«Жаратушы Адам атаға он сегіз мың ғаламның құпиясын ашқан…». Әлемдік діндердің барлығына ортақ аңызда кездесетін осы бір ауыз сөздің парқына үңіліп, мағынасын ашып көрейікші. Көп жағдайда діндарлар мұны Құдайдың адамға ерекше мейірімі түсіп, оны жер-әлемнің қожайыны қылып сайлауы деп түсінеді екен. Дұрыс әрине. Бірақ, екінші жағы да бар ғой. Ол Құдайдың адамға жаратылыс құпиясын аша отырып, білімге, ғылымға ұмтылуын парыз етуі емес пе?
Иә, дәстүрлі діндердің қай-қайссын алып қарасаңыз да, білім алып, ғылым қууды жөн санайды. Исламның қасиетті кітабы – Құран Кәрімде білім мен ілімге ерекше көңіл бөлінген. Алла Тағала алғашқы уахи еткен аяты:
«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» (Алақ сүресі, 1-аят).
Бұл аят білімнің, оқудың, сауат ашудың маңыздылығын айқын көрсетеді. Сондай-ақ, Құранда білімді адамдардың дәрежесі жоғары екені айтылған:
«Алла сендердің араларыңдағы иман келтіргендерді және білім берілгендерді дәрежелерде көтереді» (Мүжәдәлә сүресі, 11-аят).
Пайғамбар (с.а.с.) тарапынан да үмметін білім алуға шақыруға бағытталған өсиет жиі айтылған екен. Мұны ислам ғұламаларынан жеткен хадистерден де аңғарамыз:
«Білім іздеу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» (Ибн Мәжа).
«Кімде-кім білім іздеу үшін жолға шықса, Алла оған жәннатқа апаратын жолды жеңілдетеді» (Мүслім).
Әрине, діннің білімді жоғары қоятыны жайлы Құран аяттары мен пайғамбар (с.а.с) хадистерін санамалай берсек, бір мақалаға емес, бірнеше кітапқа арқау болар. Осы жерден тоқтап, әуелгі әңгімеге оралсақ.
Әсілінде, шынайы дін адамның білім ізденіп, әуелде Жаратушы тарапынан рұқсат етілген он сегіз мың ғаламның құпиясын іздеуіне тосқауыл болмайды. Қайта білім ізденуді қайырлы құлшылық санап, құп көреді. Десек те, дінді өз мақсаттарына пайдаланатын деструктивті көзқарастағы діни ағымдар мен ұйымдар барын да естен шығармаған жөн. Олар кеше-бүгін ғана пайда болған жоқ. Сонау орта ғасырлардан бері келе жатыр және дінді надандық құралы көреді десек, артық айтқанымыз емес.
Мәселен, адамзаттың даму тарихына зер салыңызшы. Көптеген ғылымдардың атасы ислам ғұламалары емес пе? Ибн Сина, әл-Бируни, әл-Фараби, әл-Хорезми деп санамалай берсек ұшы-қиыры жоқ. Ислам ғалымдары аспан әлемін де, топырақ құрамын да, адамның жан-дүниесін де зерттеп, зерделей білді. Сөйтіп тұтастай ғылым салаларының қалыптасуына ықпал етті. Бірақ, кейін бұл шорт кесілді. Неге? Өйткені, билікке діни догмаға ұрынғандар келді. Олар әу баста Жаратқанның адамға он сегіз мың ғаламның кілтін ұсынғанын ұмытып кетті. Сөйтті де дүниенің құпиясына үңілген ғалымдарды күпір санап, ғылымның дамуына шектеу қойып тастады.
Әрі деструктивті діни ағымдардың білімге тоқсауыл қоюының екінші себебі – адамды бағындырып ұстау. Иә, білімді адамды басқару қиын. Ал, діни догмаға бас қойып, фанатизм санасын улаған жан жұмсаған жағыңа жүріп, айтқаныңа оңай көнеді.
Міне, дәл осы себепті де білім алу – басты парыз. Нағыз дін – білім мен ғылымға жетелейтін, адамның ой-өрісін кеңейтетін, дүниені тануға мүмкіндік беретін құрал. Қасиетті Құран мен Пайғамбар (с.а.с) хадистерінің өзінде білім алудың маңыздылығы ерекше атап өтілгенін жоғарыда келтірдік. Бірақ, бұл ұстаным тек діни таныммен шектелмейді.
Білім – адамзат өркениетінің қозғаушы күші. Ол ғылым мен технологияның дамуына, адам құқығы мен бостандықтарының кеңеюіне, әділетті қоғам қалыптастыруға негіз болады. Кез келген дамыған мемлекеттің тарихына көз жүгіртсек, олардың барлығы білім мен ғылымды басым бағыт етіп алғанын көреміз. Бүгінде біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ақпарат пен білімнің жылдам өзгеруіне ілесу үшін де үздіксіз білім алу қажет. Өйткені, білім – бәсекеге қабілеттіліктің басты факторы.
Ал надандық – кез келген қоғамның құлдырауына әкелетін басты қауіптің бірі. Надан адам өз өмірін өзгертуге ұмтылмайды, өз құқығын білмейді және өзгелердің ықпалына оңай түседі. Бұл деструктивті діни ағымдар үшін ең ыңғайлы жағдай. Олар білімсіз адамның әлсіздігін пайдаланып, өз идеологиясын насихаттап, радикалдандыруға тырысады.
Сондықтан қазіргі қоғамда ең басты міндет – білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеу. Білім – тек мектепте немесе университетте алынатын нәрсе емес. Ол – өмір бойы жалғасатын процесс. Әрбір адам өз білімін жетілдіруге, жаңа нәрселерді үйренуге, ғылым мен мәдениеттің дамуына үлес қосуға тырысуы керек.
«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген қасиетті аяттың мәні де осында. Нағыз дін адамды білімге жетелейді, ал нағыз білім – кез келген догмадан жоғары. Ендеше, білім алу – әр адамның басты парызы екенін ұмытпайық!
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
Теміртау қаласы,
Қарағанды облысы