(Жалғасы. Басы мына жерде)

Ақыл мен таңдау еркінің берілуі

Алла Тағаланың адамға берген ең үлкен нығметі – ақыл. Осы ақылдың арқасында адам ойлану, түйсіну, салыстыру, қорытынды жасап, ақиқатты жалғаннан ажырата алу арқылы өзге жаратылыстардан ерекшеленген.

Ақыл – Хақты табудың құралы. Ақыл жоқ жерде діни жауапкершілік жайлы да сөз қозғау мүмкін емес. Алла Тағала дін секілді ең ұлық аманатты ақыл иелеріне табыс еткен. Сондықтан да Құранның көптеген аяттарында «oйлaнбaйcыңдap мa?», «aқыл жүгipтпейciңдеp ме?» деп ақылды қолдануға шақырған.

Құраннның ақыл-ойға, ғылымға шақырған аяттарының саны мыңға жуықтайды. Бұның өзі бөлек зерттеуді қажет ететін тақырып болғандықтан бірнешеуін ғана келтіре кетейік.

«Шүбәсіз, күллі аспан әлемі мен жердің жаратылуында, түн мен күннің алма-кезек ауысып, ұзарып-қысқаруында ақыл иелері үшін (Алланың шексіз құдіреті мен шексіз билігін көрсететін) ғибратқа толы талай айқын белгілер (дәлелдер) бар. Олар тікесінен тік тұрып та, отырып та, жантайып жатып та үнемі Алланы еске алады һәм күллі аспан әлемі мен жердің жаратылысына терең ой жүгіртіп: «Уа, Раббымыз! Сен мұны бекерге, мақсатсыз жаратпадың. Сен мақсатсыз, мәнсіз іс істеуден пәксің! Бізді тозақ отынан сақтай гөр!» дейді («Әли Имран» сүресі, 190-191);

«Міне, осылайша Алла сендерге ақылға салып, ойланарсыңдар деп, аяттарын ашық түрде баяндайды» («Бақара» сүресі, 242); 

«Ол хикметті (даналықты) қалаған пендесіне нәсіп етеді. Кімге даналық берілген болса, расында оған қыруар игілік берілгені. Алайда (бұл ақиқатты) тек шынайы ақыл иелері ғана терең түсініп, ғибрат ала алады» («Бақара» сүресі, 269).

Ал мына аят ақыл жүгіртпейтіндерді жаратылыстың ең жаманына теңеп, былай дейді: «Өйткені, Алланың алдында жер басып жүрген тіршілік иелерінің ең жаманы – (уахи арқылы келген ақиқаттарды) ақылға салып, ойланбайтын керең-мылқаулар» («Әнфәл» сүресі, 22).

Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ақыл берілген адам – нағыз жетістікке жетуші»  (Байхақи. Шуабул иман, 4/159) деп ақыл сыйының қаншалықты қымбат екенін атап өткен. Сондай-ақ ислам шариғатының адам өмірінің баяндылығын қамтамасыз ететін негізгі бес құндылықтың бірі ретінде осы ақылды бекітуі де дініміздегі ақылдың орнын айқын көрсетеді. Абайша атқанда «Ақылдыға иман парыз» дегендей, дін ақылды адамдарға арналған. Ақыл жоқ жерде адамшылық жайлы сөз қозғау мүмкін емес.

Адамға ақыл берген Хақ Тағала осы сынақ алаңынан сүрінбей өту үшін оған жақсы мен жаманды таңдау еркін де берген. Оның жауапкер саналуы да осы берілген таңдау еркіне байланысты. Таңдау еркі берілмесе, адам жануарлар секілді жасаған істерінен жауапкер саналмас еді.

Таңдау еркі адамға ерекше абыроймен қатар жауапкершілік те жүктейді. Мына аяттар оған таңдау еркінің бірілгенін көрсетеді: «Сөйтіп, адам баласы өз-өзіне қарсы куә һәм айғақ болады» («Қиямет» сүресі, 14), «Ал енді қалаған жан иман келтірсін, қалағаны – күпірлік қылсын» («Кәһф» сүресі, 29), «Ал енді бұдан былай Алланың өздеріңді үнемі көріп тұратынын қаперлеріңде ұстап, тек игі істер істесеңдер, өздерің үшін жақсылық істегендерің. Ал керісінше, жамандық атаулыға бой алдырсаңдар, оны да өздеріңе істеген боласыңдар» («Исра» сүресі, 7).

Білімнің берілуі

Адамға білімнің берілуі – оны ардақты еткен ең негізгі артықшылықтың бірі. Бұл – өз кезегінде эволюция териясын жоққа шығаратын ақиқат. Алла Тағала адамды мүлдем таным-түйсіксіз жаратпаған. О баста әлемдегі көптеген нәрселердің атауын үйретіп, періштелерден артық екендігін паш еткен. Құранда адамның жаратылу мақсатын білдірген аятта бұл шындық былай баяндалады:

«Әрі (адамзаттың өзге жаратылыстардан үстемдігі мен жердегі Алланың өкілі болуының хикметін ұғындыру үшін) Адам атаға барлық нәрсенің атауын (мән-мағынасымен қоса) үйретті. Артынша оларды періштелерге көрсетіп: «Қане, айтқандарың рас болса, Маған мыналардың атауларын айтып беріңдерші», – деді. (Сонда періштелер өздерінің шарасыздығын мойындап): «Сен мінсізсің, ұлысың! Біз Өзің үйреткеннен басқаны білмейміз. Шүбәсіз, Сен барлық нәрсені толық білуші, әр ісің мен әрбір үкіміңде талай хикмет болған асқан даналық иесісің», – деді. Сонда Алла (адам баласын періштеден абзал етіп жаратқанын паш ету үшін): «Уа, Адам! Оларға мыналардың атауын айтып бер», – деп бұйырды. Сонда Адам періштелерге бар нәрсенің атауын айтып бергенде, (Алла періштелерге): «Мен сендерге жеті қабат аспан мен жердегі ғайыптың бәрін білемін. Сондай-ақ, сендердің нені жария етіп, нені іштеріңе бүгіп, жасырып жүргендеріңді де жақсы білемін деп айтпап па едім?» – деді» («Бақара» сүресі, 31-33).

Осылайша адам баласының бойында үйрену, танып-білу, ойлану, өзін дамытып-жетілдіру қабілетінің бар екендігі көрсетілді.

Негізінен заттардың, болмыстардың атауының үйретілуі – ең үлкен нығметтердің бірі. Егер адам баласына заттардың атаулары сол кезде үйретілмесе, адамдардың бір-бірін түсінуі өте қиынға соғар еді. Әр айтқан нәрсесін алдына әкеліп көрсетіп, түсіндіруге мәжбүр болар еді. Егер адам баласына заттарды белгілі бір атпен атау қабілеті берілмегенде жер бетіндегі өмір дамымай, өте артта қалар еді.

Бұл ақиқатты біз қазір жақсы ұғынудамыз. Жоғарыда аяттан көргеніміздей періштелер өздерінде ол қабылеттің жоқтығын түсінген кезде, Алла Тағаланың ұлықтығын мойындап, Оны пәктеп, ұлықтаған еді.

Жоғарыда айтып өткендей, адамға ақыл және таңдау еркінің берілуі қабілет тұрғысынан періштелерден жоғары екендігін көрсетеді. Сондай-ақ оны періштелерден артық еткен қасиеті – құлшылық жасауы емес, айналадағы құбылыстарды танып-білуі, оны таразылап пайымдау қабілеті.

Неге десеңіз, егер артықшылық құлшылықпен өлшенсе, адамның періштемен бәсекеге түсуі мүмкін емес. Өйткені олардың табиғатында тек қана құлшылық жасау бар. Сондықтан олар жаратылған күннен бері әрдайым құлшылықта.

Дiн мен имaн нығметiнің беpілуi

Алла Тағаланың адаммен тілдесіп, оған пайғамбарлар жіберіп, оларға кітап түсіруі де оның қаншалықты ардақталғандығын көрсетеді. Сонда-ақ Жаратқанның пенделерін түрлі азғындықтардан, жамандықтардан сақтау үшін пайғамбарларын жіберуі – пенделеріне деген сүйіспеншілігі мен рақымдылығының белгісі. Адам баласы табиғатынан ұмытшақ болғандықтан абырой, ардақтылығымен қатар міндеті мен жауапкершілігін еске салып, ескертіп отырушы пайғамбарлар үздіксіз келіп тұрған. Бұл ақиқат Құранның көптеген аяттарында былайшы баяндалады:

«Уа, адамдар! Алла елшісі сендерге Раббыларыңнан хақты (ақиқатты) жеткізді. Ендеше, оған иман келтіріңдер, солай істегендерің өздерің үшін жақсы болмақ» («Ниса» сүресі, 170);

«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерге Раббыларыңнан айқын да, нақты дәлел келді һәм сендерге бәрін анық көрсетіп, жолдарыңды жарық ететін нұр түсірдік» («Ниса» сүресі, 174);

«(Уа, Мұхаммед!): «Уа, адамзат! Міне, сендерге Раббыларыңнан ақиқат, хақ дін жетті. Ал енді кімде-кім хақ дінді таңдап, тура жолға түссе, сөзсіз, өз пайдасы үшін тура жолға түскені. Ал кім күпірлікті таңдап, адасса, өзінің зиянына (маңдайының сорына) адасады. Мен де сендер үшін жауап беретін кепілші емеспін», – деп айт» («Юнус» сүресі, 57);

«Біз пайғамбарларды қуандырып сүйіншілеуші және (о дүниені) қорқытып ескертуші етіп жібердік. Елшілерден кейін адамдардың Аллаға қарсы сылтау болмауы үшін. Алла тағала аса үстем және хикмет иесі» («Ниса», сүресі 165).

Алла Тағала пайғамбар жіберіп, ескертусіз ешбір қауымға азап жібермейтіндігін мына аяттарында баяндаған:

«Раббың елдердің бас қалаларына аяттарымызды оқып жеткізетін елші пайғамбар жібермейінше, оларды жермен жексен етпейді. Біз халқы (күпірлікте, күнә істеуде һәм) зұлымдықта шектен шыққан залымдарға айналмайынша ешбір елді жермен жексен етпейміз» («Қасас» сүресі, 59);

«Біз алдын ала (ескертуші) пайғамбар жіберместен (күнәға батқаны үшін ешкімді және ешбір қауымды) азаптамаймыз» («Исра» сүресі, 15).

Пайғамбарлар әкелген дін арқылы адам баласы осы дүние және ақыреттік бақытқа кенеледі. Кемелдіктің жолына түсіп, нәпсімен күресу арқылы періштенің өзін жолда қалдырады. Жаратқан Жаббар ие пайғамбарларын, кітаптарын жіберу арқылы адам баласына мейірімділік танытып, ардақты да қадірлі еткен.

 Аманаттың жүктелуі

Әрине, берілген осынша артықшылықтың бір себебі болуы қажет. Әлемдегі ешбір нәрсені босқа жаратпаған Хақ Тағала көптеген артықшылық сыйлап Өз рухынан дем беріп, тіршілік тарту еткен, періштелерді сәжде еттіріп, жаратылыс атаулыны соның қызметіне беріп, халифа тағайындаған адам баласына үлкен жауапкершілік жүктелген.

Мына аятта «Расында, біз аманатты жеті қат көкке, жерге және тауларға (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда, олар оны мойындарына алудан қашты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп, оны адам баласы өз мойнына алды» («Ахзаб» сүресі, 72) деген аятта аманаттың «жеті қат көкке, жерге және тауларға» ұсындық деу арқылы оны сол жаратылыстар ғана арқылы көтере алатындай ауыр екенін атап өткен.

Алайда, ол жаратылыстар мойнына ала алмаған үлкен жауапкершілікті өмірі шектеулі, күш-қауқары аз, түрлі нәпсі қалаулары бар адам баласыны мойнына алған.

Бұл жердегі «аманат» сөзін тәпсіршілердің көбі «міндеттіліктер, парыздар» деп тәпсірлеген. Аманат адам баласының ақылы, ерік-жігері арқылы халифалық жауапкершілігін мойнына алуы. Алла Тағала өзі ерік, жігер, ақыл және өзге де қасиеттер дарытқан адам баласын осындай үлкен жауапкершілікке лайық деп тапқан.

