Бейсенбі, 15 Мамыр, 2025
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ: Түркістан – адыраспан, Шымкент – қызғалдақ!

01.05.2025
- Сұхбат, Таңдаулы
0
264
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Белгілі мәдениеттанушы, саяси ағартушы технолог Қалназаров Абылайхан Мамырайханұлымен сұхбат.

– Абылайхан мырза, бүгінгі сұхбатымыздың басты тақырыбы оңтүстік өлкесінің рухани, тарихи, мәдени маңызына байланысты болмақ. Біздің алғашқы сұрағымыз арнайы заң қабылданып, айрықша мәртебеге ие болған Түркістан туралы болып отыр. Түркістан Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның рухани орталығы ретінде белгілі. Сіз бұл қаланың ерекшелігін қалай түсінесіз?

– Түркістан – бұл кәдуілгі көп қаланың бірі емес, ол – қазақ халқының рухани ұстыны, мәдени жауһары, тағдырлы ордасы. Бұл мекенді ғасырлар бойы рухани шамшырақ болғаны үшін тек Орталық Азияның ғана емес, бүкіл түркі-мұсылман жұртының рухани орталығы деп атау заңды. Мұнда Қожа Ахмет Ясауи сияқты ұлы тұлғалардың асыл мұрасы сақталған. Түркістанды түркілердің «Меккесі» ретінде тану өте орынды. Себебі, әлем руханиятына әсер еткен әуле-әмбиелер, ғұлама ойшылдар, өнерпаз-іскерлер мен ұлы жаһангер тұлғалардың табан ізі қалған жер. Адамзаттың өркениеттік дамуында да өзіндік елеулі орны бар.

Асқақ айтар болсам, ол – бояуын құдай әрлеген қала. Әйтпесе адамзаттың бояуы жетпес еді.

Семья – фундамент личности

Аида Балаева: Отбасын қолдау – тұрақты дамудың берік негізі

15.05.2025
Неге кейбір «намазхандар» сәлемге дұрыс жауап қайтармайды?

Неге кейбір «намазхандар» сәлемге дұрыс жауап қайтармайды?

15.05.2025

Ол – рухымыздың ең төресі, төрі. Иләһи сыры халық рухын көкпен сымсыз жалғап тұр.

Ол қасиетті де кең ауқымды көне «Түркістан» атауын балшабектер үстемдігі кезінде де өшірмей, ұстап қалып, бүгінге жеткізген қала. Тұраннан қалған жалғыз рухани тұяқ.

Мұнда ежелгі кесенелердің тастары мен дала желінің сыбдыры арқылы өткен дәуір мен бүгінгі заман кездесетін жер.

Ал мына жаңашылдық Түркістанды ресми түрде тарихи-мәдени орталық ретінде бекітіп қана қоймай, оның киелі мәртебесін халық санасында және бүкіл түркі өркениеті зердесінде бедерлейді.

Екінші жағынан, бұл ежелгі шаһарды Қазақстанның рухани күш өсі, мыңжылдық даналық пен дәстүрді сақтайтын орын екенін мойындау.

Әйгілі Әмір Темірдің көзіндей болған бір ғана баба басына тұрғызылған көк күмбезді кесене – тек сәулет ескерткіші қана емес, ол да ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рух мектебі, ақиқат пен әділеттің даналық мектебі. Түркістанның ерекшелігі –оның тынысында дәстүр мен болашақтың біртұтас үйлесім табуында.

– Жақын арада қалада не өзгеруі керек?

– Менің ойымша, ендігі дамудың басты бағдары – қаланың киелі рухын ұқыпты сақтаумен оны әлемге паш ету. Яғни, тарихи-мәдени мұраны сақтау міндеттері бірінші орынғашығады. Мысалы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру әлі күнге дейін өзекті.

Сосын, бұл жай ғана әкімшілік шешім емес, ұлттық сәйкестілік пен өзін-өзі тану – елдіксананың мәселесі. Мұндағы месседж мынау: «Түркістан – түркі әлемінің бесігі, руханияттың қайнар көзі және тарихи мұраның үздік үлгісі». Орта ғасырларда «Түркістан – екінші Мекке» деп бекер айтылды ма?  Ерекше мәртебе оның осы мән-маңызын аждаһа-жойпат жаһандану менжансыз урбанизацияның әсерінен қорғауға және сонымен бірге оның әлемдік деңгейдегімәдени және туристік орталық ретіндегі әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Көбісі биліктенқаржылық-экономикалық орындылық туралы сұрайды. Бірақ басқа қалалардан айырмашылығы,Түркістан экономикалық категориялармен өлшеуге келмейді. Ал түркілік-тұрандық масштабтағы саяси перспективасы әлі жұлдызды сәтін күтіп жатыр.

