Иман – «сену, растау» деген ұғымды білдіреді. Шариғаттағы мағынасы – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала тарапынан жеткізген үкімдер мен тыйымдарды жүрекпен растап, қабыл ету деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 285-аятында:
آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْهِ مِنْ رَبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللَّهِ وَمَلَائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لَا نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِنْ رُسُلِهِ وَقَالُوا سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ
«Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүминдер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сен жақ» деді», – деп айтқан.
Иманның негізгі орны – жүрек. Қандай адам болмасын Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкелген нәрселеріне жүрекпен сенсе, оның дұрыстығына иланса, онысын бір себептерге орай тілімен айта алмаса да Алла құзырында мүмин болып саналады. Ал, тілімен ғана иман келтіргендігін айтып, жүрегімен растамаса, Алла құзырында шынайы иман келтірген болып табылмайды. Иман келтіргендігін тілмен айту бұл дүниеде мұсылман болғандығын білдіру және өзіне (дүниеден өтсе жаназа намазын оқуына, мұсылмандар мазарына қойылуына) Ислам үкімдерін орындау үшін керек. «Иман – жүрекпен растап, оны тілмен айту» дегендегі мақсат осы. Әйтпесе, құдіретті Алла құзырында мұсылман болу үшін жүрекпен растауы да жетерлік. Алла жүректерде не бар екенін толық білуші.
Иманның шарттары «Әмәнту» дұғасында жинақталған. Әрбір мұсылман «Әмәнту» дұғасын мағынасымен бірге білуі керек. «Әмәнту» дегеніміз мынау:
آمَنْتُ بِاللهِ وملائكته وَكُتُبِه وَرُسُلِه وَالْيَوْمِ الْاخِرِ وَالْقَدْرِ خَيْرِه وَشَرِّه مِنَ اللهِ تَعَالى وَالْبَعْثِ بَعْدَالْمَوْتِ حَقٌ. أَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَرَسُولُهُ
«Мен Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Алланың жаратуымен болатындығына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және Хазірет Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін».
Мұны Хакім Абай да өз сөзінде:
Әмәнту оқымаған кісі бар ма?
Уә кутубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға деп, иман келтірген жанның бойынан ізгі амалдар көрініс табуы қажет екендігін білдірген.
Иманның жеті шарты бар. Олар:
1) Алла Тағаланың бар және бір екендігіне сену
2) Періштелерге сену;
3) Кітаптарына сену;
4) Пайғамбарларына сену;
5) Ақырет күніне сену;
6) Тағдырға (жақсылық пен жамандық тек Алладан екеніне) сену;
7) Өлгеннен соң қайта тірілу бар екендігіне сену.
Бүгінгі жұма уағызымызда осы айтылған иманның жеті шартына жеке-жеке тоқталып өтетін боламыз.
Бірінші: Алла Тағаланың бар және бір екендігіне сену
Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаға сену балиғатқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Ғалымдарымыздың пікірі бойынша, пайғамбар келмесе де адамдар Алланың бар және бір екендігін ақылымен табуы – уәжіп. Себебі адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған.
Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екеніне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде қасиетті Құранда:
إِنَّ فِي خَلْقِ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَاخْتِلافِ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ لَآيَاتٍ لِّأُولِي الأَلْبَابِ
«Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін айқын дәлелдер бар», – деп айтылған («Әли Имран» сүресі, 190-аят).
Шәкәрім Құбайбердіұлы өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде былай деп жазады: «Адам ойлау керек: осы мені кім жаратты деп? Сонда анық біледі: өзіндей бір адамзат жаратпағанын, əкем жаратты деуге де болмайтұғынын. Əкем себеп болды десе, оның, əкесінің жаратылуына кім себеп болды? Сөйте-сөйте Адам пайғамбарға кім себеп? Ақырында барша себептерді бірінен бірі себеп қылып жаратқан бір құдіретті күшті ие керек болады. Сол ие – Алла Тағала. Жəне адам ойлау керек: қайдан шықтым, не үшін жаралдым, түбінде не боламын деп. Осылайша ойлағанда, əлбетте, жоқтан бар қылып бір құдіретті, күшті Алла жаратты. Не үшін жаратты? Жаратқан иесін біліп, соған құлшылық қылсын деп жаратты. Ақырында не қылады? Кімде-кім жаратқан иесінің əміріне мойынсұнып құлшылық қылса, оны құp қалдырмай таусылмас рахат берсе керек. Егерде əміріне мойынсұнбаса – оған таусылмас ғазап қылса керек. Неге десеңіз, осынша ғаламды босқа жаратудың қисыны жоқ. Ақырында жоқ болып кететұғын қылып жаратпаса керек».
Екінші: періштелерге сену
Періштеге иман алдымен уахиге, пайғамбардың хақ пайғамбар екендігіне, пайғамбардың әкелген кітабына, оның жеткізген діни үкімі мен тыйымдарына сену деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَمَن يَكْفُرْ بِاللَّهِ وَمَلائِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ فَقَدْ ضَلَّ ضَلالاً بَعِيدًا
«Ал, кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ақырет күніне қарсы шықса, сонда тым қатты адасты», – деп ескерткен («Ниса» сүресі, 136-аят).
Періштелер – нұрдан жаралған. Олар ішіп-жемейді, күнә жасамайды. Олардың саны өте көп. Оның жалпы санын тек бір Алла Тағала ғана біледі. Олар Аллаға қарсы келместен, Оның барлық бұйрықтарын орындайды. Періштелердің әртүрлі қызметтері бар. Айталық, Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) уахи әкелсе, Микайл періште (оған Алланың сәлемі болсын) жер бетіндегі тіршілік атаулының ризық-несібесі, ауру, шипа, берекет секілді жайттарды жеткізеді. Исрафил (оған Алланың сәлемі болсын) періште сүр үрлейді, ал Әзірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) періштеге тіршілік атаулының жанын алу жүктелген. Сондықтан да оны «Мәләку әл-мәут» яғни «Өлім періштесі» деп атайды. Қабірде адамнан сұрақ алатын Мункар мен Накир періштелері, адамды қорғап жүретін Хафаза періштелері де бар. Сол сияқты адам баласы үшін жарылқау тілеп, дұға ететін де арнайы періштелер бар. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресі, 7-аятында:
وَيَسْتَغْفِرُونَ لِلَّذِينَ آَمَنُوا رَبَّنَا وَسِعْتَ كُلَّ شَيْءٍ رَحْمَةً وَعِلْمًا فَاغْفِرْ لِلَّذِينَ تَابُوا وَاتَّبَعُوا سَبِيلَكَ وَقِهِمْ عَذَابَ الجَحِيمِ
«Сондай иман келтіргендер үшін (періштелер) жарылқау тілеп: «Раббымыз! Сенің шексіз рақымың мен ілімің барлық нәрсені толық қамтыған. Сондықтан тәубе етіп жолыңа түскендерді жарылқа және оларды тозақ азабынан сақтай көр!» – деп айтқан.
Үшінші: кітаптарына сену
Түсірілген кітаптарға деген сенім бүкіл адамзатқа – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранда:
كَانَ النَّاسُ أُمَّةً وَاحِدَةً فَبَعَثَ اللَّهُ النَّبِيِّينَ مُبَشِّرِينَ وَمُنذِرِينَ وَأَنزَلَ مَعَهُمُ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ لِيَحْكُمَ بَيْنَ النَّاسِ فِيمَا اخْتَلَفُواْ فِيهِ
«Адам баласы бір-ақ үммет еді. Сонда Алла қуандырушы, қорқытушы пайғамбарлар жіберді. Адамдардың араларындағы талас нәрселерге үкім ету үшін олармен бірге хақ Кітап жіберді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 213-аят).
Адамзат баласына Алла тарапынан қасиетті кітаптар мен қатар, жекелеген парақшалар түскендігі жайлы аят пен хадистерден білеміз. Алайда Құраннан бұрын түскен қасиетті кітаптар заман өте келе түрлі өзгертулермен бұрмалауға ұшырап, түпкі нұсқасынан біршама алшақтап кеткені белгілі. Сол себепті де, біз иман келтіру мәселесінде түпкі нұсқасы өзгеріске түскен қазіргі кітаптарды басшылыққа ала алмаймыз. Тек қана, бізге жеткен қасиетті кітаптардың ішінен ілкі мазмұны өзгермеген қасиетті Құранға ғана иман келтіреміз.
Төртінші: пайғамбарларға сену
Иман негіздерінің төртіншісі – Алла Тағала тарапынан жер бетіне жіберілген пайғамбарларға иман келтіру. «Пайғамбар» сөзі парсы тілінде «хабаршы» деген ұғымды білдіреді. Құран тілімен айтқанда, пайғамбарларды «Расул» (елші) және «нәби» (хабаршы) деп атайды. Демек, пайғамбар Ұлы Жаратушы Алла Тағала мен пендесінің арасындағы хабаршы, елші. Алла Тағала адамдар арасынан таңдап алған сүйікті пенделерін тайпа, қауымға және бүкіл адамзатқа елші ретінде жіберді.
