Қазіргі цифрлық дәуірде онлайн жүйе адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде адамдар үйден шықпай-ақ сауда жасап, қызмет ақысын төлеп, әлемнің кез келген нүктесіндегі адамдармен байланыс орната алады. Интернет ақпарат алмасуды жеңілдетіп, білім алуға, тіпті табыс табуға үлкен мүмкіндік берді. Алайда онлайн кеңістіктің пайдалы тұстарымен қатар, қоғамға тигізер кері әсері де аз емес.
Қазіргі таңда адамдар таңертең ұйқыдан ояна сала ең алдымен ұялы телефонын қарайды. Бос уақытын әлеуметтік желілерде өткізіп, түрлі ақпараттарды үздіксіз қабылдайды. Бұл адамның психологиясына әсер етіп, уақытша қуаныш сезімін сыйлайтын дофаминнің бөлінуіне себеп болады. Соның салдарынан әлеуметтік желіге тәуелділік қалыптасып, адам виртуалды әлемсіз өмірді елестете алмайтын деңгейге жетіп жатады.
Әсіресе, әлеуметтік желідегі пікірталас мәдениеті қазіргі қоғам үшін маңызды мәселеге айналды. Интернеттегі анонимділік кейбір адамдарға өз ойын дөрекі жеткізуге, өзгелерді кемсітуге немесе қорлауға мүмкіндік беріп отыр. Бір ауыз пікір немесе жағымсыз комментарий адамның көңіл күйіне ғана емес, оның психологиялық жағдайына, тіпті өміріне де әсер етуі мүмкін. Соңғы жылдары кибербуллинг пен онлайн қысымның салдарынан депрессияға түсіп, өз-өзіне қол жұмсаған жағдайлар әлемде жиілеп барады.
Бүгінде кибербуллинг әлемдегі ең өзекті әлеуметтік мәселелердің біріне айналды. Әлеуметтік желілердің дамуы адамдар арасындағы байланысты жеңілдеткенімен, онлайн қорлау мен психологиялық қысымның көбеюіне де себеп болды. UNICEF мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші жасөспірім кибербуллингке тап болған. Көптеген жастар қорлау мен мазақтың салдарынан депрессияға түсіп, қоғамнан оқшауланып жатады.
Кибербуллинг әсіресе жасөспірімдердің психологиясына ауыр әсер етеді. Оның салдары ретінде үрей, өзіне деген сенімсіздік, оқу үлгерімінің төмендеуі және суицидке дейінгі жағдайлар кездеседі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда интернеттегі қысым мен жеккөрушілік пікірлердің әсерінен өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеген. Бұл мәселе қоғам назарын аударып, елде кибербуллингке қарсы заңдардың күшеюіне себеп болды.
Сондықтан әлеуметтік желідегі мәдениетті сақтау, бір-біріне құрметпен қарау және онлайн қауіпсіздікті арттыру — қазіргі қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі.
Ең алдымен, онлайн пікірталаста сыйластық болуы қажет. Әр адамның өз ойы мен көзқарасы бар екенін түсініп, пікірге құрметпен қарау маңызды. Келіспеген жағдайда ауыр сөз айтып, кемсіту немесе мазақ ету мәдениетсіздік болып саналады. Пікірталас кезінде адамның жеке басына емес, айтылған ойына жауап беру қажет.
Сонымен қатар, интернетте эмоцияны бақылау маңызды. Кей адамдар ашумен немесе ренішпен бірден пікір жазып жатады. Бірақ жазылған сөздің артында тірі адам тұрғанын ұмытпау керек. Бір ауыз ауыр сөз адамның көңіліне қатты әсер етуі мүмкін. Сондықтан онлайн ортада сабыр сақтап, әдепті сөйлеу — мәдениеттіліктің белгісі.
Онлайн пікірталаста жалған ақпарат таратпау да маңызды қағида. Кез келген ақпаратты тексермей бөлісу қоғамда түсінбеушілік пен дау тудыруы мүмкін. Әлеуметтік желі қолданушылары ақпараттың рас-өтірігін анықтап барып жариялауға дағдылануы керек.
Сондай-ақ кибербуллингке жол бермеу — онлайн мәдениеттің негізгі бөлігі. Басқаны қорлау, мазақ ету, келеке қылу немесе топ болып қысым көрсету адамның психологиялық жағдайына ауыр әсер етеді. Әсіресе жасөспірімдер мұндай қысымды қиын қабылдайды. Сондықтан интернеттегі әрбір қолданушы өз сөзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс.
Қорытындылай келе, онлайн пікірталастың мәдениеті — сыйластық, әдептілік, сабыр, жауапкершілік және адамгершілікке негізделуі керек. Интернеттегі қарым-қатынас шынайы өмірдегі мәдениеттен бөлек болмауы қажет.
Әлия ЖАКЕЕВА,
«Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ
«Дін мәселелері және қоғаммен байланыс
жөніндегі орталығы» КММ теолог маманы










