Қылышы да, иманы да өткір бабаның мәңгі ізі!
Қазақ жерінің топонимикалық картасын оқу – тарихтың тылсым бетін ашумен бірдей. Бір атауда бір ғасырдың хикаясы, енді бір жер атында әлдебір айтулы тұлғаның бүкіл өмірі жатуы мүмкін. Түркістан облысы Ордабасы ауданының аумағындағы Қараспан округіне қарасты Батырата елдімекенінің де дәл осындай тереңдігі бар. Темірлан ауылынан оңтүстік-батысқа қарай небары 8 шақырым жерде орналасқан бұл мекеннің атауы тарихтан да, рухани мұрадан да сыр шертеді.
Үш қасиет – бір тұлға
Халық жадында сақталған деректерге сүйенсек, ерте замандары Батыр есімді баһадүр осы өңірде өмір сүрген. Бірақ оның ерекшелігі бір ғана қасиетпен өлшенбейді. Ел оны 3 сипатпен атайды: әрі әулие, әрі тақуа-адал, әрі батыр.
Өз кезегінде бұл үштік кездейсоқ емес. Қазақ дәстүрінде мұндай тіркес сирек қолданылады: – «Батыр» – жауынгерлік ерлік, халқын қорғау.
– «Адал» – тіршіліктегі тазалық, ішкі тұтастық.
– «Әулие» – рухани биіктік, яғни Аллаға жақындық.
Осы үшеуі бір адам бойында ұштасқанда, ол тек батыр да емес, тек әлім де емес, тек сопы да емес. Ол халқының рухани да, жауынгерлік те тірегі болған сайыпқыран тұлғаға айналады.
Ислам тарихында бұл үштіктің үлгісі баршылық. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) кейбір сахабалары да, кейінгі ғасырлардағы Ислам сардар-сарбаздары да ғибадат-намазы мен қылышын бір қынапта ұстаған адамдар болды. Дінін де, елін де аманат ретінде қорыды.
Өсиет
Батыр баба ұрпағына «Маңдайы құтты батыр» болуды, яғни, ең әуелі осы ұғымды толтыратын 3 нәрсені – елі-жерін қорғауды, дінін қорғауды аманаттап кеткен. Және тек қорғаумен шектелмей, «көркейіп өсіп-өнуді» де өсиеттеген:
«Маңдайы құтты – батыр,
Таңдайы құтты – шешен!
Бақа көлінде патша,
Балық суында патша,
Жігіт елінде патша,
Өз елінде көртышқан да батыр,
Мыңға татыр!
Ел барда ер қор болмас,
Ер барда ел қор болмас,
Ел үшін еркек кіндік құрбандық,
Ел – ырыстың кілті,
Ер – ырыстың қорғаны!
Ақын – ұлттың жүрегі,
Шешен – көптің тірегі,
Батыр – көптің білегі.
Батырға оқ дарымайды,
Батылға жау жоламайды.
Бәрі де елің-жерің, ділің-дінің үшін!».
Әрине, атам қазақ тілінен түскен бұл өсиеттің ішкі мазмұны терең: «Елің» деген адами бірлік болса, «жерің» дегені тіршіліктің негізі. Ал «дінің мен ділің» рухани болмыс пен ұлттық сана. Осы төртеуін «жан аямай» қорғау – жай ғана жауынгерлік ұран емес, мұсылман азаматтың парызын тұжырымдаған рухани өсиет.
Ислам діні де осыны үйретеді. Мүмін адам тек өз жанын ғана емес, жанұясын, қауымын, Алла берген жерін де қорғауға міндетті. Батыр да ел алдында «айбарлы ата» ретінде тұғырланып, сол қағидатты өз бейнесімен дала шегінде іске асырды. Ілімді уағызбен ғана емес, өмірімен дәлелдеді.
Ордабасының қасиетті топырағы!
Батырата елдімекені орналасқан Ордабасы ауданы – тарихи тұрғыдан алғанда Қазақстанның рухани да, мемлекетшілдік-жауынгерлік те жадындағы маңызды аймақ. Бұл өңір Исламның Орта Азияда ертеден тамыр жайған орталығы Түркістанға жақын. Дінді де, ділді де осы топырақта көздің қарашығындай сақтаған ата-бабалардың ізі мол жерде Батыр сынды тұлғалардың өмір сүруі – заңдылық.
Оның ерлік мұрасының да басқа емес, «Батыр» деген ардақты атты еншілеп, осынау маңға ұялауы да тегін емес. Мәлім болғандай, Ордабасының өзі де ел қорғау тарихымен тікелей байланысты топоним – «Алтайдан сонау Атырауға дейінгі Алаш баласы, түстіктегі жер ортасы – Орданың басына жиналыңдар!» деген шақыру үндеу жасалған жер. Құрылтайлар бұдан бұрын Қарақұм, Күлтөбеде дәстүрлі түрде өткенімен, мұның ерекшелігі – Ордабасыдағы басқосуда қазақ жұрты өзара бәтуаласып түсінісіп, қолбасшы сайлап, ел тас-түйін ырыс-ынтымаққа жетті. Сөйтіп, киелі жердің қасиетінің арқасында, Алла жар болып, әруақтар қолдап, жоңғар басқыншыларына алғашқы қатты соққы осы арадан бастау алды. Содан беріде бұл төңірек «Ордабасы» аталып кеткен. Демек, ол өңір тарихтың, рухтың, аңыздың бір-бірімен тоғысқан аймағы.
Халық тіліндегі ескерткіш
Батыр ата дүниеден өткен соң, халық оны ұмытқан жоқ. Ұмытпаудың жолы – ныспысын жерге беру болды. «Батырата» деген атауда екі сөз бірігіп кеткен: «Батыр» – жауынгерлік беделі, «ата» – рухани ұлылығы мен ата тегіне деген ізет. Осы екеуі қосылып, бір топонимге айналды.
Бұл қазақтың ілкіден келе жатқан ескерткіш тұрғызу тәсілі. Мәрмәр тас немесе қола мүсін емес, жер атауы арқылы мүсіндеу! Мыңдаған жыл тозбайтын, өзгермейтін, тіршілікте айтылған сайын жаңаратын ескерткіш. «Батырата» деген сөз айтылған сайын, сол баба естелігі де тіршілікке оралады, өсиеті де өнегеленіп естіледі, басқан ізі жаңарады.
Жер атауларындағы рухани таңба
Батырата тарихы жалпы бір терең заңдылықты тағы бір рет дәлелдейді: кей елдімекендер мен топонимдердің уәждеме-негіздемесінде әулиелердің есімі мен қайраткерлігі жатады.
Мысалы, «Бақырша» елдімекені атауы – зікір салған қарияның дауысынан туды. Бабата – Ислам дінін уағыздаған Ысқақ бабтың есімінен. Темір – намаз үстінде қаза тапқан жиһангер тақуаның қанынан. Тиісінше, «Батырата» – дінін де, елін де тәңіри аманат ретінде аялап ұстаған батыр бабаның ерлік жолынан!
Осы барлық атаулардың арасында бәрін бір-бірімен байлайтын бір нәзік жіп тартылған. Ол: «Халық қаласа, рухани тұлғаны жер атауымен мәңгілендіреді» дегенге саяды. Бұл – тек тіл заңдылығы емес, бұқараның ризашылығы мен адалдығының географиялық тілдегі көрінісі.
Ислам дінінің Қазақстанда таралу тарихы – мешіт-медресе мен жазба деректерден ғана оқылмайды. Осындайын жер-су атауларынан да оқылады. Қарашы: Батырата, Бақырша, Бабата – бұлар тек елдімекен емес, Исламның бұл жерде ілкіде жасаған тіршілігінің нақты айғақтары.
Қорытынды
Батырата ауылы – кішігірім мекен. Бірақ оның атауы үлкен мағынаны ұстап тұр. Ол атауда – дінін де, елін де жан аямай қорғаған, ұрпағына ізгілік пен ерлікті мирастаған бір алпауыт бабаның өмірі сыйып тұр.
Ол баба кеткен. Өсиеті қалды. Өсиеті атауға айналды. Атауы – бүгін де тіршілікте!
Жер атаулары – халықтың рухани паспорты. Батырата да соның тағы бір мазмұнды беті, тағы бір мәңгі жолы.
Солай!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ











