуының артында білімнің жетіспеуі ғана емес, жалғыздық, түсіністікке деген қажеттілік немесе өмірдегі қиындықтар жатуы мүмкін. Мұндай кезде оған ұрысқаннан гөрі, дұрыс бағыт көрсеткен пайдалы.
– Сонда отбасының рөлі үлкен екен ғой?
– Өте үлкен. Балаға дұрыс тәрбие беру деген – тек «мынаны істе, мынаны істеме» деп тыйым салу емес. Оның сұрағына жауап беру, әңгімесін тыңдау, пікірін сыйлау, қажет кезінде ақыл айту. Үйде ашық әңгіме бар жерде сырттан келген күмәнді сөздің тамыр жаюы қиындай түседі.
Немересі атасына қарап:
– Ата, сіздіңше, теріс ағымдардың алдын алудың ең басты жолы қандай?
Атасы сәл ойланып барып жауап берді.
– Білім, балақай. Бірақ білімнің өзі жеткіліксіз. Білімге тәрбие қосылуы керек. Тәрбиеге отбасы қосылуы керек. Ал отбасыға қоғамның жауапкершілігі қосылуы қажет. Сонда ғана жас адам кімнің сөзі ақиқатқа жақын, кімнің сөзі адастыру екенін ажырата алады.
Күн де батып бара жатты. Немересі телефонын қолына алды да, әлдебір видеоны өшіріп тастады.
– Енді бір нәрсені түсіндім, ата. Дін туралы көп сөйлеу – діни білімді болу деген сөз емес екен.
Атасы жымиып:
– Дәл солай, балам. Дауысы қатты шыққан адамның сөзі міндетті түрде дұрыс бола бермейді. Ал шынайы білім адамды ашуға емес, сабырға; өшпенділікке емес, ізгілікке; бөлінуге емес, бірлікке бастайды.
– Ендеше, мен бір нәрсені есте сақтаймын.
– Нені?
– Күмәнді ақпарат көріп қалсам, бірден сенбеймін. Тексеремін, сұраймын, салыстырамын.
– Жарайсың, балам. Адамның адаспауы үшін ең әуелі оның ойлануы керек.
Атасы немересінің иығынан қақты.
Кешкі самал баяу есіп тұрды. Үйдің төрінде әжесінің жайған дастарханы дайын еді. Бір шаңырақтың астында үш буынның әңгімесі жалғасып жатты. Бұл – қарапайым ғана отбасылық көрініс секілді. Бірақ дәл осындай қарапайым әңгімелердің астарында үлкен тәрбие жатыр.
Өйткені теріс идеологияның алдын алу тек арнайы мекемелердің немесе мамандардың міндеті емес. Ол ең алдымен отбасындағы сенімнен, ата-ананың тәрбиесінен, үлкеннің ақылынан және баланың сұрағына жауап беруге дайын қоғамнан басталады.
Адасудан сақтанудың ең сенімді жолы – тыйым ғана емес, таным. Ал танымның бастауы – білім мен тәрбие.
Е.Ерғалиұлы









