Сұрақ: Жәннаттың жауһар бөлмелері кімдерге арналған?
Жауап: Пайғамбар (с.ғ.с.) үмбетінің артықшылары туралы хабар беретін риуаяттар көп. Олардың әрбірі бізге бұл үмбеттің басқалардан артылықшылықтарын ашықтап түсіндіріп береді. Жоғарыдағы сауалға жауап ретінде төмендегі риуатты келтіргенді жөн көріп отырмыз.
Жабир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын): «Біз Алла елшісінің (с.ғ.с.) жанында отыр едік. Ол: «Сендерге жәннат бөлмелерінің қандай екенін айтайын ба?» – деді. Біз: «Әрине, уа Алланың елшісі (с.ғ.с.), әке-шешеміз саған пида болсын!» – дестік.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала жәннат бөлмелерін түрлі асыл тастардан тұрғызған. Оның ішінен сырт көрінеді, ал сырттан оның іші көрінеді. Онда көз көрмеген, құлақ естімеген және адамның қиялына келмеген ғажап нығметтер бар», – деді.
Жәбир: «Уа, Алланың елшісі! Ол бөлмелер кімдерге арналған?» – дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сәлем бергендерге, басқаларды тамақтандырып және үнемі ораза ұстап әрі адамдар шырт ұйқыда жатқанда күндіз-түні намаз оқығандарға арналады», – деп жауап береді.
Жәбир: «Уа, Алланың елшісі! Мұның барлығын жасауға кімнің шамасы жетеді?» – дейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Жәбир! Мұны менің үмбетім жасайды. Кім өз бауырын кездестірсе, оған сәлем береді. Кім өзінің отбасы мен бала-шағасын тойдырса, басқаларды тамақтандырғаны. Кім Рамазан айы және әр айда үш күн ораза тұтса, сол үздіксіз ораза ұстағаны. Кім құптан мен таң намаздарын жамағатпен оқыса, адамдар шырт ұйқыда жатқан уақытта намаз оқыған саналады», – деді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