– Кейде «Түркістанға үш рет зиярат ету Меккеге барумен пара-пар» деп сипаттайды. Бұл пікірге қалай қарайсыз?

– Дұрыс мәселе көтердіңіз. Тіптен, ел аузында «Меккеге барып, зиярат етуге қаржысы жетпегендер, осы Ахметке келсе, бұл да қажылық еткенмен бірдей боп, қажының өзі емес, оның мүриті болады» деп айтылған. «Түркістан, Сайрам әулиелерімен үш рет жүрсеңіз, қажылыққа бір барғанмен тең» деген де сөз болған. Алайда, бұл пікірлердің астарында үлкен сыр бар. Түркістанға зиярат ету – тек нақтылы бір жерге барып қайтқаныңыз үшін ғана емес, сол топырақта ата-бабалық тізбекке жалғанып, сакральды тарихпен, рухпен, мұрамен байланыс орнатуымен маңызды.

Меккеге бару – әрбір мұсылманның қасиетті парызы, бірақ, Түркістан да түркі мұсылмандары үшін маңызды аймақтық рухани орталық. Мұндағы тұлғалар бүкіл түрік халықтарының ұстаздарының рухани ұстаздары болғандықтан, бұл қалаға тәуап етіп, олардың көзқарасымен танысу, болмысымен үндесу адамды рухани тұрғыда байытады. Сондықтан, Түркістанға сапар жасау дәстүрі – өте жоғары деңгейдегі шынайы ізденістің бір көрінісі. Ол тек қасиетті жерге аяқ басу ғана емес, сол жердің мән-мағынасы мен рухын сезіну. Әйтпесе, жаһандық діни жоралғыда ол құлшылық-ғибадат үшін белгіленбеген орын. Бұл жерде көңіл мен ниет.

– Түркістан қазақ хандығының ортағасырлардағы астаналарының бірегейі болғандықтан, оның маңызы өте зор. Қазіргі Түркістанның заманауи дамуы оның тарихи миссиясына сәйкес келе ме?

– Түркістан әрқашан қазақ халқының жүрегі болған. Қазіргі таңда ол ескі де ұмыт бола бастаған өз миссиясын жаңғыртуда. Тек тарихи ескерткіштер орналасқан кеңістік ғана емес, жаһандық сын-тегеуріндерге жауап беретін күш орталығы ретінде де қайта форматталып жатыр.

Рас, Түркістан – бір кездері қазақ хандығының бас кенті болған, ең бастысы, мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде өте маңызды рөл атқарған қала. Біздің дәуріміздің V ғасырлары шамасында негізі қаланған ол, «Шауғар», «Ясы» атанып, кейін Есім ханның тегеурінімен жаңа рәуіште Түркістанға айналды. Бір ойшыл «Түркістан қасиетін жырламаған ақын-шайырды айтқым да, есіме алғым да келмейді» депті ғой. Дәл мұны қазақтың бүкіл зиялысы қай-қай дәуірде де жан дүниесімен сезінген. Мағжандардың отты жырларының түп қайнары, міне, қайдан!

Бүгінде бұл қала жаңа дәуірде, өз мәртебесіне сәйкес, тек тарихи жәдігерлерді сақтау ғана емес, сонымен бірге, қазіргі заманның талаптарына сай дамып келеді. Түркістанның қазіргі түлеуі оның тарихын қайта ашып қана қоймай, сол тарихтың негізінде болашаққа деген рухани бағыттарды ұсынуға мүмкіндік береді. Түркістанның мәдени мұралары мен рухани қазыналарын сақтап, жаңа өмірмен байланыстырып отырған қазіргі әрекеттер оның бұрынғы маңызын қайта оралтатыны сөзсіз.

– Сіз «Шымкенттің жұмсақ күші» атты кітабыңызда күнгей өңірінің қазақ мемлекеттілігі мен қазіргі Қазақстан идеологиясындағы рөлін сипаттадыңыз. Шымкент пен Түркістан осы тұрғыдан қалай байланысады деп ойлайсыз?

– Шымкент пен Түркістан – бірін-бірі өзара толықтыратын екі ерекше қала. Киелендіріп сөйлесек, «Шымкент» пен «Түркістан» деп айту – ол да бір уәзипа. Түркістанның рухани күшін Шымкент өзінің аса белсенді тіршілігі мен энергиясымен толықтырады. Шымкентті мен қызғалдаққа теңер едім. Себебі қызғалдақ – өміршеңдігі һәм әсемдігімен танымал, тамыры да тереңде жатқан гүл түрі. Қала рәмізінің де қызғалдақ бейнелі болуы кездейсоқтық емес. Қай әкімнің тұсында қабылданса да, образын дәл тапқанын баса айту керек. Шымкенттің жан дүниесі де осындай. Бұл қала қуат пен іс-қимылға толы, еліміздің іскерлер армиясының көзі. Марқұм Әселхан Қалыбек ақын айтқандай, «Дүбір-дүбір дүние тақтасында, Шымкенттің қыбыр-қыбыр тіршілік нақ қасында!». Әзір де шымкенттіктер тұс-тұстан қаумалай кеп, түрлі салада елдігіміздің шегесін қағып жатыр.

Ал Түркістан болса, мен оны осы өңірдің басты өсімдігі – адыраспанға теңер едім. Қала немесе облыс логатипі мен айдентикасында неліктен адыраспан бейнеленбеген? Дәл осы бағыттың эгрегорлық, энергоақпараттық перспективасы орасан. Осы жағы қызық-ақ!

Ата-әжелеріміздің:

«Ассалаумәләйкум, адыраспан,

Бізді сізге жіберді Омар, Оспан.

Кеселге жеті түрлі ем болсын деп,

Әкім Лұқпан пірлері ақыл қосқан», – деп, асқан ықыласпен тергенін талай көрдік. Киелі, әрі емдік қасиеті жоғары. Тұтатып, түтетіп өртеп, түтінімен зиянды қара күштерді қуатынымыз қандай! Түркістан аймағы секілді сортаңдау да тұзды, ыстық өлкелерде ғана кездесетін басында ащы дәні бар дәрілік шөп.

Адыраспан – тазартушы, қорғаушы, есен-саулықтың шырақшысы. Түркістан – ол да біздің тарихымыздың жанды көрінісі, рухани негізіміздің тірегі. Тәніміз бен жанымызды, рухымызды бәле-жаладан аластаушы!

Қалай дегенде де, бұл қалалар бір-бірін рухани тұрғыда толықтырып, қазақ халқының мәдениетіне, болмысында үйлесім тауып отыр. Ең бастысы, Шымкент «Өзім, өзім» деп өңмеңдемеуі керек, «Біз, біз» деп біздесуі керек. Қасиетті Меккені атағымен көлегейлеуге ылғи тырысатын Дубай «әдепсіздігі» бізге ащы сабақ болуға тиісті.

– Түркістанның тарихи келбетін сақтау үшін енгізілген жаңа шектеулер мен жобалар туралы қалай ойлайсыз? Мысалы, биіктігі шектелген ғимараттар мен дизайн-кодтартарға қатысты не дейсіз?

– Бұл шаралар өте маңызды және қажет. Түркістан – ол бүкіл қазақ халқының символы. Егер Түркістанда мегаполистердегідей әсіре биік ғимараттар салынып, қазіргі заманның стилі қолданылса, ол көне шаһардың тарихи келбетін бұзар еді. Мысалы, тарихи аймақта жеті метрден асатын, түсі және материалдары үлеспейтін нысандардың құрылыстарына шектеулер қойылмақ. Өз кезегінде, бұл шаралар қаланың аутентикасын сақтап қалу үшін жасалып отыр. Дизайн-кодтар мен шектеулердің енгізілуі – қаланың қазіргі заман талабына сай дамуына мүмкіндік бере отырып, оның тарихи, мәдени мұрасын да қорғап қалады. Түркістан тек туристік орын емес, ол қазақ халқының әулиелер шарапаты арқылы Жаратқанмен табысып үндесетін, рухани тәжірибе кеңістігі. Сондықтан оның өзіндік арнасы мен қайнарын, ілкілігін қорғау өте маңызды.

Өз басым, Түркістан болашағын аспан астындағы жанды мұражай, аңыз қала ретіндеелестетемін. Аталған шаралардың сол жағынан да зор көмек болатынына сенімім мол. Бұл бастамалар жүзеге асқан жағдайдағы мен қиялдаған Түркістанда әр үй, әр көше, әр детальтарихпен тыныстап дем алып тұрмақшы. Бұған дейін орын алып келген стихиялық даму жоғалып, қала аяқталған, үйлесімді архитектуралық бейнеге ие болмақ. Өрнекті аркалар,керуен-сарайлар, қолөнер кварталдары салынып, дәуірлей түспек. Мүмкін уақыт өте келе Самарқанд немесе Хиуа, Бұқараны еске түсірер. Қалай болғанда да, олардан бір кем емес, Мекке сияқты кереметті, Кония сияқты терең, Иерусалим сияқты тартымды болуы керек.Ақорда мен облыстың басты идеологтары да осындай, менімен бірдей көзқараста деп білемін. Басқаша болуы мүмкін емес.

– Заң бойынша археологиялық резерват құру және мәдени мұраны қорғау бағытында қандай өзгерістер болуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Түркістан жерінде әлі де ашылып үлгермеген археологиялық құндылықтар бар. Бұл аймақтың терең тарихи қабаттарын зерттеу арқылы біз қазақ халқының өркениеті туралы жаңа мәліметтер ала аламыз. Мәселен, жақында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында Ясы кезеңінің қатпарлары көрініс берді. Бұл елді мекен тарихын бұдан да тереңірек дәуірлерге жатқызуға мүмкіндік береді. Мұнда ғалымдар мен археологтар үшін сенсация туғызуға қаншама мүмкіндіктер бар. Себебі бұл жер тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркітекті ұлттар мен жалпы адам баласының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қажетті материалдар беретін бай қойнауға ие.

– Түркістанның түркі әлемінің туристік астанасы атануы осы қаланы халықаралық деңгейде танытуға қандай мүмкіндік берді?

– Былтырғы жылдан бастап Түркістанның түркі әлемінің туристік астанасы болуы – тарихи шешім. Ресми мәліметтерге қарағанда, бұл жаққа келушілердің саны соңғы үш жылмен салыстырғанда бір күндік өлшемде 165% пайызға өсіп, жалпы жыдық жиыны бір миллионнан аса адамға жеткен. Бұл Түркістанның рухани және мәдени қазыналарын әлемге танытуға жол ашып отыр. Түркістанды халықаралық деңгейде танымал ету үшін бұрынғыдан да зор мәдени іс-шаралар, форумдар мен фестивальдер ұйымдастырылуы керек. Сондай-ақ, бұл қаладағы ортақ мәдениет ескерткіштерді бірлесе зерттеп, оларды ынтымақтаса әлемге таныту өте маңызды. Мәдениетаралық сұхбат пен ғылыми байланыстарды нығайту арқылы шаһарды бүтін түркі әлемінің зияткерлік астанасына айналдыруға болады. Сонымен қатар, тек тарихи құрауыштары ғана емес, оның заманауи дамуы мен болашаққа бағытталған жобалары да маңызды.

– Заңдағы қолөнершілерді қолдау тұрғысын қалай бағалайсыз? Қолөнердің маңызы қандай?

– Қолөнер – бұл тек дала мәдениетінің көрінісі емес, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қайталанбас дәстүр. Қолөнершілердің еңбегі – рухани құндылықтарымызды материалдық негізде сақтап, болашаққа жеткізетін алтын көпір. Бұл заңның енгізілуі – қазақтың қолөнерін өзбек, тәжік, түркімен секілді ісмер халықтармен бәсекеге қабілетті етіп, жергіліктілердің ісін бұдан әрмен дамыту мен қолдау үшін өте қажет қадам. Әйтпесе, Түркістан дүкендерінде сатылатын майда тастар мен жіптен тұратын жасалуы ең оңай тәспі екеш тәспінің өзін көршілес шетелдерден әкеліп масқара болып жүрміз.

Әрбір қолөнер туындысында қазақтың ұлттық идеологиясы, дүниетанымы мен философиясы жатыр. Осы саланы дамыту арқылы біз өз мәдениетімізді танытып, болашақ ұрпаққа жеткізе аламыз. Қолөнершілерді қолдау – мәдени қайта өрлеудің, ұлттық рухани жаңғырудың бір бөлігі. Мұндағы мені қуантатын тұс – бұдан былай шеберлер шығындарының бір бөлігі бюджеттен өтеледі. Өтемақы мөлшері 10%-25% пайызға дейін деп жатыр.

– Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан облысы мен Шымкент қаласына бөлінуін қалай бағалайсыз? Бұл шешім халыққа қалай әсер етуде?

– «Оң, теріс» деп жататындай емес, бұл шешім әлдеқашан қабылданып қойды. Әсілінде ажырамаған дұрыс еді. Бірақ, заман бір орнында тұрмайды. Өсіп өну керек, қанат жайып, даму керек. Шекараның дәл түбінде халық саны қырық ләмге тақаған Өзбекстанның астанасы алпауыт Тәшкен-сити бой көтеріп, қатерлі бәсеке туғызып келеді. Басқаша қайтпек керек?

Одан қалса, Шымкент – үлкен мегаполис. Ол өз алдына ерекше басқаруды қажет етеді. Түркістан облысы да мәдени, рухани және тарихи және экономикалық бағытта даму үшін бөлек басқаруға, нақты жоспар мен айрықша назарға мұқтаж. Келеңсіз тұстары да бар шығар, бірақ бұл айрылу оңтүстік аймақтың дамуын жаңа деңгейге көтерді. Оны да мойындамай болмайды. Әкем Мамырайхан Сырлыбайұлының сонда айтқан бір сөзі есімде. Оның: «Түркістандағы тамырымен Шымкенттің текті тағдыры оянды. Қазақстандағы Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қала болды» дегені бар.

Шымкенттің жеке қалалық статусқа ие болуы да оның экономикасы мен инфрақұрылымын дербес дамытуға мүмкіндік берді деп ойлаймын. Түркістан облысы да өзінің тарихи және мәдени маңызын жоғалтпау үшін бүгінгідей реформаларға жол ашты. Мен бұл үдерісті бөліну деп емес, даму жолында екі жаққа да пайдалы «ағайын бәсеке» тудыру дер едім. Себебі, бұл әр аймақтың өз даму жолын анықтап, одан әрі жемісті болуына ықпал етеді. Түркістанның рухани бастауында – Шымкент саялы ағаш болып тұрса, несі жаман?!

Содан соң, Шымкент пен Түркістан өз қанын Қазақстанның өзге қалалары мен өңірлеріне шелектеп тасып, жәрдемге құйып жүрген донорлар және олардың қан группасы универсал, бәріне де келе береді. Донор донор болып қала беруі үшін оған да қол ұшын созбақ – парыз.

– Әлгінде қызғалдақ пен адыраспан мәселесін бекер айтпағаныңызды білеміз. Авторлығыңызбен жарық көрген саяси технология туралы тұңғыш қазақша кітабыңызда осы өсімдіктерді қалаларға теліп, қанатты сөз жазғаныңызды оқыдық. Бұл символизмді қалай түсінеміз?

– Қызғалдақ – ол өмір гүлі. Айтып өткенімдей, Шымкент өзінің мәдениеті мен өміршеңдігімен қызғалдақ тәрізді. Ал адыраспан – тазартушы, рухани күші бар өсімдік. Түркістан болса, сол адыраспан сияқты – терең тарихы, рухани мұрасы арқылы бүкіл түркі дүниесінің дерттеріне шипа боларлық күшке ие. Сондықтан да «Шымкент – қызғалдақ, Түркістан – адыраспан» деп жазғанмын.

Иә, мәселе көп. Саяси технологиялар кітабында «Шымкентке керегі – қазақшылық. Бірақ, әлі де шылық көп» деген де өзім. Десе де, меніңше, шымкенттікке жанында Түркістан тұрғанда ғарышқа барып келу велосипедке мініп түскендей оңай болу керек.

Шымкенттен қарағанда, Отырардағы Арыстанбабтың қоңыр күмбезі, Түркістандағы Ахмет бабаның көк күмбезі көзіңе көрінбесе, бұл саған құдайдан сигнал, бауырым! Бүкіл қазақстандықтарға да айтылатын сақтандыру, осы! Өз ауыл-аймақ, қала, облысыңнан қарағанда, Арыстанбаб пен Әзіреті Сұлтанның күмбездері көріне ме?

Қош, Түркістан – нұр аңсау, Шымкент – мың аңсау!

Шымкент пен Түркістанның арасындағы байланыс дәл осы жерде: Қазақстан үшін Шымкент – тіршілік, тірегінің өзегі болса, Түркістан – оның рухани орталығы, ұлттық мәнін сақтау мен болашаққа бағыттаушы. Бір сөзбен, қызғалдақ пен адыраспан қалалар!

– Шұғыл оперативкіден алып айтар болсақ, Шымкент әкімдігі алдында болған ату оқиғасына қатысты не дейсіз?

–  «Бір ісіне қарасаң, жолында өлгің келеді. Енді бір ісіне қарасаң, қолында өлгің келеді» деген осы. No comment!

– Абылайхан мырза, сұхбатымыздың соңында, ойтүйерге не айтасыз?

– Түркістан – біздің өткеніміз, бүгініміз және болашағымыз. Мен мұны қайталаудан танбаймын. Онсыз Қазақстанды мемлекет ретінде ұғып түсіну мүмкін емес. Бұл жер ұлттықалыптастырған, нелер қиын ел басына күн туған заманаларда жұрт басын біріктірген мекен.Ясауи кесенесі де соның бәрінің куәгері. Біз ешбір жеріне не темір шеге, не ағаш жалғау жасалмай, тек қана қызыл қыштан көтерілген зәулім сағананы алғаш көргеннен таң-тамаша қалып, ғашық болғандардың ұрпағымыз. Сол іңкәрлік әлі де бойымыздан кетпеді. АқсақалМекемтас Мырзахметұлы тірісінде «Жаһандануға жұтыла бастадық. Жұтылмау үшін Оңтүстік намысы, Түркістан рухы керек. Тіл мен дәстүрдің құнарын кетіріп жатырмыз. Қарын қамын ойлай бермей, рухани қам-қарекетті алдыңғы орынға шығарғанымыз жөн» деген еді.

Рухани орталығы жоқ халық – ес-жады жоқ халық. Түркістан – біздің жадымыз. Ол көлденең келген көкатты жолдыбай жұрт емес екенімізді, іргелі де тамырлы ұлыс, ұлы да бай мәдениетіміз бар екенін әйгілейді. Енді ерекше мәртебеге ие бола отырып, ол қайтаданбұрынғыдай – халқымыздың алтын бесігіне айналады. Сайып келгенде, Астана, Алматы жәнеШымкент, олар да Түркістан рухының жалғасы. Түркістан – лағылды-меруертті көзі болғанда, Ұлы дала сол көзді ұстап тұрған алтын жүзіктің өзі. Бәлкім, оны түрлі асылға теңеуім, лағыл-меруерт, адыраспанға теңегенім дұрыс емес. Өйткені, Түркістанға теңеу болуға Түркістан ғана жарар. Не деп болмас.

– Рақмет!

Әңгімелескен – Жасұлан БАҚЫТБЕК

Таңбалар: Абылайхан ҚалназаровТүркістанШымкент
Бөлісу6Твитерге4Бөлісу1Бөлісу

Ұқсас мақалалар

Дін тақырыбын зайырлылық тұрғыда қозғаушы журналистің саяси жағынан өзін-өзі қадағалауы
Мемлекет және дін

Дін тақырыбын зайырлылық тұрғыда қозғаушы журналистің саяси жағынан өзін-өзі қадағалауы

12.05.2025
Республикалық «Ясауитану-2025» байқауы өтті
Жаңалықтар

Республикалық «Ясауитану-2025» байқауы өтті

21.04.2025
Тағы жүктеу
Келесі жазба
Әлемдегі ең қарт әйел қайтыс болды

Әлемдегі ең қарт әйел қайтыс болды

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Көп қаралғаны

  • Індеттен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеу туралы пәтуа

    75293 бөлісті
    Бөлісу 30117 Твитерге 18823
  • Сәби шағында қайтыс болған бала ата-анасына шапағатшы бола ма?

    2473 бөлісті
    Бөлісу 989 Твитерге 618
  • Төрт мәзһаб – ислам

    4808 бөлісті
    Бөлісу 1923 Твитерге 1202
  • Тәһәжжүд намазын түннің қай уақытында оқыған дұрыс?

    2711 бөлісті
    Бөлісу 1084 Твитерге 678

Соңғы жарияланымдар

Семья – фундамент личности
Жаңалықтар

Аида Балаева: Отбасын қолдау – тұрақты дамудың берік негізі

15.05.2025
Неге кейбір «намазхандар» сәлемге дұрыс жауап қайтармайды?
Сұрақ-жауап

Неге кейбір «намазхандар» сәлемге дұрыс жауап қайтармайды?

15.05.2025
Бразилияда Димаштың суретімен безендірілген автобустар пайда болды
Жаңалықтар

Бразилияда Димаштың суретімен безендірілген автобустар пайда болды

15.05.2025
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2024 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2024 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00