Алла қаласа пайғамбарды періштеден де жіберер еді. Бірақ адам баласы періштенің істегенін ешқашан істей алмайды және оны үлгі тұта алмас та еді. Періште дегеніміз шаршамайды, ұйықтамайды, ішпейді, жемейді, күндіз-түні ғибадат етуден жалықпайды. Ал адам баласы бұған шамасы жетпесі айдан-анық. Қала берді пенде: «Бұл періште ғой?! Біз оған құлшылық пен тіршілікте ілесе алмаймыз», – деп сылтау айтар еді. Сондықтан да пайғамбар адамдардың өз ішінен таңдалып, оларға үлгі етілді. Оның жасағанын, құлшылығын, дүниелік ісін жасауға шамамыз жетеді. Қасиетті Алла Тағала қасиетті Құранда:
لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَن كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا
«Расында сендер үшін, Алланы және ақырет күнін үміт еткендер мен Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем үлгі-өнегелер бар», – деп айтқан («Ахзаб» сүресі, 21-аят).
Пайғамбардың алғашқысы Хазіреті Адам (оған Алланың сәлемі болсын) болса, соңғысы Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екені аян. Пайғамбарлардың саны қанша болғаны нақты белгісіз. Құранда пайғамбарлар айтылғанымен, саны жайлы хадисте 124 мың, екінші бір деректе 224 мың пайғамбардың келіп-кеткендігі айтылады. Әрине, бұл тақырыптың тікелей иманға тигізер пайдасы да, зияны да жоқ. Сондықтан мәселені имани тұрғыдан таразылағанда, ең бастысы – «жер бетіне хақ дінді үйрету үшін жіберілген күллі пайғамбарларға иман келтірдім» деген пікірді ұстану. Қасиетті Құранда тек 25 пайғамбардың есімі ғана аталады.
Бесінші: ақырет күніне сену
«Ақырет» сөзі «соңғы» деген ұғымды білдіріп, дүние тіршілігінің соңғы уақытын, біткенін білдіретін діни термин. Ақырет күніне иман келтіру – парыз. Құранда Аллаға иман келтіруге байланысты айтылған аяттарда ақырет күніне (яумил ахир) иман келтіру де бірге айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَالَّذِينَ يُؤْمِنُونَ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنزِلَ مِن قَبْلِكَ وَبِالآخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ
«Олар саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және ақыретке анық нанады», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 4-аят).
Сондықтан да мұсылман адам сенімді жолмен келген ақырет жайлы қабір әлемі, махшар, есептің болатыны, мизан таразы, амал дәптердің берілетіні, сират, шапағат, жәннат, тозақ, сияқты хабарларға сенуі қажет.
Бұл дүние – пәни, о дүние – бақи. Бақилық өмірге сенген адамда ұлы жауапкершілік болады. Мысалы, бастықтың алдына есеп беруге дайындалған қызметкер мен көшедегі бір адамның сол кездегі ішкі сезімін салыстыру мүмкін емес. Бірі аласұрып не айтып, не қоям, қалай болады екен деген сезіммен алып-ұшып тұрса, екіншісі, ештеңеден хабарсыз, түк болмағандай жайбарақат күйінде тұрады. Міне, сол сияқты ақыретке иман келтірген адам о дүниеде істеген ісі үшін Алла Тағала алдында есеп беретіндігін білгендіктен, бұл өмірде ойына келгенін істемесі анық.
Діні мен дәстүрін күнделікті тұрмыста сабақтастыра білген ата-бабаларымыз бұл турасында: «Әлекпеден қорыққан сиыр жимас, ақыреттен қорыққан күнә қылмас», – деген. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
Ойласаң, ақыреттің бәрі қиын,
Тірлікте ғибадат қып, хаққа сиын!
Бұл күнде жамандықтан тыйылыңыз,
Алланың көрем десең жұмақ үйін, – деп өсиет қалдырған.
Хадисте: «Кімнің қолында дін бауырының намысына яки малына қандай да бір жолмен жасалған жәбірлік, зұлымдық және ақысы өткен болса, динар мен дирхам (алтын мен күміс ақша) болмайтын күн келмей тұрып кешірім алсын. Егер залым адам кешірім алмастан өлсе, оның жақсы амалы болса, жасаған зұлымдығы мөлшерінде жақсы амалы алынып жәбірленушіге беріледі. Егер оның жақсы амалы болмаса, жәбірленушінің күнәларын алып, залымның мойнына іледі», – деп айтылған (Бұхари).
Алтыншы: тағдырға (жақсылық пен жамандық тек Алладан екеніне) сену
Тағдыр – араб тіліндегі «қадар» деген сөзден шыққан. «Өлшеу, бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу» дегенді білдіреді. Ал діни терминологиядағы мағынасы – әлем жаратылғаннан бастап, болмыста болатын бүкіл құбылыстар мен жаратылыстардың қашан болатындығын, мезгілін, орнын, мекенін, ерекшеліктері мен сипатын Алла Тағаланың ежелден, яғни әу бастағы ілімімен белгіленіп, өлшеніп қоюымен байланысты. Тағдыр – Алланың «Ілім» сипатымен жүзеге асады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ
«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық», – деп айтқан («Қамар» сүресі, 49-аят).
Ал «қаза» дегеніміз – Алланың ежелден, әу бастан белгілеп, тағдырға жазып қойған құбылыстар мен жаратылыстардың уақыт, сағаты, мезгілі мен мекені, сәті келгенде жүзеге асуы. Яғни, әуелден Алланың ілімі мен қалауына сай бекітілген нәрселердің уақыты келгенде, Жаратушының «Тәкуин» сипаты арқылы іске асуы.
Сондықтан табиғаттағы барлық нәрселер Алланың тағдыр мен қазасына сәйкес болады. Еш нәрсе тағдыр мен қазадан тыс өздігінен яки кездейсоқ жүзеге аспайды.
Тағдыр мен қазаға иман – Алла Тағаланың Ілім, Ирада, Құдірет және Тәкуин сипаттарына иман келтіру. Себебі тағдыр мен қаза Алланың осы сипаттары арқылы өлшеніп, белгіленіп, жаратылады. Бұл жағдайда біздер тағдыр мен қазаға иман келтірумен қатар жақсылық пен жамандықтың, ащы мен тәттінің, бүкіл жаратылыс атаулының Алланың білуі, қалауы мен жаратуынан тұратындығына иман келтірген боламыз.
Жетінші: өлгеннен соң қайта тірілу бар екендігіне сену
Ақырет күніне сенімнің мәні – өлгеннен кейін қайта тірілудің хақ екендігіне сенумен байланысты. Ал сол қайта тірілу әһлі сүннет сенімі бойынша тәнмен әрі жанмен болады.
Қасиетті Құранда адамның қайта тірілтуін – жансыз, өлі топыраққа теңейді. Қаңырсыған үмітсіз қара жерге дымқыл түсіп, өзегіне су жеткенде көк майса болып көктеп жадырап шыға келетіні секілді шіріген сүйекке де дәл солай жан берілмек: Қасиетті Құранда:
وَتَرَى الأَرْضَ هَامِدَةً فَإِذَا أَنزَلْنَا عَلَيْهَا الْمَاء اهْتَزَّتْ وَرَبَتْ وَأَنبَتَتْ مِن كُلِّ زَوْجٍ بَهِيجٍ. ذَلِكَ بِأَنَّ اللَّهَ هُوَ الْحَقُّ وَأَنَّهُ يُحْيِي الْمَوْتَى وَأَنَّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ. وَأَنَّ السَّاعَةَ آتِيَةٌ لّا رَيْبَ فِيهَا وَأَنَّ اللَّهَ يَبْعَثُ مَن فِي الْقُبُورِ
«… қураған жерді көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ құлпырып, көпсиді де әртүрлі көркем өсімдік шығарады. Осы дәлелдер бойынша шын мәнінде ол Алла хақ. Күдіксіз Ол өлікті тірілтеді. Өйткені барлық нәрсеге күші жетеді. Әлбетте, қиямет келеді. Онда күдік жоқ. Шәксіз Алла қабірдегілерді тірілтеді», – деп айтылған («Хаж» сүресі, 5-7-аяттар).
Өлім мен қайта тірілуді күз бен көктем айына ұқсатуға болады. Күзде жер бетіндегі күллі өсімдік атаулы қурап, шіріп, ағаштар сояу-сояу болып жазғы көркінен айрылады. Олардың өзі қурағанымен өзегі, тамыры тірі. Көктемде қайтадан жайқалып шығады. Бұл ұлы механизм – Жаратушының шексіз хикметімен көмкерілген. Демек, қабірдегі шаруасы біткен жандай көрінетін өлі дене көктемде қайта жанданған ағаштай қайта тірілері хақ.
Қадірменді жамағат!
Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَيُّ الْعَمَلِ أَفْضَلُ
«Ең абза амал қандай?» – деп сұрақ қойылған кезде:
إِيمَانٌ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ
«Аллаға және оның Елшісіне иман келтіру», – деп жауап берген (имам Термизи).
Қазақ халқы «Иманы кеткеннің жиғаны кетеді», – деп иманды үлкен нығмет, байлыққа балап, барлық жақсы қасиеттер имандылықтан туындайтынын, имансыз адам бүкіл жақсылық атаулыдан мақрұм қалатынын айтқан. Расымен де Алла Тағалаға иман келтірген адам Жаратушысының алдындағы құлшылық-ғибадатын атқарып, адамдармен ең көркем мәміледе болуға тырысады, ешкімге қиянат жасап, ала жібін аттамайды. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
«Ең әуел керек нәрсе – иман» – деген,
«Ақырет істеріне (ишларына) инан!» – деген!
«Құдай кешірер!» – дегенмен, іс бітпейді,
«Иман шартын білмесе, есен (ибан)» – деген, – деген екен.
Алла Тағала бізге берік иман нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға- тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі