Сахабалардың бірі өзін Пайғамбарымыздың қызметіне арнап, қажетіне жарау үшін жанынан алыс кетпейтін. Бірде Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған:

– Үйленсең болмай ма? – дейді.

– Уа, Алланың елшісі, мен түгі жоқ кедеймін. Әрі үйленсем сізге қызмет жасаудан қол үзіп қалам ғой, – деп уәж айтады.

Пайғамбарымыз үндемейді. Біраз уақыт өткеннен кейін Пайғамбарымыз сұрағын тағы қайталайды. Сахаба баяғы жауабын береді.

Кейін ойға қалады. «Уаллаһи, Алланың елшісі менің дүнием мен ақыретімді дұрыстайтын істі және мені Аллаға жақындататын нәрсені ең жақсы білуші ғой. Егер үшінші рет қайталайтын болса, міндетті түрде үйленем» дейді өз-өзіне.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Адам Аллаға мұқтаж

Пайғамбарымыз үшінші рет оған:

– Үйленсең болмай ма? – дегенде:

– Уа, Алланың елшісі, мені үйлендіріңіз, – дейді.

– Пәлен ұлдарына барып, «Алланың елшісі маған қыздарыңды берулеріңді тапсырды» деп айт.

– Уа, Алланың Елшісі, менің қолымда түгім жоқ қой дейді. Сонда Пайғамбарымыз сахабаларына:

– Бауырларың үшін дәнек салмағындай болса да алтын жинаңдар, – деп тапсырады. Олар дереу жинап, аталмыш руға барып, әлгі сахабаны үйлендіреді. Оған:

– Той дастарқанын жай, – деп, Пайғамбарымыз сахабалардан тойға соятын бір қой тауып береді.

Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ

Пікір жазу