Әрбір әдетін дінге негіздеуді басты ұстанымы еткен қазақ халқының Ислам дінімен біте қайнасып, тіпті аяттар мен хадистер арқылы сүйегіне сіңіп кеткен ұлы дәстүрлердің бірі – ұят.

Қазақ әрдайым оғаш қылықтар мен өрескел әдеттерден ұрпағын тыйып: «Ұят болады» деп жөнге салып отырған. Ұрпақ тәрбиесінің негізгі тірегі ретінде ұят ұғымын әлдақашан дәстүріне дарытып, пайғамбар хадистерін мақал-мәтеліндей мәпелеген.

«Ұрпағым ар-ұятты болса екен» деп салиқалы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай, тіпті осы принциптерді ұрпағына үйретуді басқа нәрселердің бәрінен жоғары қойған. «Ұятсыз» деген сөзді естіртпеу үшін, «Жүгенсіз кеткен» деген сөзге жолығып қалмаудың қамын жеген қазақ қашан да арлы ұрпақтың тәрбиешісі болар қыз баласының тәрбиесіне ерекше қарап «Қызды қырық үйден тыюға» аса мән берген.

Ислам дінінде ұят – адам баласының бойында болуы керек керек ең ұлы қасиеттің бірі. «Расында, әрбір діннің өзіне тән мінезі бар. Исламның мінезі – ұяңдық (ұят)»[1], деп дінімізде ұяттың маңыздылығын атап көрсетіп кеткен.

Байқап отырсақ, қазақ халқының барша даналық сөздері мен хикметке толы, мағынасы тәлім-тәрбиеге бай нақылдарының барлығы дерлік шариғатпен астасып жатыр. Адам баласын жақсылық жасауға итермелеп, жамандық атаулыдан аулақтататын, мұсылмандық мінез-құлыққа үйлеспейтін жағымсыз қылықтардан арылуға себеп болатын асыл қасиеттің бірі – осы ұят.

Иманның әртүрлі тармақтарының болатындығын айтқан Пайғамбарымыз (с.а.с.) ұят иманның бір тармағы екенін ескерткен. Сондықтан адам баласының имандылығының көрсеткіші ретінде әрқашан ұяңдығына, ар-намысты болуына қарап баға береді.

Ұят – хақ дінді алып келген барша пайғамбарларға тән ортақ қасиет. Сағид әл-Худри жеткізген бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұяңдығы шымылдықтың ішінде отырған қыздың ұятынан да асып түсетіндігі айтылады. Ардақты пайғамбар (с.а.с.) ұялатын болса, дереу жүзінен сол білініп тұратын көрінеді[2]. Пайғамбардың осы хақ жолын өздеріне ұстаным еткен бабаларымыз да бұл ұят атты көркем қасиетті ұрпағының бойындағы ажырамас мінез қалпына келтірген. Ұят – адам баласының иманының қадірін арттырып, жүріс-тұрысына көркемдік сыйлайтын жақсы сипаттардың бірі һәм бірегейі.

Ұят – жақсылықтың негізі. Жамандықты түп тамырымен жоқ ететін де осы ұят. Сахаба Әнәс жеткізген бір хадисте пайғамбарымыз былай деген:

«Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді»,  – деп ұяттан ажыраған кісінің иманнан қол үзетінін жеткізген.

Осындай пайғамбар өнегелерін өздеріне айнымас ұстаным еткен қазақ халқы «Пайда ойлама – ар ойла» деп, ұяттың қаншалықты қымбат дүние екендігін дөп басып көрсеткен.

Әбу Һурайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу әлейһи уәсәлләм):

 «Иман алпыс немесе жетпіс тармақтан тұрады. Ең абзалы – «ләә иләһәиллалла (Алладан басқа құдай жоқ)» деп айту. Ең төменгі дәрежесі жолда жатқан кедергіні алып тастау. Ұят та – иманның бір тармағы»[3],  деп ұятты иманның бір бөлігі ретінде көрсеткен.

Ұятты Алла тағаладан ұялу және адамдардан ұялу деп бөліп қарастыруға болады. Абдулла ибн Масғұд былай деген: «Алла елшісі саллаллаһу әлейһи уәсәлләм: «Алла тағаладан шынайы түрде ұялыңдар» деді. Сонда біз: «Уа Расулалла! Аллаға шүкір расында біз Алла тағаладан ұяламыз» дедік. Сонда Пайғамбарымыз саллаллаһу әлейһи уәсәлләм: «Мен ол ұятты айтпаймын, Алла тағаладан шынайы түрде ұялу – ол басыңды және оның қамтыған ағзаларын сақтандыруың. Асқазан мен оның айналасындағы ағзаларды сақтандыруың. Өлім мен жоқ болуды есіңде ұстауың, кім де кім ақыретті қалаған болса, онда мына дүниенің әдемілігін тәрк етеді. Осы айтылғандарды жасаған адам ол Алладан шынайы түрде ұялған болады», – деді»[4].

Бұл жердегі басыңды сақта дегені – ардақты басымызды Алладан басқаға сәждеге қоймау, басқаларға тәкаппарлық танытып мұрнын шүйірмеу, басымызға тиіселі көз, құлақ тіл секілді ағзаларымызды жаман әрекеттерден аулақ ұстап, таза жүру меңзелген. Асқазанды сақтау болса – Алла арам еткен нәрселерін ішіп-жеуден тыйылу. Айналасындағы аяқ-қол секілді ағзаларды да арам істерден аулақтату. Ата бабамыз қай кезде қандай да бір әдепсіздік байқап қалса: «Ұят болады» деп бір-бірін ескертіп, қоғамның ұятсыздықтың кесірінен күйреп кететіндігін ескертіп отырған. Осыған қатысты Жүсіп Баласағұн былай деп жырлайды:

Пәле-жала жолын ұят кеседі,
Ұятсыздық ердің емсіз кеселі.
Ашық мінез, пәктік, ұят, серік боп,
Жарасады қуанышқа көрік боп.
Адал ар мен ақ көңіл де еленер –
Екі жалған бақытына бөленер»[5].

Бабамыз Жүсіп Баласағұнның бұл өлең жолдары әйгілі Ислам ғұламасы Ибн Хажар ал Асқаланидің «Мунаббихатында» айтылған мына нақыл сөзімен сәйкес келеді: «Төрт нәрсе жақсы, алайда одан жақсы төрт нәрсе бар: Ер кісінің бойында ұяттың болуы жақсы, ал ұяттың әйелде болуы одан да жақсы. Әр адамның әділ болуы жақсы, ал әділдіктің басшыларда болуы одан да жақсы. Қарт қарияның тәубе еткені жақсы, ал жастар тәубе етсе одан да жақсы, байлардың жомарт болғаны жақсы, жомарттықтың кедейдің бойынан табылуы одан да жақсы»[6].

Әбу Бәкір Кердері бабамыз әдепті қыз бен әдепсіз қыздың мінез-құлқы туралы сөз еткен кезде ар-ұяттың жоғары болуын қатаң ескертіп:

«Қыз болудан не пайда?

Болмаса сабыр, салмағы.

Қыздарды көркем көрсеткен

Мінездің сынық болмағы.

Жігіттерді көргенде,

Жалтаң-жалтаң қараса

Кеткендей-ақ алмағы.

Оның аты қыз емес,

Шайтанның ұшқан қаңбағы.

Ата-анадан асылы

Ұлықсатсыз жүрмеген

Сұрамаған сөзді білмеген.

Қыздардың осы саңлағы!»[7]деген.

Ұлы таулар мен кең даланы мекен еткен қазақ халқы төл табиғатына тартып туған айбынды, өр мінезді болса да, ар-ибадан, ұят-иманнан ешқашан көз жазбаған. Үлкендер жасы кішіге қамқорлық көрсетіп, жасы кіші жандар өздерінен үлкен кісіні көргенде жүгіріп барып сәлем беріп, алдынан қия өтпейтін.

Ал әйелдер ешқашан ер адамның жолын кеспей, тіпті, аттарын атаудың өзін ар санап: «Жақсы аға», «Мырза», «Ерке бала» деген сынды аттармен атайтын. Мұнысын қазақ бір сөзбен әйел кісілердің ат тергеуі деп атаған. Бұл да қазақ халқының дәстүріне дендеп кеткен ұят атты ұлы қасиеттің көрінісі.

Тіпті, «Жаным – арымның садағасы» деп ойлы сөздің астарынан-ақ, халықтың қаншалықты ар-намыс пен ұят атты қасиетке қатал қарайтынын бағамдауға болады. Ал ар-ұяттан безген адамдарды аямай сынап һәм осылай жасау арқылы ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсету мақсатында: «Өлімнен ұят күшті», «Ұялмаған бұйырмағаннан дәметеді», «Ұяты жоқтың иманы жоқ», «Ұятын жоғалтқан адам – адам емес», «Беті бүлк етпейді», «Ұятсыздың беті көншарық» деген сөздермен сынаған.

Абай өз заманының ар-ұяттан ада қалған адамдарына қарата:

«Ұятсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар жалмауыз.
Сорлы қазақ сол үшін
Алты бақан алауыз.
Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған мінейді»[8],  – деп береке-бірліктің түп негізі арлы болу, ұят атты асыл қасиетті жоғалтып алмауда жатқанын жеткізеді.

Қазақ халқының әдеттегі тұрмыс-салтында «Көріскен жерде сәлемдеспеу – ұят», «Үлкен адамға тұрып орын бермеу – ұят», «Ерлі-зайыптылардың кісі көзінше күреңқабақ болып отыруы – ұят», «Кісі көзінше балаға жекіру – ұят»… деген дағдылы тыйым сөздері ұяттың әрқашан жақсылық әкелетінін һәм тәлім-тәрбиенің негізгі тіректерінің бірі екенін білдіреді.

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен Ислам дінін біте қайнастыра халыққа ұсынуды мұрат еткен Хакім Абай өзінің 36-шы қарасөзінде: «Ұят кімде болса – иман сонда. Ұят – иманның бір мүшесі. Олай болса білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе?» деп алдымен ұят турасында таным-түсінікті қалыптастырып алуға мүмкіндік жасап, тереңнен тартып ғылыми анализ жасауға тырысады.

«Бір ұят бар – наданның ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес – ақымақтық, жамандық»[9], – дейді.

Қандай да бір кісінің санасында иманмен қуатталмаған, шынайы ұятпен шідерленбеген әлсіздік болса, ұялмас нәрседен ұялып, Абай айтқандай жаманның жайына тап келеді. Мұндай жандар ұялатын жерде қымсынбай кете беретіндіктен Абай мұны қазақтың дәстүріне сай «наданның ұяты» деген.

Болмаса әйгілі Төле би бабамыз он үш жасында төрелік айтып, екі ру арасындағы дауды шешкен кезде наданның ұятын жасамай, ұятқа орын жоқ жерде жағдайға байланысты жақсы шешім қабылдай білді.

Абайша айтсақ: «Нағыз ұят шариғатқа, ақылға, абыройға теріс қылықтан туады». Мұндай ұят адамдар арасында һәм жалпы қоғамда дұрыс деп мойындалған ережелер мен қағидаларға қайшы келіп қалған жағдайда туындайды.

Мұндай ұят екі түрлі болады: «Оның бірі – өзіңнен ондай қылық шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол, ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япыр-ай, мына байғұсқа не болды, енді мұның өзі не болады?» дегендей бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді».

Себебі, әрбір жан жүрген жерінде қоғамдық қарым-қатынастан еш босаңси алмайды. Сондықтан әркез қоғамда кейбір кереғар қылықтармен бетпе-бет келгенде Абайдың айтқанындай ішінен өзінен өзі ұялып, біреудің қылығы үшін жүзі қызарады. Мұндай мінез жауапкершілігі жоғары қазақ ортасынан табылады.

Әрдайым «Ұят – беттің пердесі» дегенді ұран еткен халқымыз «Өлімнен ұят күшті» деп санайды. Келесі бір ұяттың түрін Абай былай деп тарқатады: «Сондай ұят, шариғатқа теріс, ақылға, абұйырлы бойға теріс, адамшылыққа кесел қылық, қатеден, яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды басқалар білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай біртүрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісі де болады»[10], – дейді.

Бабамыз қазақ: «Өлімнен ұят күшті» дегенде осыны меңзесе керек. Ұялу – ақылды адамның ісі, әдепті жанның білімділігі мен парасаттылығының көрсеткіші. Демек, біздің бабаларымыз Ислам дінінің ең ұлы принципін, яғни, жамандықтан жырақ тұру қағидасын, «ұят» деген сөздің аясына сыйдыра түсінген.

Ұят білімді адамның бойында көбірек көрініс береді. Білімсіз жан мәдениетсіз болатыны секілді, өзімшіл, тәкаппар болғандықтан өзін ұяттың ауылынан аулақ ұстайды. Мұндай адамның айналасынан береке-бірлік пен сый-құрмет көру мүмкін емес. Адам мұндай жағдайдаға ақылсыздығынан тап болса керек.

Жүсіп Баласағұн  өзінің «Құтты білік» атты шығармасында былай дейді:

«Ақыл қайда болса – ұлылық толады,

Білім кімде – сол білікті болады».

Демек, ұят деген қасиетті әр нәрседен жоғары қойған халық – өте білімді һәм білікті халық. Халықымыздың арасында «Білімдінің беті жарық, білімсіздің беті көншарық»[11] деп айтылып жүрген сөздің арғы жағында ұялу, текті болу, ар-намысқа дақ түсірмеу жатқандығы жасырын емес.

Қазақ халқы Азия жерінде қоныстана отырып, сол жердің жанға жайлы, көңілге жағымды қоңырсалқын табиғатына теліп «қойдан қоңыр» деген сипатты өзіне таңады. Бұл – ұят пен ұяңдықты, ар мен намысты өзінің бойындағы ажырамас бөлігіндей еткеннен соң, «қойдан қоңыр» деген символдық сипатты қадір тұтқан ұлттың белгісі. Мұны ұлт ерекшелігінің қасиеті ретінде айтып тұр.

Қазақы қалыптан, дінмен қуаттанған дәстүрден ажырай бастаған тұста халық арасында теріс қылықтар мен ұнамсыз сәттер көбейері анық. Мұның ең қорқынышты тұсы – салт-санамызға айналып кеткен ұят атты алтын қазынамыздан айрылу.

Жүректегі ұят сезімі киім кию, сөз сөйлеу, қоғамдағы жүріс-тұрыс пен адамдар арасында өзімізді ұстауымыздан көрініс табады. Сондықтан Алла Тағала берген нығметтердің ең көркемі – ұят. Ардақты пайғамбармыз (с.а.с.) ұят турасында көптеген ескертулері мен сүйіншілерін білдірген бір сөзінде: «Ұят жақсылықтан басқа ешнәрсе әкелмейді» деген.

Демек, ұят – жақсылық атаулығы жасалған алғашқы қадам деуге негіз бар. Ғалымдарымыз да осы мағынаны қуаттайтын сөздерінде «Кімнің жүрегінде қорқыныш пен ұят болмаса, онда ол адамда жақсылық та қалмаған екен» дейді. Сонымен қатар, «Ұялу – адамның Алла Тағаланың жария және жасырын жасалған әр істі білетіндігін сезініп, өз өмірін соған қарай реттеуі, Оның өзімен арасындағы қарым-қатынасты басшылыққа алып өмір сүруі» деп те түсіндірген.

Алау ӘДІЛБАЕВ

[1]ӘбуДәуіт, Тирмизи, Бәйһақи.

[2]Имам Бұхари «Мухтасар Сахихул-Бухари». –Дамаск: «Дәрул-Мустафа» баспасы, 2011.– 735-б.

[3]Ахмад ибн Ханбал «Муснад», –Бейрут: «Дәрул Фикр», –1991. 1-т.

[4]Әбу Дәуіт «Сунан». –Бейрут: «Дәрул Фикр», 1992.

[5]«Бабалар сөзі» 1-т., –Астана: «Фолиант» баспасы, 2004. –357-бет.

[6]Ахмад ибн Али ибн Хажар әл-Асқалани. Мунаббиһат ала Истиғдади ли иәумил мағад. –Бейрут: «Дәрул Фикр», 2000 . –27-бет,

[7] «Бес ғасыржырлайды». – Алматы: Жалын, 1989. 2- т.–573-б.

[8]Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы.–Алматы: Жазушы, 2005. 1-т., – 62-б.

[9] Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы.  2-том, –121-122-бб,–336-б.

[10]Абай Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы, Отыз алтыншы сөз.  2-том, –121-122-бб., –336 бет.

[11] Кейкін Ж. Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабы.–Алматы: Аруна, 2014. –632-б.

Пікір жазу