Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына сапары аясында Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылындағы «Әл-Ықылас» мешітінің ашылу рәсіміне қатысты.
«Баршаңызды Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде жаңадан бой көтерген «Әл-Ықылас» мешітінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала жаңа мешітімізді иманның ұясы, ілімнің ордасы, тәрбиенің мектебі, бірліктің мекені, жүректер тоғысатын қасиетті орын еткей.
Алла Тағала Құран Кәрімде «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Расында, Алланың мешіттерін Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан адамдар көркейтеді», – дейді.
Бұл аяттан мешітті көркейту тек оның қабырғасын тұрғызумен шектелмейтінін аңғарамыз. Мешіттің шынайы көркі – оның жамағатында, оқылған намазында, үйретілген ілімінде, айтылған насихатында, жасалған дұғасында. Сондықтан бүгінгі ашылып отырған «Әл-Ықылас» мешіті ғимаратымен ғана емес, рухани тұрғыдан көркейе берсін деп тілеймін»,-деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, жаңа мешіттің сыйымдылығы – 250 адам. Құлшылық үйі ауыл тұрғындарының діни рәсімдерді орындауына және рухани қажеттіліктерін өтеуіне мүмкіндік береді.










