Баяғыда қара бұлттай қаптаған қалмақ шапқыншылығы кезінде Сыр бойы халқының берекесі кетіп, жұрт үдере көшкен екен. Кеше ғана қазаны қайнап, баланың күлкісі естіліп тұрған ауылдар иен қалып, боз жусан ғана желмен сыбдыр қағып тұрыпты. Атқа мінер ерлер қырылып, әлсіздері босқынға айналған ауыр заман туады.
Сонда ел ішінде бір хабар тарайды. Төрткүлтөбенің маңындағы қап-қара зәулім үңгірде ежелгі ханның алтыны жасырылған екен деседі. Бірақ ол алтынды адам емес, ордалы жыландар күзетеді-мыс. Жыландардың патшасы – көзі шоқтай жанған, арқасы қара шұбар, айбатты жылан екен.
Бұл хабарды құлағы шалған, осы төңірекке қалың қолдың күшімен өз билігін орнатқан қатыгезқонтайшының көзі қызарып кетеді. Ол өзінің Арыс пен Отырар арасындағы сарайы тұрған Босаға қаласында:
– Қайткенде де сол алтынды аламын! – деп жар салады.
Қалмақбасының сарбаздары елді қыспаққа алады. Қарияларды сабап, әйелдерді жылатып, тұтқындарды азаптап:
– Үңгір қайда?! Алтын қайда?! – деп сұрай береді.
Әйткенмен құпияны білетіндер сыр бермейді. Өйткені ол алтын жай байлық емес, ата-бабадан қалған киелі қазына деп сенеді. Оны күзеткен жыландар да жай мақұлық емес, жердің иесі, кие қонған сақшыларға саналады.
Ашуға булыққан қонтайшы тайшы, ноян, зайсандарын ертіп, ақыры өзі аттанады.
Күндердің күнінде хан әскері Төрткүлтөбенің етегіндегі қалың жыңғыл арасынан әлгі үңгірдің аузын тауып алады. Үңгір кіреберісі қап-қараңғы болып, ішінен мұздай леп еседі екен. Төңірек тым-тырыс. Тек анда-санда тас арасынан сусылдаған дыбыс шығады.
Қонтайшы садақшыларын бұйырады.
– Көрінген жыланды атыңдар!
Сарбаздар күндіз-түні жылан атаулыны қыра бастайды. Қарасын да, сарысын да, ақбасын да аямайды. Үңгір аузына от жағып, түтін жібереді. Қазандарға су қайнатып, үңгір ішіне төгеді.
Сонда жер астынан сұмдық ысыл естіледі. Тас қозғалғандай күңіреніп, іннен мыңдаған жылан қаптап шығады. Бірақ жау әскері аяушылық білдірмейді.
Ақыры үңгір түбінен алтын толы сандықтар табылады. Алтынның сәулесі қараңғы үңгірдің өзін күндей жарқыратып жіберген екен.
Қонтайшы мәз болады.
– Енді менің дәулетім дүниеден асады! – деп күледі.
Алайда дәл сол түні бір сұмдық басталады.
Әскердегі бір жігіт таң ата жан тәсілім етеді. Денесі көгеріп кеткен. Табанында ине шаншығандай ғана екі тесік бар. Келесі күні тағы бірі өледі. Одан кейін тағысы және тағылары.
Жұрт түн ішінде қара шұбар жыланның шатырлар арасында үнсіз сырғып жүретінін көреді. Оның көзі оттай жанып, ысылы адамның жүрегін мұздатады екен.
Көп ұзамай қонтайшының ең сенімді батырлары қырыла бастайды. Емі табылмайды. Бақсылар да, тәуіптер де шарасыз қалады.
Бұлар да жыланды қанша қолға түсірейік деп, түн баласы кірпік ілмей шықса да, амал ете алмай, әбден зәрезап болады.
Сонда бір қазақ қария:
– Бұл – киенің наласы. Жердің иесін мазаладыңдар. Қазынаны қайтармай тыныштық таппайсыңдар, – дейді.
Бірақ қонтайшы сонда да тәкаппарланып:
– Менен асқан күш жоқ! – деп кекірейеді.
Дегенмен ажал да мысықтабандап жақындай береді. Кезек қонтайшының өз балаларына келеді. Бірінен соң бірі тіл тартпай құлайды. Орда ішін жоқтау басады.
Қорыққан қонтайшы ақыры көшуді бұйырады.
Түн қараңғысында керуен жиналып, алтын артқан түйелер боз далаға қарай ұзап кетеді. Әйтсе де сол көштің артынан бір қара шұбар жылан қалмай еріп отырады екен.
Кейде ол түйенің көлеңкесінде сырғып бара жатады, кейде бос бесіктің ішіне кіріп алып, үнсіз шиыршықталып жатады дейді. Оны көрген әйелдер шошып, балалар жылапты.
Бірнеше күн жол жүрген көш Қазығұрттағы қызыл жардың қарсы бетіндегі мөлдір бұлаққа келіп тоқтайды. Жолаушылардың бәрі шөлден қаталап келе жатқан.
Қонтайшы соңынан шұбаған елді тоқтатып, атының басын тежеп:
– Алдымен суды мен ішемін! – дейді.
Бірақ дәл сол сәтте ешкімге байқатпай, әлгі қара шұбар жылан бұлақ қасындағы жалғыз ағаштың басына өрмелеп шығып алады.
Қалмақбасы суға еңкейген мезетте, ағаш бұтағынан зу етіп атылған жылан оның мойнына оратылып, шақ ете қалады.
Қонтайшы жан даусымен айқайлап жерге құлайды. Денесі әп-сәтте қарайып, көзі алайып кетеді.Сарбаздар не істерін білмей абыр-сабыр болады. Ал қара шұбар жылан болса, бұлақ суына басын иіп, асықпай ғана шөлін қандырып алып, жыңғыл арасына сіңіп жоқ болады.
Содан бері қонтайшы өлген сол бұлақ ел ішінде «Жыланды бұлақ» аталып кетіпті.
Қазығұрттағы жұрт әлі күнге дейін: «Киелі жердің киесіне тиме. Жер иесінің қарғысы қатты болады», – деп осы хикаяны ұрпағына айтып отырады.
Бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға айтыла-айтыла бұл хикая, мінекейіңіз, оқырманға да жетті! Маған әкем Мамырайхан айтты, сіздерге енді Абылайхан айтты!
Мархаба!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ





