«Тәрбие» сөзі араб тілінен аударғанда «көктету, өсіру, жетілдіру» деген ұғымды береді. Яғни, баланың өсуі-өнуі болашағы алған тәрбиесіне тікелей байланысты деген сөз. Баяғыда бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәрбиелеуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұрайды. Сонда патша баласының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан: «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың» депті.
Бұған түсінбеген патша: «Не айтып тұрсың? Ана сүтінен әлі аузы кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие берудің кештігі қалай?!» деп шамданыпты. Сонда данышпан қария «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді» деген екен. Бұдан тәрбие төркіні тереңде жатқанын аңғаруға болады.
Адамның бес жасқа дейінгі алған тәрбиесі бүкіл өмірден алған тәрбиесінің 90 пайызын құрайды екен. Соның ішінде баланың ана құрсағындағы тәрбиесі маңызды орын алады. Қазіргі медицина құрсақтағы балаға сыртқы дыбыстың әр алуан әсері барын әлдеқашан дәлелдеп қойған. Құрсақта жаңа қалыптасып келе жатқан шарананың қандай мінезді пенде болып туарына сырттағы әуез айтарлықтай ықпал етеді екен.
Атам қазақ аттың жалында, түйенің қомында көшіп жүріп ән айтқан, күмбірлете күй тартқан. Ел қамын ойлаған бәйбішелердің өздері келін-кепшікті жинап ән салдырған, бой жаздырған. Мұның ар жағында ұрпақ қамы, дәстүрлі тәрбие мәйегі жатыр. Ән шырқаған көңілден ауру қашарын бұрыннан білген, көңілді жас анадан шаттық кернеген, мінезді ұрпақ туады деп сенген.
Жапон халқында мынадай жақсы дәстүр бар. Ауа райы түнеріп, аспанды бұлт басса да, жаңбыр, қар жауса да, көшеде баласымен келе жатқан ата-ана ән айтады. Әйелдері құрсақтағы нәрестелеріне ел тарихы, ұлағатты адамдар жайлы жақсы әңгімелер айтады.
Құрсақтағы 7 апталық балада сипап-сезу сезімі дами бастайды, есту-көру мүшелері 16-18 аптада қалыптасады, ал 14 аптадан бастап саусағын сора бастайды екен. Осылайша адамның сезім мүшелері тумай тұрып қоршаған орта туралы ақпаратты қабылдай алатындығы дәлеледенген. Жүктіліктің соңғы 3 айында құрсақтағы баланың (қозғалуы, жүрек соғысының өзгеруі, саусақ соруы сияқты) физиологиялық реакцияларын анық байқауға болады, осы уақытта тұрақты әрекеттерге бейімделеді және үйренуге дайын болады дейді дәрігерлер.
Ана құрсағындағы бала төрт айында тәрбие күте бастайды. Яғни осы кезеңнен бастап анасының көңіл күйін, сезімін толық сезінеді. Сондықтан бойына бала біткеннен бастап ана бойын, жүріс-тұрысын түзеп, мінезін тұрақтандырып, жаман қылықтардан арылып, денсаулығын қадағалап, өзіне тиісті күтім жасап, табиғаттың сұлу көріністерін тамашалап, әсем ән-күй тыңдап, алған әсерін жан-күй тебіренісі арқылы іштегі нәрестеге жеткізе білуі тиіс. Өйткені ана қуанса іштегі бала да қуанады, қайғырса қайғырады. Ананың бойындағы мінез-құлқы, денсаулығындағы ақаулар құрсақтағы балаға беріледі.
Қазақ халқы ұрпаққа жақсы тәрбие беруге баса назар аударған. Дана халқымыздың бала тәрбиесіне ол дүниеге келмес бұрын көңіл аударып, арнайы салт-дәстүрлер, ырым-тыйымдар жасағанын білеміз. Бала мен ананы зиянды, тылсым күштерден, жаман, арам пиғылды адамдардан, тіл-көзден, жын-шайтаннан қорғауға және сәбидің дені сау болып өсуі мен дамуы үшін қажетті іс-әрекеттерге үлкен мән берген.
Халық педагогикасында нәресте дүниеге келмес бұрын оның дене тазалығын және жан тыныштығын қалыптастыратын жазылмаған заңдылықтар бар.
Қамқор ене әдетте келін түскен кезде алғашқы немересі ұл болсын деп ырымдап келінге сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Ал жүкті әйел, біреудің үйіне өзі апарған дәмді «Қыз тауып қоямын» деп жемейтін болған. Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жүрегі айнып, жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақтар «Жерік болу» деп атайды. Жүктіліктің осы кезеңінде болашақ ананың тәбеті әлдебір «таңсық» асқа ерекше ауады да тұрады. Енесі ауыл әйелдерін шақырып қонақ етеді. Осы кішігірім той «құрсақ шашу» деп аталады. Бұл тойға жиналған аналар өз үйінен бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі келіннің жерік асын тауып беру. Егер «жерігі қанбаса» өзі босанғанша ішкен тамағын құса береді, тамағы бойына сіңбейді. Бұны «ит жерік болу» дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша ауызынан сілекейі аққыш болады.
Баланың жан-дүниесін тыныштықта сақтау үшін, келінді корқыныштан сақтау керек болған. Ол үшін, құрсақ шашу кезінде үйдің оң босағасына ақ шүберек байлап, кірген адамға айғай-шусыз жүру, тыныштық сақтау керектігін меңзеген. Аяғы ауыр келінді түнде өзін жалғыз далаға шығармайтын, жалғыз жатқызбайтын болған. Жас аналар кешкілікте жалаң бас жүрмеген, басынан орамалын тастамаған.
Жүкті әйелдің уақытылы тамақтануына баса көңіл бөліп, оған көбінесе ақтан жасалған тамақтар берген. Жазды күні келіннің тәбетін ашу үшін ит жуасын береді, көбіне жас сорпа ішкізіп, қызыл ірімшік жегізеді. Халық түсінігі бойынша ақ ірімшік жеген әйелдің баласынын сүйегі бос, ал қызыл ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады.
Халық арасында әйелдің жүкті кезінде ескеретін мынадай ырымдар бар: Итке «кет» деуге болмайды, бұл толғақты ауырлатуы мүмкін; арқан есуге, тоқыма тоқуға болмайды, өйткені босанарда бала кіндігіне оралып қалуы мүмкін; қаптың аузын жабуға рұсат етілмейді, керісінше жабулы заттарды ашуға, буулы нәрселерді шешуге болады; түйе етін жеуге болмайды, жесе жүкті келіншек баласын тоғыз ай емес, он екі ай көтеруі мүмкін; мерзімінен бұрын босану, яғни түсікті бодырмас үшін келіннің етегін бүріп қояды; шошынып, қорықпауы үшін түнде ешқашан жалғыз далаға шығармайды.
Ал бала дүниеге келерде қолданылатын көптеген ырымдар мен рәсімдер нәрестенің дүниеге келер кезін, өмірінің алғашқы кезеңін жақсартуға арналады. Жарыс қазан пісіру, кебеже-сандықтардың аузын ашу, күмісті су әзірлеу – бұлардың бәрі де толғақты жеңілдетуге, босану кезінде бала мен анаға көмектеседі деген сенімнен туған.
Бала дүниеге келісімен дауысы шығу үшін құйрығынан шарт еткізіп ұрады да кіндігін кеседі. Сәбидің кіндігін кескен әйел «кіндік шеше» аталады.
Нәрестенің шыр етіп дүниеге келуі тек ата-анасының ғана емес, бүкіл ауылдың қуанышы болып есептеледі. Осы күндері «шілдехана», «шілде күзет», «шілдехана күзет» өткізіледі. Шілдеханаға жиналғандар ізгі тілектерін білдіріп, ән айтып, ойын ойнап, көңіл көтереді. Мұнда жастар тек ойын-сауық құру үшін ғана жиналмайды, жаңа туған нәрестені жын-шайтандардан қорғау үшін жиналатын болған. Шілдеханаға сойылған малдың мойын омыртқасын босанған жас әйелге береді. Ол мойын омыртқаны сындырмай, етін тек қолмен үзіп жеп, мүжіп төрге іліп кояды. Ел ішінді жас баланың мойнының қатуы осы омыртқамен байланысты деген сенім бар.
Әйел күш-қуат жинап, белі бекіп, қалпына тез келуі үшін арнайы мал сойылып, қалжа беріледі. Жас сорпа ішкізіп, жас ет жегізу үшін қалжаға сойылған малдың семіз, күйлі болуы шарт. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Қалжа жеген ананың сүті нәрлі, құнарлы әрі жеткілікті болады. Сәбидің де, ананың да ұйқысы жақсарады. «Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр», «Қалжасы жарасқан әйелден қанжардай ұл өседі, Қалжасыз әйелден қаншырдай қатқан қыз өседі», «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі», «Қалжа, қалжа түбі – олжа» деген аталы сөздер қалжаның маңызы мен мәнін аша түскендей. «Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген, қолын суық суға жуғызбаған.
Қазақ халқында дәстүр бойынша нәрестеге үш күннен қалмай ат қойылады. Көбіне ат қоюға молда шақырылатын болған. Молда азан шақырып, нәрестенің құлағына аузын тақап, сәбиге қойылар атты үш рет сыбырлап айтады. Осыдан «азан шақырып ат қою» тіркесі қалыптасқан.
Баланы кіндігі түскеннен кейін бесікке салады. Осы той «баланы бесікке салу» немесе «Бесік той» деп аталады. Бесіктің арқалығына бірнеше жерден темірмен қарып белгі салады. Әжелер қырандай көреген болсын деп бесіктің арқалығына бүркіттің тұяғын байлайды, жын-шайтаннан, көзден сақтасын деп үкі іліп, тұмар жаздыртып тағады. Сұлу болсын деп басына айна, тарақ жастайды. Баланы бесікке бөлеуден бұрын «тыштыма» ырымы жасалады. Бесіктің түбек тесігі арқылы бауырсак, кәмпит және түрлі дәмді тағамдар тасталады. Баланы бесікке салушы әже «Тышты ма?» деп сұрағанда қасындағы отырған әйелдер «Тышты! Тышты!» деп тыштыманы алады. Шашу сол жерде жиналға балаларға, сол балалар сияқты тезірек жүгіріп кетсін деген ниетпен таратылады.
Нәрестені 40 күн бойы бір күн сабынды сумен, бір күн тұзбен, бір күн жұпар иісті шөппен кезек-кезек шомылдырады. Тұзды суға шомылып, тұзға піскен сәби шымыр болады, әрі есейген соң денесі зақымданса жарасы тез жазылады. Қауіп қатерлі 40 күн «қтпелі кезең» өтіп, нәрестенің мойны қатқан соң ата-анасының көңілі орнына түседі. Осы сәтке дейін алынбаған «сүт тырнағы» мен «қарын шашына» да тиіспейді.
Ұл баланың ерте жетіледі, жылдам өседі деген түсінікпен қырық күнге жеткізбей, 37 не 39 күнде, ал қыз баланы керісінше жеңілтек болып кетпесін, орнықты болсын деп қырық күннен асырып 42 не 44 күнде қырқынан шығарады. Бұл кәдеге шақырылған ауыл әйелдері ыдысқа 40 қасық су құйып, күміс теңгелер (күміс адалдықтыңғ тазалықтың белгісі) салған суға баланы шомылдырып, сонан соң шашы мен тырнағын алады. Қарын шашын алған әйелге сыйлық беріледі. Бұл шашты шүберекке түйіп, тұмарша етіп баланың оң иығына қадайды. Тырнағын жерге көміп тастайды.
Жалпы баланың шашын ешқашан ашық-шашық жерге тастамайды, адам аяғы баспайтын жерге көміп отырады. «Қарын шаштың қарғысы қатты болады» деген жай айтылмаса керек. «Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі» демекші жаңа туған баланы сылап-сыйпаудың (массаждың) пайдасын дана халқымыз ежелден білген. Сылап отырып айтылатын санамақтар, жасалынатын жаттығулардың («өс-өс» деп апаларымыз нәрестенің қол- аяғын созып отыратын) пайдасын қазіргі медицина да дәлелдеп отыр.
Туғанына 2-3 ай өткеннен кейін-ақ нәресте айналасындағы дыбыстарға елеңдеп, әсерін сезіп, қабылдай бастаған. Келе-келе ана дауысынан өзге дыбыстарды ажыратып, байқай алатын дәрежеге жетеді.
Сәби 5-6 айдан соң отырып, талпынап еңбектей бастайды. Осы кезден тез еңбектесін деген ниетпен анасы көрші-қолаңдарын жинап, «бауырынан табақ алу» ырымын жасайды. Әдетте бір табақ арнайы беріліп, талпынып тұрған баланың оңынан сол жағына қарай «тез еңбектеп кетсін» деп табақ жүгіртеді. Еңбектеуге әбден машықтанып алған нәресте 9-12 айлығында қаз тұрып жүріге талпынады. Сәби тәй-тәйлап жүре бастаған кезде ата-анасы «балам тез жүріп кетсін» деген оймен «тұсаукесер» тойын жасайды. Халық түсінік бойынша тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады. Сәбидің басқан қадамы құтты болсын, аяғын тез басып жүріп кетсін деген ниетпен оның ата-анасы өзіне жақын адамдарды жинайды да, аяғы жеңіл, қадамы нық болсын деп, сыйлы адамға бөбегінің тұсауын кескізеді.
Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал, малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп сенгендікте.
Сондай-ақ, бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі. Баланың тұсауын жайбасар, сүріншек адамдарға кестірмейді. Болашақта бала сол адам секілді үлгі тұтарлық азамат болсын деген ниетпен баланың тұсауын шаруаға икемді, елгезек, қимылы ширақ, іске епті, пысық адамға немесе танымал адамдарға кестіреді. Баланы «жолың ашық болсын» деп ақ жайманың немесе кілемнің үстімен жетектеп, шашу шашқан. Кейбір жерлерде кілемнің үстіне кітап, қамшы, аспап секілді түрлі заттар қойып, балаға таңдатады. Бала қайсысын таңдаса, сол салаға бет бұрады деп есептейді.
Ескере кететін бір жайт, баланың тұсауын қайшымен емес, пышақпен кесу керек. Қазақ халқы қайшылануды жақсы ырымға баламайтындықтан, “баланың өмірі қайшыланып қалмасын” деп баланың тұсауын қайшымен кестірмеген.
Осылайша дана халқымыз «Бала тәрбиесі бесіктен», «Ана сүтімен бітпеген қасиет, тана сүтімен сіңбейді» деп баланың құрсақтағы және 1 жасқа дейінгі тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Осы орайда профессор Советхан Ғаббасов ағамыздың ұрпақ тәрбиесі туралы тағылымды ойларына тоқталуды жөн көрдім.
Оның тұжырымы бойынша, ұрпақ тағдыры екі жанның отбасын құруға дайындалу кезеңінен басталады «Кәмелет жасқа келген жігіт пен қыз отбасы құруға іштей дайын болуы керек. Бойдағы жаман қылықтардан (темекі тарту, арақ ішуді доғару, бойды таза ұстау т.б.) арылуы тиіс. Бұл – табиғи заңдылық. Тіпті, бұл заңдылықты жан-жануарлар да ұстанады. Ұрық жалғастыру кезінде жануарлар бір ай жарап, бой түзеп, құстар жылы жаққа бір айда ұшып келеді. Бойындағы арам терін шығарып, артық майын жоғалтып, ұрпақ жалғастыруға кіріседі. Ал адам баласының ұрық тазалығын сақтамауының кесірінен бүгінгі ұрпақ азып барады. Балалардың ақыл-есі кем болып, неше түрлі патологиямен туылуы – ұрық тазалығының сақталмауынан» деген ой қозғайды.
Советхан ағамыз бала тәрбиесінің жаңа ғылыми негіздерін жасап, екі сатылы жаңа методология ұсынған. Бірінші саты – ана құрсағында жатқан баланы жан иесі деп, сол кезде анасымен берілетін жүрек тәрбиесі. Ал, екінші сатысы – қоғамдық тұлғаға айналу үшін сананың жетілуі.
«Жүрек тәрбиесі – тек біздің ұлттық педагогикада ғана болған, келер ұрпақтың бақыты мен саулығы тікелей алдыңғы буынның ұрық тазалығы мен ана құрсағындағы тәрбиені түсінуіне байланысты», – деп атап көрсетеді.
«Жүрек тәрбиесінің тәсілімен тәннің он екі мүшесі (жүрек, бауыр, бүйрек, ми, т.с.с) сияқты жанның санаға бағынбайтын он екі арнасы бар екендігі анықталып отыр. Олар – түйсік, ұят, сүю, мінез, табиғи қабілет, зерде, жігер және ішкі бес сезім (көру, есту, сезу, тұшыну, иіс сезу). Бүгінде бұл арналар толығымен жабылу алдында. Ғалым жанның он екі арнасының жабылу алдында тұрғанын дәлелмен айтып жеткізумен қатар, осы он екі арнаны ашу үшін не істеу керек екендігін де атап көрсеткен: «Жанның он екі арнасын ашу үшін ақыл тәрбиесін қолға алу керек. Ақыл тәрбиесі деген – бұл сананы жетілдіру… Сананы жетілдіруде халықтық педагогиканың жеті түрлі негізі бар» дей келе, баланың ұрық болып ана құрсағына түскеннен бастап, құрсақта жүрек тәрбиесін алуы, өмірге келгеннен бастап, жас ерекшеліктеріне байланысты ұлттық тәрбие негізінде тәрбиеленуі керектігін атап айтады.
«Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» дегендей, бала тәриесінде құрсақтан берілетін тәрбиенің орны ерекше екенін ұмытпайық.
Азамат ТӨЛЕПОВ
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша