Сұрақ: Исламда ғалымдардың мәртебесі қандай?
Жауап: Қоғамда ғалымдардың орны ерекше. Қоғамның дамуына ғалымдардың тигізер әсері мол. Исламның адам баласына қоятын ең басты талабының бірі – білім алу.
Дінімізде адамның қадірі мал-дүниесімен немесе атақ-абырайымен емес, ілімімен және тақуалығымен өлшенеді. Ғалымдардың дәрежесі жоғары бағаланады. Хадисте ғұламалар пайғамбарлардың мұрагерлері деген мәтіндер де бар. Құран аяттарында білім иелері мен білімсіздердің тең болмайтыны, білім берілгендердің дәрежесін көтеретіні жиі баяндалған.
Ал, жат діни ағымдардың діни біліммен және Құран жаттаумен шектелу керек деген біржақты көзқарастары дін негіздеріне сай келмейді. Сондай-ақ ғалымдарға құрметсіздік көрсету исламда дұрыс амал санатынан емес. Демек, білім туылғаннан емес, ізденумен келеді екен. Қоғамда ғалымдарды құрметтеп, ілімдерін пайдалану қажетті амалдардан.
Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Шынында ғұламалар – пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да, дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені», деген.
Исламда білімді мен білімсіздің орны бөлек екен. Білім алып, ғалым болу баршамызға бұйырсын.
Икрам АЙТАЕВ











