Қазір кез келген танымал адамды тұлға дейміз. Шындығында, нағыз тұлғалар санаулы. Сондай тұлғаның бірі – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, белгілі ғалым, білікті дипломат Әділ Ахмет. Біздің айтулы ғалыммен әңгімеміз өнегелі өмірі жолы жайында өрбіді.
– Адамның болашақ тағдырына туған жері, ата-анасы, өскен ортасы әсер етеді. Сіз қандай ортада өстіңіз? Алдымен әңгімеңіздің әлқисасын содан бастасаңыз?
– Бұрынғылар «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп бекер айтпаған. Менің кіндік қаным тамған жерім – атақты Тәңіртаудың етегі. Дәлірегінде, Алматы облысы қазіргі Райымбек ауданы Нарынқол селосы. Тәңіртау – ежелгі түркі атауы. Бұл әлемдегі ең биік таудың бірі. Осы таудың іргесінен Байынқол, Текес өзені ағады. Әкем төрт ағайынды еді. Алдында үш ағасы болған. Соғыс басталғанда төртеуі де әскерге алынған. Онда маған алты ай ғана толған екен. Қанды қырғыннан әкемнің ең үлкен ағасы Қайшыбек атам ғана дін аман оралды. Әкем тете екі ағасымен бірге майданда көз жұмды. Қайшыбек атам соғыста атты әскердің жылқысын бағыпты. Соның арқасында аман қалдым деп отыратын. Балалық шағымыз соғыс жылдарына тап келді де, кішкентайымыздан қиыншылық көріп өстік. Алайда анам маған әкемнің жоқтығын ешқашан білдірген емес. Жетімдік көрсетпеді. Қатарымнан кем қылмай өсірді. Тәлім-тәрбиесін берді. Алаңсыз білім алуыма жағдай жасады. Сондықтан анама мәңгі қарыздармын.
Менің азамат болып қалыптасуыма Қайшыбек атамның да көп ықпалы тиді. Ол кісі мені «кенже бауырымның баласы» деп, ерекше жақсы көрді. Ешқашан бетімнен қақпады. Сабақ біткеннен кейін жайлауға алып кететін. Жаз бойы сонда боламын. Атама көмектесемін. Мал бағамын. Таудың ауасы ғажап. Әсіресе көктемде жайлау айрықша құлпырып кетеді. Неше түрлі шөптің хош иісі мұрын жарады. Бір жағынан, жайлауда атқа мініп, суға түсесің. Күнде қымыз, айран ішесің. Осылай бала күнімнен шынығып өстім.
– Орта мектепті бітіргеннен кейін шет тілі факультетіне оқуға түсуге ағаңыздың досының бір ауыз сөзі себепкер болыпты. Сол рас па?
– Рас. Мектеп бітірген жылы бізді комсомол ұйымы «ауданға жемшөп әзірлеуге көмектесу керек» деген ұранмен шөп шабуға жіберді. Амал жоқ, көндік. Соғыстан кейінгі ауыр кезең. Елдің тұрмысы жүдеу. Техника жоқ. Бәрі қолмен істеледі. Адам күші жетпеген жерге жылқы жегеді.
Қырға келіп шөп шаптық. Мен сырғытпаға отырдым. Бірде оның тісі суырдың ініне кіріп кетіп, сырғытпамен бірге аударылдым. Көзімді ашсам, ештеңе көрінбейді. Бет-аузым топыраққа көміліп қалған. Балалар тұрғызып алды. Егер cырғытпаның тісі сәл қиыс кетсе, мені оңдырмайды екен. Құдай сақтады. Сосын аман-есен тұрғанда ауылға кетейін деп ойладым. Бірақ оны ешкімге айтқан жоқпын. Түнде жұрт қалың ұйқыға кеткенде бір атты рұқсатсыз мініп, отыз шақырым жердегі ауылға келдім. Шешем түрімді көріп шошып кетті. Оған болған жағдайды түсіндірдім. Ертеңіне анама Алматыға оқуға баратынымды айттым. Ол кісі бұған қарсы болмады. Қайта қолдады. Содан кейін әкемнің тетелес ағасы Ақтанбай көкемнің үйіндегі абысыны Бүбіш апамен барып ақылдасты. Өйткені көкемнің менен 3-4 жас үлкен Әшір деген баласы бар еді. Сол кезде ол жиырмадағы соқталдай жігіт. Оның Алматыда Талдыбай есімді жақын досы бар екенін білеміз. Сондықтан анам абысынына «мені оқуға Әшір алып барсын» деп өтініш айтты.
Әшір екеуміз Алматыға келдік. Бұрын мұндай үлкен қаланы көрмегенмін. Маған бәрі таңсық. Талдыбайдың үйіне түстік. Қарт анасы екеуі тұрады. Өзі ішкі істер саласының офицері. Бізді жылы қарсы алды. Кешкі ас үстінде Талдыбай: «Әділ, қандай оқуды таңдап келдің?» дейді. Не айтарымды білмей, күмілжіп қалдым. Сосын оның өзінен: Осы үйге жақын оқу орны бар ма?» деп сұрадым. Талдекең: «Біздің үйге Қазақ педагогикалық институты шет тілдер факультетінің ғимараты жақын. Алыс емес. Жаяу баруға болады. Онда құжатыңды соған тапсырайық», деді. Келістім. Ертеңіне үшеуміз аталған оқу орнына келіп, ағылшын тілі мамандығына құжатымды өткіздік. Емтиханға үш күн қалыпты. Соған үлгергеніме қатты қуандым. Біз мектепте ағылшын тілін оқығанбыз. Соның да пайдасы тиді. Барлық емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға түстім. Болашақ зайыбым Дариға да менімен бірге түсті. Ол Талдықорғаннан бір ай бұрын келіп, оқуға дайындалыпты. Екеуміз бір факультетте оқыдық. Бірінші курстан сабақты үздік оқыдым. Қоғамдық жұмысқа да белсене араластым. 2-курсты бітірерде факультет деканы мен кафедра меңгерушісі мені шақырып алып: «Әділ,оқуың жақсы. Көңіліміз толады. Жақында біздің факультет ҚазПИ-ден бөлініп, жеке шаңырақ құрады. Сен осылай сабағыңды үздік оқысаң, бітіргеннен кейін оқытушылыққа алып қаламыз», деді. Бұл сөз маған қанат бітірді. Содан көп ұзамай Алматы шет тілдер институты құрылды. 1963 жылы зайыбым екеуміз оқуды ойдағыдай бітіріп, осында оқытушы болып орналастық. Тойымыз да осында өтті. Мұнда табаны күректей 35 жыл қызмет істедім. Барлық жастық шағым осында өтті. Қатардағы оқытушыдан ректорға дейін көтерілдім.
– Алматы шет тілдері институтының проректоры кезінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты оқудан негізсіз қуылған бір топ қазақ жастарына араша түсіпсіз. Осы оқиғаның шындығын ашып айтасыз ба?
– Желтоқсан көтерілісі болғанда демалыста едім. Алайда үйде тыныш жатуға арым бармады. Жұмысқа шықтым. Оқиға өткеннен кейін қуғындау басталды. Алдымен олардың қырына жоғары оқу орындарының басшылары ілінді. Бірқатар ректор қызметінен босады. Біздің ректор да қатаң сөгіс алып, жұмысынан кетті. Оның қызметін уақытша атқаруды маған жүктеді.