Өзге жаратылыстар еріксіз, мәжбүрлікпен өз қызметін мінсіз атқарса, адам баласы барлық іс-әрекеттерін бойындағы кемшіліктерімен күресе отырып атқарады. Міндетін дұрыс атқарса, ерекше шарапатқа бөленеді, ал өз міндеті мен жауапкершіліктерін ұмыт қалдырса, жауапқа тартылады.

Өйткені, берілген сонша нығмет жауапкершілікті талап етеді. Адам баласы – Алланың ұлық аманатын мойнына алған ақылды жаратылыс. Осы ауыр да абыройлы жауапкершілікті лайықты түрде атқарған адам халифа болу қасиетін сақтап, жоғарғылардың ең жоғарғысына шығады.

О дүниелік болғанда да қадірленуі

Ислам дінінде адам баласы тірі кезінде қалай құрметті де қадірлі болса, өлгеннен кейін де сондай құрметті де қадірлі есептеледі. Адамның қадірлілігі соншалық, дүние салған мұсылманға ақырет әлеміне аттандырар кезде арнайы діни рәсімдер белгіленген. Мәселен, өсиеті мен қарызының өтелуі, денесінің арулап жуылуы, кебінделуі, жаназа намазының оқылуы, қабіріне көтеріліп апарылуы, мұсылмандардың мазаратына жерленуі, т.б.

Алла Тағала адамның ардақтылығын ұқтыру үшін ең алғаш жер бетінде адам өлтіру оқиғасы орын алған кездің өзінде оны қалай жерлеу керектігін үйретіп берген. Қабыл бауыры Абылды өлтіріп қойған кезде оған бір қapғaны жiбеpеді. Бұл оқиға Құранда былай баяндалады:

«Сол кезде Алла оған бауырының денесін қалай жерлеуді көрсету үшін бір қарға жіберді. Әлгі қарға жерді тұмсығымен (қазып, ол жерге бір нәрсені көмгенін көргенде ол өз-өзіне): «Қара басқыр! Бауырымның денесін жасыруда осы қарға құрлы болмағаным ба?» – деп аһ ұрып, опық жегендердің қатарына қосылды». («Мәидa» cүpеci, 31)

Осылайша Алла Тағала дүние салған адам денесінің көмілмей жер бетінде іріп-шіріп, ит-құсқа жем болып, қорланғанын қаламады. Әсілінде мұсылман баласына деген құрмет оны тек жерлеумен ғана шектелмейді. Артынан Құран оқылып, дұға бағышталады, кейбір өтелмей кеткен құлшылықтары орнына өтеледі, садақа беріледі, қабірі зиярат етіледі, қабірі арнайы қоршалып, аяқ асты етілмейді, қабір басында әдептілік сақталады, т.б.

Тоқсан сөздің тобықтай түйіні, ислам дінінде адам баласы – әлемдегі ең ардақты жаратылыс. Хақ Тағала оны барлық жаратылыстардан артық етіп жаратып, ақыл-сана, таңдау еркі беріп, ең әдемі бейнеде жаратып, Өзінің рухынан оған дем үрлеп, күллі жаратылыс атаулыны соны игілігіне беріп, періштелерді сәжде еткізіп, күндіз-түні қызметіне жүгіртіп, арнайы халифалық миссиясын мойнына жүктеген.

Кез келген пенде осы артықшылықтарды нығмет деп қабылдап, қадіріне жете білгенде ғана әу баста жаратылғандағы негізгі мақсатын орындайды. Ол мақсат – Алланы танып, Оған құлшылық етіп, бұйырған әмірлерін орындап, тыйғандарынан тыйылу.

Өкінішке орай, қазіргі кезде адамдардың көпшілігі осы мақсатты бағамдай алмағандықтан нәпсінің жетегіне еріп, Жаратқан иесін ұмытып, өзін ешбір әс-әрекетінен жауапсыз қожайын сезініп, адамдық қасиеттерінен айырылуда. Алайда, мейірімі шексіз Алла Тағала адамды ұлық мақсаттар үшін жаратқан.

Алау ӘДІЛБАЕВ

Пікір жазу