Діни плюрализм, күрделі идеологиялар мен әлеуметтік өзгерістер күшейіп келе жатқан әлемде діни тақырыптарды қозғаушы журналистердің рөлі бұрынғыдан да артуда. Діни нанымдар, әдет-ғұрыптар мен институттар жеке және ұжымдық сәйкестікті қалыптастыруға әсер ететін күшті факторлар. Алайда, бұл тақырыптардың өткір эмоцияларға, әлеуметтік шиеленістер мен тарихи қақтығыстарға толы екендігін де мойындамасқа болмас. Діни мәселелерді жариялау міндеті жүктелген мамандарға хабар, ақпарат-репортаждары біржақтылық, сенсацияға ұмтылу сияқты тұзақтардан аулақ болуы үшін не керек?
Әлбетте, бірінші кезекте, танып түсіну, құрметтеу және қоғамға оң ықпал етуін қамтамасыз ету үшін этикалық-моральдық құндылықтардың күрделі желісін басшылыққа алуы керек.
Журналистикадағы этикалық-моральдық өзін-өзі бақылау – тек кәсіби міндет емес, бұл БАҚ-тың тұтастығын қамтамасыз ететін, мәдени диалогты дамытып, демократиялық қоғамның құндылықтарын сүйемелдейтін моральдық императив.
Мәлім болғандай, дін мен журналистика арасындағы қарым-қатынас көптеген қиындықтармен байланысты. Өйткені, олардың шырғалаңы ақпар беру еркіндігі мен одан туындауы ықтималды залал-зиянның алдын алу үшін этикалық парыз арасындағы тепе-теңдікті сақтауды талап етеді. Бұл жерде зайырлы діни журналистикадағы этикалық және моральдық өзін-өзі қадағалау тұжырымдамасын қарастыру керектігі түсінікті болса керек. Ал ол дегеніміз, жалпақ жиынында моральдық жауапкершіліктің нюанстары, ықтимал зиянгершілік пен одан өрбитін теріс салдар, сондай-ақ журналистер діни тақырыптарды кәсіби стандарттар мен әлеуметтік жауапкершілікті сақтайтын тәсілдермен қамту үшін қолдана алатын стратегияларды қарастырудан көрінбек.
ЕҢ ӘУЕЛІ, ДІНИ ТАҚЫРЫПТАРДЫ ҚАМТУДЫҢ КҮРДЕЛІЛІГІ МӘСЕЛЕСІН ТАРҚАТЫП АЛМАЙ БОЛМАЙДЫ.
Дін – адамзат өмірінің барлық қырларына әсер етеді. Тіптен, тарих көрсеткендей, советтік атеистік қоғамның өзінде діни сенім бәрібір зор ықпалға ие болып қала береді. Қай заманда да ол моральдық басшылықты қамтамасыз етіп, әлеуметтік нормаларды анықтайды жәнеден белгілі бір дәрежеде саяси идеологияларды қалыптастырады. Осындай жақтарымен келгенде, діни тақырыптар зорлық-зомбылық, гендерлік теңдік, саяси билік үшін күрес және адам құқықтары сияқты кейбір өткір әлеуметтік мәселелермен жиі сәйкес келеді. Дегенмен, дін көптеген адамның жеке басының мәнін анықтауымен де өте «интимді» мәселе. Нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарында дінді кез-келген қиғаш формада жариялау түсінбеушілікке, біліп, білмей зиян келтіруге, тіпті дау-шар, жанжалға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Осылайша, діни журналистика этикалық және моральдық ұстанымдардың ерекше жиынтығын қажет етеді. Ол тек дәлдік пен бейтараптықты ғана емес, сонымен қатар жеке адамдар мен қауымдастықтардың сенімдерін терең түсінуді талап етеді.
Журналистер келесі сұрақтарға жауап таба білуі керек: «Тілші-ақпаратшылар діни экстремизм немесе конфессияаралық қақтығыстар сияқты ықтимал даулы тақырыптардың түйінін қалай шешуі керек? Олар діни кемсітушілік немесе діннен шығу сияқты нәзік мәселелерді оқырмандарды ренжітпей немесе араздық туғызбастай етіп қалай қозғай алады? БАҚ-тың ықпалы блогосферамен күшейтілген заманауи әлемде журналистер қауымы өздерінің баяндарының байқаусызда стереотиптерді одан әрмен күшейтпеуі және жеккөрушілікті тудырмауына қалай қол жеткізеді?».
Міне, осыларға тұщымды жауап таппай, дін тақырыбын қамтуға бел буғандардың ісі оңынан жүрмек емес.
ЕКІНШІ КЕЗЕКТЕ ДІНИ ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ЭТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ТІЗБЕГІН БІРЖАҚТЫ ЕТПЕЙ ДЕ БОЛМАЙДЫ.
Діни тақырыптарды қамтитын журналистердің алдында тұрған этикалық мәселелер көп қырлы және көбінесе бәсекелес құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті сақтауды талап етеді. Бір жағынан, журналистер априори күрделі және даулы діни мәселелер бойынша нақты да бейтарап ақпарат береді деп күтіледі. Екінші жағынан, олардың зиян келтірмеу, топты немесе жеке адамдарды жалған сипатта көрсетпеу және бөлінуге немесе төзбеушілікке ықпал етпеу деп тізбектелетін бірқатар этикалық міндеттері де бар.
Олар:
– әділдік және объективтілік.
– сенсацияға ұмтылмау және біржақтылықтан қашу.
– діни нанымдар мен мәдени құндылықтарды құрметтеу.
– зиянды жалпылау мен стереотиптерден аулақ болу.
Енді осыларды жекелеп тарқатып көрелік.
① Жалпы журналистиканың негізінде әділеттілік принципі жатыр. Ол бейтараптық пен оқиғаларды теңгерімді қамтуды талап етеді. Алайда, діни журналистикада әділеттілікке қол жеткізу қиын болуы мүмкін. Өйткені, діни мәселелер көбінесе терең нанымдар мен бәсекелес мифтермен байланысты. Саяси қозғалыстардағы, діни қақтығыстардағы немесе діни экстремизмдегі діннің рөлін көрсете отырып, журналистер бірде-бір көзқарас үстемдік етпейтініне және қарастырылып отырған мәселенің күрделілігін бұрмаламайтынына көз жеткізіп, әртүрлі баламалы көзқарастарды ұсынуға тырысуы керек.
Мысалы, діни сәйкестілік орталық рөл атқаратын Таяу Шығыс немесе Оңтүстік Азия сияқты аймақтардағы қақтығыстарды жариялау кезінде журналис-мамандар күрделі әлеуметтік-саяси күресті «Мынау ақ, мынау қара» деген тұрпайы тұжырымнан аулақ болу керек. Бұл тәсіл жұртшылықты адастырып қана қоймай, бүкіл қауымдастықтарды әлем көзінде адамгершілік бейнеден шығаруы мүмкін. Оның орнына журналистер барлық тараптардың әділ ұсынылуын және қақтығыстың тарихи-саяси контекстін егжей-тегжейлі түсіндіруді қамтамасыз етуі керек.
«Егер журналистер соқыр, саңырау болса және ең бастысы мылқау болса, онда олардың репортаждары әлдеқайда объективті болар еді».
Стас Янковский, сықақшы
«Газет дегеніңіз адал некеге тұрып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан тоқсан тоғыз ізгі де тақуа адамдардан гөрі нақсүйер сүйіктісінің тамағын пышақпен орып жіберген бір күнәһарға қуанады.
Аптекер Герберт, тарихшы-публицист
|
② Діни журналистикадағы тағы бір маңызды этикалық мәселе – оқырман-тыңдарман немесе көрермен аудиториясының пайдасына белгілі бір тақырыптарға сенсация беруге асығу. Бұқаралық ақпарат құралдарының террористік актілер, діни фундаментализм немесе діни зорлық-зомбылық сияқты діни нанымдардың немесе мінез-құлықтардың экстремалды немесе қарама-қайшы мысалдарына баса назар аудару тенденциясы қорқыныш, жалған ақпарат және төзбеушіліктің таралуына ықпал етуі мүмкін.
Жалаң сенсация қаупі әсіресе, діни экстремизмді жариялауда айқын көрінеді. Мысалы, батыс елдерінде мұсылман атын жамылған кей экстремистер жасаған террорлық шабуылдардан кейін кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Исламды зорлық-зомбылықпен немесе экстремизммен теңестіріп, құбыжықтап ассоциациялауға асықты. Өз кезегінде, бұл исламофобияның бұрынғыдан да өсіп өршуіне әкелді. Мұндай бейнелер мұсылмандардың басым көпшілігінің терроризм мен зорлық-зомбылықты қолдамайтынын және көбінесе сол экстремизмнің құрбаны болатынын елемейді. Сондықтан журналистер нанымды баяндау үшін сенсация тудырмау немесе діни нанымдар мен әдет-ғұрыптарды бұрмаламау үшін этикалық өзін-өзі бақылау дағдысын дамытуы керек. Бұл олардың репортаж-талдамаларының контекстік, дәл болуын және біржақты көзқарастармен бұрмаланбауын қамтамасыз етуді қамтиды.
③ Діни нанымдарды құрметтеу зайырлы діни журналистиканың этикалық негізі болып табылады. Қандай да бір діннің миллиондаған-миллиардтаған бұқараның өзін-өзі тануында басты орын алатынын ескере отырып, журналистер діни тақырыптарға барынша «нәзіктікпен» және құрметпен баруы керек. Мысалы, белгілі бір діни қауымдастықтардағы қыз балаларын сүндеттеу, тоғыз-он жасында тұрмысқа беру секілді даулы діни тәжірибелер мен нанымдарды жариялау кезінде журналистер өздерінің репортаждарын бірнеше адам-топтың ғана іс-әрекеттеріне сүйене отырып жасамауы керек. Мұнда барынша сақтық танытып, бүкіл қауымдастықтарды байқаусызда стигматизацияламайтынына немесе қорламайтынына көз жеткізіп, мұқият әрекет етуі керек.
Тәңiрiнi iздеп бiр мұңғыл, Тас суретке шоқынса, Өлсе де, болып соған құл, Иманын бұзбай отырса.
Атақ, пайда iздемей, Ойында мақтан жоқ болса, Қиянатты көздемей, Қанағатқа тоқ болса.
Молдеке, оған таңданба, Сол кiредi бейiске, Екi жүздi сандалма, Сен қаласың кейiсте.
Ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлы
|
Мәдени ерекшеліктерді ескеру, әсіресе, азшылықтарға немесе «маргиналды» діни қауымдастықтарға қатысты оқиғаларды жариялауда маңызды. Журналистер қауымдастықтарды ұшқары бейнелеуден аулақ болуы керек және қасаң стереотиптерге елмен бірге өзі де түсіп қалмауы керек. Мысалы, Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарын қудалау туралы баян аймақтағы этникалық және діни шиеленістің тарихи контекстін түсінуді, сондай-ақ Мьянмадағы мұсылман қауымының ұзақ уақыт бойғы тарихын түсінуді талап етеді.
④ Діни журналистикадағы этикалық өзін-өзі қадағалап бақылаудың тағы бір негізгі элементі – зиянды жалпылау мен стереотиптерден аулақ болу қажеттілігі. Дін, адамның жеке басының кез-келген аспектісі сияқты, өте алуан түрлі. Кез-келген діни дәстүр шеңберінде көптеген түсіндірулер, тәжірибелер мен нанымдар бар. Алайда, журналистердің бүкіл діни орталарды шағын радикалды кіші топтың іс-әрекеттеріне қарай топшылап жалпыластыратын тұжырымдар жетегінде кетуі ықтималдығы да аса қатерлі тұс.
Мысалы, ДАИШ лаңы кезінде кейбір журналистер жалпы исламды зорлық-зомбылық пен радикализммен байланыстыруға тым құмар болды. Айталық, мұндайдан қазақстандық журналистердің орыстілділері ғана емес, тәңіршілдер векторын қолдайтын кейбір қазақтілділері де аман болмады. Сол сияқты, ағылшынтілді кеңістікте де Үндістандағы «индуизм ұлтшылдығы» туралы есептер кейде индустардың нанымдары мен тәжірибелерінің кең ауқымын мойындамайтынын байқатады және бұл дінді табиғатынан төзімсіз немесе жаугер деп тым үстүрт түрде ұсынады. Мұндай жалпылау діни қауымдастықтардың алуан түрлілігін бұрмалап қана қоймай, сонымен қатар жаһандық деңгейде бұрынғыдан да әлеуметтік поляризация мен бөлінуге ықпал етеді.
ҮШІНШІДЕН, МОРАЛЬДЫҚ ӨЗІН-ӨЗІ БАҚЫЛАУДЫҢ ЭТИКАЛЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ҚАЖЕТТІ ЭЛЕМЕНТІ ЕКЕНІН ЕСКЕРУ.
Этика – жауапты журналистиканың негізін қаласа, моральдық өзін-өзі бақылау – журналистің әділеттілікке, адалдыққа және жанашырлыққа деген ішкі міндеттемесін білдіреді. Моральдық өзін- өзі бақылау – бұл қатаң ережелердің жиынтығы емес, журналистерге жанашырлық пен өзін-өзі танумен күрделі моральдық дилеммаларды шешуге мүмкіндік беретін ішкі тәртіп.
Бұл ретте жанашырлықтың алатын орны өте зор. Моральдық өзін-өзі бақылаудың маңызды аспектілерінің бірі – журналистің жазған-баяндаған, айтып көрсеткен жеке адамдар мен қауымдастықтарға жанашырлық таныту қабілеті. Діни тақырыптар көбінесе терең де қасиетті нанымдарды қозғайды, ал журналистер өз тақырыптарына құрметпен және түсіністікпен қарай білуі керек. Бұл қарастырылып отырған мәселелерді интеллектуалды түсінуден гөрі де ауқымды нәрсені қажет етеді. Бұл репортаж яки ақпар-хабардың адамдардың өміріне әсері туралы эмоционалды хабардарлықты қамтиды.
Жоғарыда қозғап өткеніміздей, діни азшылықтарды қудалау сияқты өткір діни мәселелерді жариялау кезінде журналистер мұндай қудалаудың адами салдары туралы да батыл айта алуы керек. Фактілерді елестету жеткіліксіз. Журналист оқиғаны ізгілендіріп, әділетсіздіктен зардап шеккендердің сөйлеуіне мүмкіндік беруі керек. Бұл қарапайым ақпараттан тыс терең моральдық жауапкершілік пен жанашырлықты қажет етеді.
Әлеуметтік әділеттілікке ықпал ету миссиясы да осында. Себебі моральдық өзін-өзі қадағалаудың тағы бір маңызды аспектісі – журналистің әлеуметтік әділеттілікті ілгерілетуміндеті. Журналистердің әділетсіздікке қарсы тұрудың, маргиналдардың назарын аударудың және жүйелік теңсіздікті әшкерелеудің ерекше мүмкіндігі бар. Діни кемсітушілік немесезорлық-зомбылық жағдайында журналистер өз платформаларын қудалауға немесе қысымғаұшырағандарды қорғау үшін пайдалануы керек. Таяу Шығыстың кейбір бөліктеріндехристиандар кездесетін діни кемсітушілік немесе Қытайдағы мұсылмандарға қарсықуғын-сүргін сияқты мәселелерді қамту фактілердің дәлдігін ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік әділеттілікке моральдық міндеттемені де талап етеді. Журналистер мұнда да өздеріне: «Бұл оқиға қоғамдағы өзара түсіністікке қалай ықпал етеді? Бұл әділетсіздікке қалайқарсы тұрады немесе бейбітшілікке ықпал етеді?» деген сұрақтар қоюы керек.
СОНЫМЕН, этика, адамгершілік және кәсіпқойлықтың өзара байланысы дінитақырыптарды қозғап қамтитын журналистердің этикалық-моральдық тұрғыларда өзін-өзі бақылауы олардың жұмысының ақпараттандырылған, толерантты және әділетті қоғам құруғаықпал етуін қамтамасыз ету үшін қажет. Әділдіктің, дәлдіктің және теңгерімділіктің этикалықстандарттарын ұстана, сондай-ақ өз ақпар, хабар-репортаждарында моральдық өзін-өзі бақылауды көрсете отырып, журналистер қауымы әлеуметтік әділеттілік пен өзара түсіністіккеықпал етуге әлеуетті. Аз десеңіз, осы арқылы діни дәстүрлердің күрделілігі мен әртүрлілігінескере отырып, діни мәселелерді мазмұнды түрде көрсете де алады.
Бұдан шығатын тұжырым сол, діни шиеленіс, мәдени түсінбеушіліктің жәнеидеологиялық экстремизмнің шиеленіскен дәуірінде діни тақырыптарды қамтитын журналистердің рөлі артпаса еш кемімек емес. Ол үшін мамандарға барынша іздене түсу ләзім. Этикалық-моральдық өзін-өзі бақылауының арқасында ондай кәсібилер өз ісіне дегенмағыналы қарым-қатынасын дамытып, терең бөлінушілікке ұшыраған әлемнің бейбітшілік пенөзара түсіністікке қарайғы ұжымдық ұмтылысына үлес қоса алады.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ,
мәдениеттанушы, саяси ағартушы технолог