Бірде Қазақстан комсомолының орталық комитетінде осы оқиғаға байланысты жиын өтті. Оны Жоғары және арнаулы орта білім министрі Көпжасар Нәрібаев жүргізді. Оған жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Мәскеуден де арнайы өкілдер келіпті. Бірінші министр баяндама жасады. Содан кейін сөз кезегі «қонақтарға» тиді. Олар оқу орнындағы тәрбие жұмысының кемшіліктері туралы біраз сын айтты. Қазақ жастарын айыптап сөйледі. Ешкім оларға жауап қайтармады. Үнсіздік. Бір кезде Көпжасар Нәрібайұлы: «Араларыңызда сөйлейтін адам бар ма?» деді. Қолымды көтердім. Министр: «Маған сіз кім боласыз?», дейді. Негізі ол кісі мені таниды. Проректорлыққа өзі тағайындаған. Ал мен оның емеурінінен жанашырлықты ұқтым. Бірақ үнсіз қалғым келмеді. Намысым жібермеді. Әсіресе Мәскеуден келген «қонақтарға» зығырданым қайнады. Шығып сөйледім. «Одақтық басылымдарда қазақ халқын айыптаған түрлі мақалалар жарияланды. Біздің халық кешегі қиын-қыстау жылдары елімізге қоныс аударған қаншама өзге ұлт өкілін кең құшағын жайып, қарсы алып, үйіне тұрғызды. Жарты нанын солармен бөліп жеді. Енді бүгін «ұлтшыл» атанып отыр. Қазақ қолы ашық, жомарт, достыққа адал халық. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында тек қазақ жас-тары оқиды деген де өтірік. Бұл – жала. Мәселен, шет тілдер институтында елімізде тұратын барлық ұлт өкілінің баласы білім алады», дедім.
– Сізді ешкім қолдаған жоқ па?
– Жоқ. Келесі күні мені қалалық партия ұйымының бюросына шақырды. Онда да осы мәселе сөз болды. Бюро мүшелерінің арасында өзіміздің ағайындар да жетерлік. Тіпті олар басқаларға қарағанда белсенділік көрсетіп, мені «сұрақтың» астына алды. «Оқу-тәрбие жұмысында олқылық жіберіпсіңдер» деп сынады. Біреуі: «Солтүстік облыстардан келген жастар неге аз?», деп сұрады. Сосын кезек маған келді. «Мен сіздердің айтқан сындарыңызбен келіспеймін. Оқу орнынан алаңға жастар барған шығар. Бірақ одан ештеңе бүлінді деп ойламаймын. Біздің студенттердің дені – қыздар. Тәрбие жұмысы ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Қазір барлық солтүстік облыс орталығында педагогикалық институт бар. Онда шет тілдері факультеті ашылған. Бізбен оқу бағдарламасы бірдей. Ешқандай айырмашылық жоқ. Содан болар, ата-аналар балаларын алысқа жібергісі келмейді. Жақыннан оқытқысы келеді. Сонымен қатар елімізде 8 мың қазақ мектебі бар. Оның тең жартысы – қазақ, жартысы – аралас мектеп. Сондықтан оқуға келетін жастардың 50 пайыздан астамы қазақ мектебінен, ал қалғаны аралас білім ұясынан келеді. Бұған босқа күдіктенбеңіздер», дедім.
Сонымен бюродан жай сөгіс алып құтылдым. Кейін Желтоқсан көтерілісіне байланысты институттан шыққан студенттерді оқуға қайта қабылдадым. Олардың бәрі де қыздар. Бәрі де оқуды үздік оқиды. Бір күні кабинетіме оқу орнындағы партия ұйымы хатшысының орынбасары Дмитрий Васильевич келді. «Әділ Құрманжанұлы, сіз Желтоқсанға қатысқан жас-тарды оқуға қайтадан алыпсыз. Бізбен неге ақылдаспайсыз?», дейді. Бір үйде тұрамыз. Жақын таныспыз. Сондықтан: «Дмитрий Васильевич, сіз екеуміз көршіміз. Сіздің балаңыз 2-курста оқиды. Сонда сіз «Желтоқсан көтерілісін сіздің балаңызбен қатар жастар жасады деп ойлайсыз ба? Олардың қандай кінәсі бар?», деп едім, қап-қара болып түтігіп кетті. Бұл енді жоғарыға баяндап, мені тағы да қудалайды деп ойладым. Бір күн өтті. Тыныш. Екі күн өтті. Ешқандай сыбыс жоқ. Үшінші күні «Дмитрий Васильевич қайда?» десем, әріптестерім оның жұмыстан шығып, Саратовқа көшіп кеткенін айтты.
– Еліміздегі ең беделді оқу орны Қазақстан-Британ университетінің ашылуына да мұрындық болыпсыз. Осыған да тоқталсаңыз?
– 2000 жылдардың басында елімізге Ұлыбританияның Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары сэр Джон Керр мырза келді. Бұл кісі осы қызметті 17 жыл тұрақты атқарған. Саясаткерлер арасында өте беделді тұлға. Мен онда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарымын. Ресми қонақты әуежайдан күтіп алдым. Алдымен министрлікте екі ел арасындағы дипломатиялық мәселелер бойынша келіссөз жүргізілді. Түстен кейін қонақты Президент қабылдады. Мемлекет басшысының қабылдауында мен де бірге болдым. Ұлыбританияда мұнай-газ саласы өте дамыған. Осы бағыттағы тәжірибелері де бай. Тұңғыш Президент ресми қонақпен кездесуде осы тарапта біраз әңгіме қозғады. Сосын білім жүйесіне ойысты.
«Ұлыбританияда мұнай-газ саласы қарқынды дамыған. Мамандар даярлау үрдісі де жүйелі жолға қойылған. Заманауи технология да жетілген. Тәжірибелеріңіз де мол. Сондықтан бір ұсыныс айтқым келеді. Екі ел арасында мұнай-газ саласының мамандарын даярлайтын бір университет ашсақ. Бұған қалай қарайсыз? Осыған сіздерден көмек сұраймын. Қолдайсыздар ма?», деп еді, сэр Джон Керр мырза қос қолын көтеріп, бірден қолдады. Бұған сол кездегі екі ел арасындағы экономикалық байланыстың әсері де болды. Өйткені сол жылдары елімізде 90-ға жуық Қазақстан-Британ бірлескен кәсіпорны мен 40-қа тарта британдық компанияның өкілдігі жұмыс істейтін. Бір кезде Президент: «Егер менің ұсынысымды қолдасаңыз, қасыңызда тұрған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Әділ Ахметовті Ұлыбританияға елші етіп тағайындаймын», деді. Бұл мен күтпеген ұсыныс еді. Ол кісі келісті. Сосын сэр Джон Керр мырза: «тапсырмаңызды осы кісіге жүктеңіз. Мен қол ұшын беремін», деді.
– Содан елші болып кеттіңіз бе?
– Иә. Ұлыбританияға елші болып тағайындалдым. Басты мақсат: екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас болғанымен, негізі міндет – Қазақстан-Британ техникалық университетін ашу. Мен бұл елде ұзақ уақыт елші болған жоқпын. Алайда сол аз ғана мерзімде өзіме берілген жауапты міндетті толық орындадым. Алдымен сол мемлекеттегі ұлттық мұнай-газ компанияларының жұмысын өз көзіммен аралап көрдім. Одан кейін жоғары оқу орындарында болып, білім бағдарламасымен таныстым. Содан көп ұзамай Президенттің «Қазақстан-Британ техникалық университетін құру» жөніндегі Жарлығы шықты.
Бір жолы Мемлекет басшысы Норвегияға ресми сапармен келді. Барлық кездесу жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол жолы Президентке елші ретінде өз ұсынысымды айттым. «Қазір Астана – елорда болғаннан кейін Алматыдағы барлық мемлекеттік орган сонда қоныс аударды. Біраз ғимарат босады. Сондықтан Алматыдағы бұрынғы Парламент үйінің ғимаратын Қазақстан-Британ техникалық университетіне беруге қалай қарайсыз?», дедім. Ол кісі «мұны ойластырайық» деді.
