Топан судан аман қалған тау немесе әулиенің есімі тау атауында қалай мәңгіленді?!
Оңтүстік Қазақстан жерінде, Алатаудың батыс баурайында биіктігі шамалы, бірақ қасиеті мол бір тау бар. Алыстан қарағанда шөгіп жатқан қос өркешті түйені елестететін бұл тау – Қазығұрт. Оның атауы туралы ғылыми пікірлер де, халықтық аңыздар да бар. Алайда солардың ішіндегі ең ерекшесі – таңғажайып мән ұя салған әулиелік нұсқасы дер едік. Қызығы сол, ол «Екінші Адам» атанған Нұқ пайғамбарға дейінгі ықылым дәуірлерден сыр шертеді. Әлқисса, бүгін сол версияны оқып, талдап тарқатамыз.
Атаудың негізіндегі тұлға
Әфсана бойынша, Алатаудың батыс баурайындағы аласа тауда Қазығұрт есімді әулие өмір сүрген. Ол ақылды да әділ, бүкіл ғұмырын Аллаға қызмет етуге арнаған саф-сафуан кісі екен. Оның маңайындағы халыққа ол тек рухани ұстаз ғана емес, ақылшы да, қамқоршы да болады. Өз дұға-тілектестігімен талай рет апаттан аман алып та қалады. Оның шарапатынан атырап шад-шадыман, бақ-берекелі тіршілік кешеді.
Апат пен тәубе
Сол замандары жер бетін ен жайлаған бүкіл ұлыстар мен халықтар арасында ынтымақ бұзылады! Күшті әлсізді жейді, жас кәріні тыңдамайды, ел ішінде зорлық пен алауыздық, қиянатшылық етек алады. Бірін-бірі аңша талап жатқан қауымға Жаратушы жаза жібереді. Жыландар мен шаяндар, у аралас жаңбыр, егістіктің бүлінуі дейсің бе, небір сұмдықтар орын алады. Бұқара жаппай қырғынға ұшырайды.
Бұл бейне тек қазақтың аңызы ғана емес, Құран Кәрімнің де, Тәураттың да, барлық аспани кітаптың да ортақ сабағы: қауымдар бір-бірімен айрандай ұйыған болмаса, Тәңірінің қаһары келеді. Адамдар соны ұмытқанда, шын ақиқат пен құндылықтарды апаттар тізбегі еске салады.
Содан сол, жұмыр бастарына сұмдықтар үйіп-төгіліп, нешеме катаклизмдерден аман қалған азшылық, «Жасаған алдында дұға етіп, бізге араша түсер ме?!» деген үмітпен жылап еңіреп, шұбырып шұбап, Қазығұрт атаның маңына келеді. «Мұнда жыландар мен шаяндар жоқ. Демек, бұл мекен – қорғалған мекен» деседі. Халық бас иеді, күнәсін мойындайды.
Бәрі бірауыздан:
– «Бізді мына азаптан құтқарып, ажалдан алып қалу тек сенің қолыңнан келеді. Сенің арың Құдай алдында таза, біз сияқты күнәһар пендеңе араша түсіп, ажал мен азаптан құтқар. Қателігімізді мойындап, алдыңа бас ұрып келіп отырмыз», – дейді.
Сонда Қазығұрт ата шарт қояды:
– «Сендер Құдай алдында күнәға батып, кешірілмес қылмыс жасадыңдар. Сол үшін Алла сендерді жазалап отыр. Егер сендер ақымақтық істеріңді тастап, бір-біріңді зорлаудан, тонаудан аулақ болсаңдар, араша түсейін».
Бұл – тәубе-тобаның басты шарты. Ілімде тоба – күнәдан аулақ болу, өткенге өкіну мен қайталамауға бекем тұру сынды талаптардан тұрады. Яғни, қандай да бір қауым я кісінің өзінің алдыңғы жағдайынан кері қайтуы: «Егер күпірлікте болса, иманға қайтуы. Жаманшылықта болса, жақсылыққа қайтуы. Надандықта болса, білімге қайтуы. Ақымақтықта болса, ақылға келуі».
Ажалдан қорқып, азаптан үрейленген әлгілер:
– «Тастаймыз! Енді қайталамауға уәде етеміз, егер осыдан құтқарсаң, бәрін де орындаймыз», – деп шуласып, ант береді.
Ата да уақыт жоғалтпай, ізінше қолын жайып дұға етіп, сұрау салыпты. Құдай Қазығұрттың арзуын қабыл алып, күнәлар кешіріліпті-дүр. Алайда аңыздың кәраматы да осы жерде! Әулие ата сол сәттен бастап өз есімін тауға беріп, содан бері тау «Қазығұрт» делініп, оның тарту еткен әулиелік сиынан «Қазығұрт – киелі, әулие тау» атанады.
Топан су және Нұх пайғамбардың кемесі
Біз жаңа әфсананың бірінші бөлігін атап өттік. Аңыздың екінші бөлігі – Қазығұрт тауының қасиетін, тіпті де негізді сакральды тарихқа апарады. Замнаннан заман өтіп, жер-дүние мұхит-теңізге, жауын-шашынға қарық болып, Нұқ пайғамбардың кемесі топан суда жүзіп жүргенде, тоқтайтын жер таппайды. Барлық таулар мен құрлықтар суға батқан. Сол кезде Жасаған әмірімен кеме Қазығұрт тауына қарай бет алады.
Неге дәл Қазығұрт? Аңыз жауап береді: «Елге қызмет етіп, бар ғұмырын Құдай жолына арнаған қасиетті Қазығұрт ата әулие бұл жерде өмір сүріп, өз атын тауға тарту еткендіктен, өзге таулар сияқты емес, бұған ерекше мейірімі түседі. Сондықтан басқа таулар сияқты биік болмаса да, су астына шөкпеген жалғыз осы екен. Жерорта теңізінің о жақ, бұ жағынан шыққан Нұқ пайғамбардың кемесі суда 7 ай, 7 тәулік, 7 сағат шамасында жүзіп, ақыры не керек, осы Қазығұрт тауының басына келіп тоқтайды».
Өз кезегінде бұл баян – кішілік пен биіктіктің ислами түсінігін керемет суреттейді. Биіктік – денедегі емес, ниеттегі. Ұлылық – мол болуда емес, адал болуда. Қазығұрт тауы биік болмады, бірақ таза болды. Сол тазалықтың арқасында ол топан судан аман шықты.
Айтып айтпай не керек, Нұқ пайғамбардың кемесі осы тау басына қайраңдап, ұшар басына тіреліп келіп тоқтайды.
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?», – деп басталатын жырдың түп қайнары, міне, қайдан?!
Жаһандық масштабтағы қисын да аңқып тұр, иә? Ойла! Жер бетіндегі тіршіліктің жаңадан басталуы – осы таудан арна тартады.
Қалай десек те, бұл аңыздың мән-маңызы шексіз терең: Қазығұрт – тек бір өңірдің тауы емес, жалпыадамзат тарихымен астасқан символдық нүкте.
Екі аңыздың бір түйіні
Бір-біріне қосақтала жалғасқан бұл аңыздардың екеуі де бір ойды екі жолмен айтады:
Бірінші аңызда Қазығұрт ата халықты апаттан алып қалады. Ол тауға өз атын береді. Тау – оның рухани ізі болады.
Екінші аңызда сол тау – Нұх пайғамбардың кемесін қабылдайды. Неге? Себебі ол тауды мекен еткен әулиеніңқұрметі үшін.
Екеуінде де бір орталық ой бар. Атап айтқанда, бұл жердің қасиеті – онда тіршілік еткен адамның рухани деңгейімен байланысты дегенге саяды. Тау аласа болса да, оны жайлаған жанның ізгілігі мен тақуалығы арқасында Хақтың ерекше назары түскен. Яғни топырақ киеленеді. Бұл тәңірлік танымның топонимикадағы ең ауқымды әрі ең терең көрінісі.
Жер атауларындағы рухани із
Қазығұрт тарихы ілкі бір транцедентті заңдылықты тағы бір рет дәлелдейді: кей елдімекендер мен топонимдердің уәждеме-негіздемесінде әулиелердің есімі мен қайраткерлігі жатады.
Мысалы, Бабата – Ысқақ бабтың есімінен. Боздақата – ғұламаның дауысынан. Жылыбұлақ – Баба Түкті Шашты Әзіздің кереметі ізінен. Қазығұрт – әділ де ақылды, ғұмырын Хаққа арнаған бір әулие бабаның есімінен.
Ғажап емес пе?
Бәрінің де тамыры бір: Жасағанға жақын болған жандардың ізі – жерде де қалады. Олар кетеді, әйтсе де аттары тауда, бұлақта, ауылда өз аймағын кие мен иеге байлап мәңгі тіршілік етеді.
Қорытынды
Қазығұрт тауы – Түркістан облысына қарасты шағын тау. Дегенмен оның тарихы асқаралы. Ауызша-шежірелік тарихнамаға сәйкес, осылайша, бір әулие бабаның бүкіл ғұмыры сол тауда бұғып жатыр. Халықты апаттан алып қалды, Аллаға дұға оқыды, тауға өз атын берді. Ал Жаратушы оның есім-сойын алапат толқындарды толқынға ұрған топан судан да биік ұстады.
Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған тау кішігірім-ақ. Бірақ мағынасымен биік! Ең бастысы, хақиқат жолға адал болды. Сол адалдық оны мәңгіліктің картасына жазды.
Пах, жер-су атаулары – халықтың рухани паспорты! Қазығұрт – соның ең мазмұнды беттерінің бірі.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ









