Жас отбасыға көрсетілген көмек

    459

    Ислам тарихындағы Алла елшісі (с.ғ.с.) мен Мәдиналық жетпіс сахаба арасында көрініс тапқан екінші Ақаба келісімі һижреттен бұрын Меккеде болады. Алла елшісіне (с.ғ.с.) өздерінің дін жолында көмекші болатынын айта келіп, серт беріскендердің арасында әкесімен бірге 16 жастағы жас сахаба Жәбир ибн Абдулла да (р.ғ.) бар болатын.

    Ол өте жас болғандықтан, Бәдір және Ухуд соғыстарына қатыса алмаған. Әкесі Абдулла (р.ғ.) Ухуд соғысында шәһид болады. Жастай әкесінен айырылған Жәбирдің (р.ғ.) бір риуаятта 7 қарындасы болды делінсе, екінші бір риуаятта 9 қарсындасы болғаны айтылады. Яғни, осыдан кейін үлкен бір отбасын асыраумен қатар, әкесінің қарыздарын да өтеу Жәбирдің (р.ғ.) мойнына жүктеледі. Кіріс көзі ретінде құрма бағы ғана бар еді. Құрмаларынан түскен қаражатты қарызға берсе, үйдегі бір топ жетім аш қалады. Ал, отбасының қажетіне жаратса, қарызы барлар тепеңдеп тұр.

    Міне, осындай қысылтаяң кезеңдердің бірінде Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге сапарлас болудың сәті түседі.

    Алла елшісінің (с.ғ.с.) бір әдеті әрдайым айналасындағы сахабалардың қабағына қарап, көңіл-күйлерін бағып жүретін. Бұл жолғы кезек Жәбирге (р.ғ.) келді. Оқиғаны Жәбир (р.ғ.) былай баяндайды:

    Зарур-Риқа жорығынан Мәдинаға қайтқан жолда Жәбирдің (р.ғ.) әлсіз түйесі аяғын баспай, артта қалып кетеді. Мұны көрген Алла елшісі (с.ғ.с.):

    — Ей, Жәбир! не болды?, — деді.

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Түйем жүрмей келе жатыр, — дедім.

    — Түйеңді шөктір, — деді. Мен түйемді шөктірдім. Ол (с.ғ.с.) түйеме көп дем салды. Сосын маған:

    — Қолыңдағы қамшыны маған бер, — деді. Қамшыны бердім. Ол (с.ғ.с.) қамшымен түйені бір-екі рет түртті де: Ал енді түйеңе мін, – деді. Түйеме мініп жолға түстік. Оның (с.ғ.с.) хақ пайғамбар екендігіне Алланың атымен ант етемін. Түйем оның түйесімен жарыса жүріп, тіпті, алдыға оза шығып отырды. Қатар жүріп келе жатқанда, Ол (с.ғ.с.) маған:

    — Жәбир, түйеңді маған сатасың ба?, — деді.

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Ол не дегеніңіз? Сізге сыйлайын, — дедім.

    — Жоқ, ақысын алып бер, — деді.

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Онда бағасын өзіңіз айтыңыз, — дедім.

    — Бір динар болсын, — деді.

    — Жоқ, оған сатпаймын, — дедім.

    — Екі динар болсын, — деді.

    — Оған да «сатпаймын», — дедім. Сөйтіп, бағасы қырық динарға тоқтады. Сондан кейін мен:

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.) қырық динарға разысыз ба?, — дедім.

    — Иә, разымын, — деді. Түйе Алла елшісіне (с.ғ.с.) сатылды. Осыдан кейін Алла елшісі (с.ғ.с.):

    — Жәбир, үйлендің бе?, — деді.

    — Иә, үйлендім, — дедім.

    — Қыз алдың ба, әлде күйеуге шыққан әйел алдың ба?, — деді.

    — Күйеуге шыққан әйел алдым, — дедім.

    — Қыз неге алмадың? Бір-біріңмен қалжыңдасып ойнап-күліп жүретін, — деді.

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Өзіңізге мәлім, әкем Ухуд соғысында шәһид болды. Жеті қарындасым бар. Олардың басы-көзін тазалап, дұрыс қарайтын бір әйел алуды жөн көрдім, — дедім.

    — Алланың қалауымен дұрыс істеген екенсің, — деді. Содан сөзін жалғап, біз Сырарға (жердің аты) барғанда құрбанымызды шаламыз. Сол күні сол жерде боламыз. Мәдина халқы біздің жақындағанымызды естіп, көрпе-жастықтарын дайындап отырады, — деді.

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Бізде қайда ондай отыратын көрпе-жастық, — дедім.

    — Алла қаласа, болады. Сен Мәдинаға барғанда жақсы жұмыс істе, — деді.

    Жәбир (р.ғ.) әңгімесін былай жалғастырады:

    Сонымен, Сырар жеріне келгенде Алла елшісі (с.ғ.с.) құрбан шалуға әмір етті. Сол күні сол жерде болдық. Кешке қарай бәріміз бірге Мәдина қаласына кірдік. Ертесі ерте тұрып, түйемді Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйінің есігінің алдына шөктірдім. Содан кейін мешітке кіріп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасына отырдым. Намаз аяқталып сыртқа шыққан уақытта пайғамбар (с.ғ.с.) түйені көрді де бұл не? — деп сұрады.

    — Уа, Алла елшісі (с.ғ.с.)! Бұл түйені Жәбир әкелді, — деді қасындағылар.

    — Жәбир қайда?, — деді. Мен де алдына келдім.

    — Жиенім, түйенің бұйдасынан ұста, ол түйе сенікі, — деді. Сосын Біләлді шықырып: Жәбирмен бірге Бәйтул-Малға (мемлекеттік қазынаға) барып, оған қырық дирһам бер, — деді.

    Біләлмен бірге қазынаға барып, аталмыш ақшаны алдым. Аллаға ант етейін, сол ақшаның берекеті күннен-күнге артпаса, кемімеді, — деді[1].

    Бұл риуаяттан үлгі аларлық мына екі мәселені ерекше атап айтуға болады.

    Әуелгісі, Алла елшісі (с.ғ.с.) айналасындағы әрбір адамды жақыннан танып, оған көмек қолын созуды мұсылмандық борышы санағанын көреміз. Әзиз пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін орындағысы келген әрбір басшы мен қолында қаражаты бар азаматтар жағдайы төмен отбасылардың, әсіресе, жас отаулардың хал-жағдайын сұрап, олардың аяққа тұрып кетуіне қол ұшын берулері керек.

    Екіншісі, жас сахаба Жәбир (р.ғ.) қарындастарының қамы үшін күйеуге шыққан әйелді некесіне алуының мәні тереңде жатқанын көрсетеді. Бұдан көптеген жастарымыз үлгі алуы керек. Жігіттеріміз болашақ жары болатын қызды таңдауда, ол үйдегі ата-анасына қарай ма, артынан ерген бауыр-қарындастарына мейірім көрсете ала ма деген сұрақтарды қоя отырып шешім қабылдағаны дұрыс. Демек, әрбір адам айналасына мейіріммен қарай алғанда ғана қоғам көркейеді.

    Самет Оқанұлы,

    исламтанушы

    [1] Уақиди, әл-Мағази, 1-том, 400-401 бб.