Шотландияда Абердин мұнай-газ университеті бар. Жыл сайын осы оқу орнында мұнай-газ саласына байланысты ғылыми конференция өтеді. Мен де осы жиынға келгенмін. Түс уақытында әр мемлекеттен келген бір топ маманмен дастарқанда отырғанмын. Аяқ астынан ұялы телефоным шырылдады. Зайыбым екен. Көтерсем «Сүйінші» дейді. «Қандай қуаныш?» десем, «Сен айтқан ұсынысты Президент мақұлдапты. Алматыдағы Парламенттің бұрынғы ғимаратын Қазақстан-Британ техникалық университетіне берді», деді. Шынында, бұл жаңалыққа ерекше қуандым. Сол мезетте оны өзіммен бірге отырған қонақтарға да айттым. Олар да ізгі лебіздерін білдірді.
Мемлекет басшысы мені қайтадан елге шақыртып алды. Бірақ кері шақыртып алады деп ойлаған жоқ едім. Өйткені мен Ұлыбританиямен бірге Ирландия республикасында, Норвегия және Швеция Корольдігінде Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқардым.
Елге келгеннен кейін Президенттің өзі қабылдады. Сонда маған ол кісі: Қазақстан – Британ университетін басқаруды ұсынды. Имандай шынымды айтсам, бірден келісім беруге арым бармады. Өйткені мен тіл маманымын. Бұл ойымды Мемлекет басшысына айтып едім. Ол кісі: «Оның дұрыс. Алайда сен кезінде Білім комитетін басқардың. Осы білім ордасының іргетасын қалауға үлес қостың. Ұлыбританиямен де байланысың жақсы. Сондықтан ректорлыққа сенің кандидатураңды лайық көріп отырмын», деді. Осы сөзге тоқтадым.
– Ал ғылымда түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдерін зерттеуге кім түрткі болды?
– Жоғары оқу орнында бізге қазақ тілі білімінен белгілі ғалым Әмеди Хасенов дәріс оқыды. Ол кісінің дәрісі өте қызықты. Тың тақырыптарды қозғайды. Сондай бір кезекті сабақта «Қазақ тіліндегі табу мен эвфемезимдер» тақырыбын сөз етті. Бұл дәріс маған қатты ұнады. Кейін оқытушы болып жүргенде ұстазыма барып, осы тақырыптан кандидаттық жұмыс қорғағым келетінін, соған сіз ғылыми жетекші болсаңыз», дедім. Әмеди аға қуана құптады. «Алайда бұл тақырыпты басқа ізденушілер алды ма, алмады ма білмеймін. Оны Тіл білімі институтынан анықтау керек», деді. Сосын екеуміз аталған ғылыми мекемеге келіп, институт директорының орынбасары Шора Сарыбаевқа жолықтық. Екеуі бір-бірін жақын таниды екен. Шора аға шаруамызды лезде шешті. Бұған дейін бұл тақырыпты ешкім алмапты. Маған бекітіп берді. Бір жылдан кейін аспирантураға түстім. 1973 жылы Тіл білімі институтының ғылыми кеңесінде кандидаттық еңбегімді қорғадым. Бәрі де оң бағалады. Ғылыми кеңестің төрағасы, академик Әбдуәли Қайдар: «Енді осыны кеңейтіп, докторлығына «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдері» тақырыбын алмайсың ба?», деді. Бұл кісі маған ғылыми консультант болған еді. Бұлтара алмадым. Келістім. Алайда докторлығымды «Америкалық үндістердің алтайлық тегі» атты тақырыптан қорғағым келген. Өйткені АҚШ-тағы Аризон штатының Тусон қаласында болғанда америкалық «үндістердің» түркілік тегі мен тілдік ерекшелігін біраз зерттеген едім.
1995 жылы «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдері» атты докторлық диссертациямды қорғадым. Сол жиында академик ағаларым: «Әділ, сен бұл тақырыпты терең зерттепсің. Бір жағынан, сенің ғылыми қуатың мықты. Ағылшын тілін жетік білесің. Енді түркі әлемі ырым-тыйымдарының сөздігін жасасаң жақсы болар еді?», деп ұсыныс айтты. Осыдан 5-6 жыл бұрын «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты бірінші жинағым шықты. Соған «Түркі әлемінің этнолингвистикалық ырым-тыйымдары мен тыйымдық ұғымдарының түсіндірме сөздігін» енгіздім. Сөйтіп, ағаларымның алдындағы парызымды орындадым.
