Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен бірлік – мемлекеттің басты байлығы әрі тұрақты дамудың негізі. 130-дан астам этнос пен түрлі конфессия өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосып келеді.
Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық келісім моделі ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи үдерістердің жемісі. Кеңес үкіметі кезіндегі саяси қуғын-сүргін мен күштеп көшіру саясаты салдарынан қазақ жері сан түрлі ұлт өкілдерінің панасына айналды. Осындай қиын-қыстау заманда қазақ халқының кеңпейілдігі мен қонақжайлылығының арқасында этностар жер аударылып келген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, нанын бөліп жеді. Бұл тарихи қадам Қазақстандағы түрлі ұлттар арасындағы ерекше бауырластық пен сыйластықтың берік негізін қалады.
Еліміздегі ұлтаралық саясаттың бірегей институты – 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА). Бұл ұйым тек қазақстандықтарды біріктіріп қоймай, әрбір этностың өз ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, дамытуына толық жағдай жасайды. Бүгінде республика аумағында ұлттық-мәдени орталықтар, жексенбілік мектептер белсенді жұмыс істейді. Олар түрлі фестивальдар мен қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, этностар арасындағы достықты нығайта түседі.
Биылғы конституциялық реформа нәтижесінде ҚХА таратылып, оның орнына Қазақстан Халық кеңесі құрылып жатыр. Бұл ұйым бұрынғы ұлтаралық татулық саясатын одан әрі жалғап, ел бірлігінің нығаюына қызмет ете береді деген сенім мол.
Ұлтаралық татулық дінаралық келісіммен тығыз байланысты. Қазақстанда ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқа да діни конфессиялардың өкілдері ешқандай діни қысымсыз немесе қайшылықсыз бейбіт қатар өмір сүруде. Елімізде дәстүрлі түрде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірнеше съезі өтіп, ол жаһандық деңгейдегі конфессияаралық диалог пен діни төзімділікті насихаттап келеді. Мемлекет дін бостандығын қамтамасыз ете отырып, экстремизм мен радикализмнің алдын алуға баса назар аударады.
«Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» демекші, ұлтаралық татулық – саяси тұрақтылықтың басты кепілі. Қазақстан әлемге көпұлтты және бейбітсүйгіш мемлекет ретінде танылды. Еліміздің әрбір азаматы, ұлтына немесе дініне қарамастан, тең құқылы. Мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің этностарды біріктіруші рөлі артып келеді. Сонымен қатар, басқа да ұлт өкілдерінің тілдері мен мәдениетін қорғау заңмен бекітілген.
Қазақстандағы ұлтаралық татулық – бұл кездейсоқ құбылыс емес, халықтың даналығы мен мемлекеттің жүйелі ішкі саясатының жемісі. Әлемде этносаралық қақтығыстар белең алып жатқан тұста, Қазақстанның бейбітшілік пен келісім моделі халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, үлгі ретінде ұсынылады. Еліміздің басты байлығы – бірлік, ал сол бірліктің қайнар көзі – халқымыздың ынтымағы мен достығы.
Ж.БАҚЫТБЕК










