Интернетте таралып жатқан мәліметтерге сүйенсек, Түркияда ықпалды діни «Сүлейменшілер» қауымының жетекшісі, кәсіпкер Алихан Куриш және тағы 48 адам ұсталды. Тергеу кәсіпкердің қылмыстық әрекеттеріне, атап айтқанда, ақшаны жылыстату ісіне байланысты жүргізілген.
Қауымға тиесілі компаниялардың тіркелген мекенжайларын қоса алғанда, 123 мекенжайда тінту жүргізілді. Компаниялардан шығу тегі белгісіз ірі көлемдегі ақша аударымдары анықталған. Сонымен қатар шамамен 100 млрд түрік лирасының (2 млрд доллардан астам) шетелге шығарылғаны белгілі болды.
Түркияның Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи кәсіпкер әрі «Сүлейменшілер» діни қауымының жетекшісі Алихан Куриш басқаратын ұйымдасқан қылмыстық топтың ақшаны жылыстату ісі бойынша 30 адамның ұсталғанын растады.
Оның айтуынша, Анкара прокуратурасы 43 адамды ұстауға ордер берген.
Бұған дейін Cumhuriyet газеті Түркия астанасының прокуратурасы «Сүлейменшілер» қауымының жетекшісі Алихан Куришті қоса алғанда, 49 адамды қамауға алу туралы шешім шығарғанын хабарлаған.
«Бүгінгі операция 2016 жылдан бері Алихан Куриш басқарып келе жатқан ұйымның қылмыстық және қаржылық бөлімдеріне бағытталған. Оған дайындық ұзақ уақыт бойы жүргізілді», – деді Түркия Ішкі істер министрі NTV телеарнасының эфирінде. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тағы 10 күдікті іздестіріліп жатыр, ал іс бойынша үш фигурант шетелде жүр.
Министрдің мәліметінше, Куришке бағынысты құрылымдар Германияның Кёльн қаласында құны 70 млн доллар болатын ірі орталық салып жатыр.
Анкара прокуратурасының мәліметінше, күдіктілерді ұстау операциясы бейсенбі күні елдің 17 провинциясында, соның ішінде Анкара мен Антальяда жүргізілген. Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайлары және қауымға тиесілі 33 компанияның тіркелген орындарын қоса алғанда, 123 мекенжайда тінту жүргізілді. Компаниялардан шығу тегі белгісіз ірі көлемдегі ақша аударымдары анықталған. Сонымен қатар шамамен 100 млрд түрік лирасының шетелге шығарылғаны белгілі болды. Компанияларға сыртқы басқарушылар тағайындалды.
«Сүлейменшілер» – Түркиядағы ықпалды діни қауымдардың бірі. Ол өткен ғасырдың ортасында құрылған. Қауымның Түркияда және шетелдерде елеулі қаржылық ресурстары бар, сондай-ақ Құранды оқып-үйрететін курстары жұмыс істейді.