– ЕҚЫҰ-ның мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке өкілі болдыңыз. Бұл қызметте жүргенде басқа елде қағажу көріп жүрген мұсылмандарға қамқорлық көрсетіпсіз. Осы туралы да айта кетсеңіз?
– Еуропадағы ынтымақтастық қауіпсіздік ұйымына 56 мемлекет мүше болып кірген. Жыл ара оның іс басындағы төрағасы ауысып отырады. Ал 2009 жылы мені аталған ұйымның мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке өкілі етіп тағайындады. Бұл қызметті 3-4 жыл атқардым. Жұмыс бабымен көптеген елде болдым. АҚШ-қа да бардым. Канадаға ат ізін салдым. Еуропаның бәрін араладым. Сонда осы елдерде қоныс тепкен мұсылмандардың жағдайымен таныстым. Көп дүниеге көзім жетті.
Вашингтондағы Капитолий төбешігіндегі АҚШ Конгресінің ғимаратында Хельсинки комиссиясының штаб-пәтері орналасқан. Комиссияның 21 мүшесі бар. Бір жолы осы комиссия алдында басқа діндердің өкілдерімен бірге есеп бердім. Алдында Варшавадағы адам құқығын қорғау институтының тапсырмасымен АҚШ-та тұратын мұсылман ұйымдарының жетекшілерімен кездесіп, олардан барлық жағдайды сұрап алдым. Әсіресе олар 2001 жылғы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін қысым күшейгенін айтты. Соны 10 бөлімге бөліп, жаздым. Сөйтіп, комиссия алдында ағылшынша баяндама жасадым. Отырыс сол мезетте тікелей эфир арқылы дүниежүзіне тарады. Бір комиссия мүшесі «Қазақстанда басқа дін өкілдерін кемсіту жоқ па?» деп сұрады. Мен оған «Бізде ешқандай дін өкіліне қысым жоқ. Кемсіту де болмайды», деп едім, «Олай болса, сіздерден үлгі алуға болады екен», деді. Шын мәнінде, бұл комиссия өте жақсы жұмыс істеді. Осыдан кейін мұсылмандарды кемсіту тоқтады.
– Қазір құндылықтар алмасқан уақытқа тап келіп тұрмыз. Осы ретте сізді қоғамда қандай мәселе алаңдатады?
– Шынымды айтсам, мені жас ұрпақтың болашағы ойландырады. Барлық тәрбиенің негізі – отбасында. Егер отбасында дұрыс тәрбие алмаған адамды ешкім түзей алмайды. Ұлттық тәрбие баланың санасына ана тілімен сіңеді. Ана тіліңізді білмесеңіз, шет тілін де үйрену қиын.
Қазіргі балалар смартфоннан көз алмай өсіп жатыр. Бұл мені алаңдатады. Әрине, уақыт талабына сай оған шектеу қою мүмкін емес. Дегенмен, бақылау керек. Өйткені оның ішінде түрлі ақпарат бар. Оның жағымдысы мен жағымсызын олар қорытып жатпайды. Соның кесірінен теріс жолға түсіп кетуі де кәдік. Бұдан құтылудың бір жолы – балаларға кітап оқуды насихаттау. Мәселен, Американың «атасы» атанған Бенджамин Франклин бала күнінен кітапқа құштар болған. Ол көпбалалы отбасында өскен. Кітап сатып алуға ақшасы да болмаған. Содан кітап дүкенінде істейтін досынан үнемі кешке барып бір кітап сұрап алып, соны түнімен оқып, таңертең апарып беріп отырған. Осылай көп кітап оқыған. Соның нәтижесінде биік дәрежеге көтерілген. Мен осы мысалды немерелеріме үнемі айтып отырамын. Жақында Президент «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл игілікті жобаны қуана құптаймын. Енді осы іс-шара аясында түрлі жақсы жобалар қолға алынады деп сенемін. Кітап оқуға құштар жас-тар көп болсын деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Азамат ЕСЕНЖОЛ









