Бір адам үйінде күнде әйелімен жанжалдаса берген соң, ойланып тұрып, сол заманның белгілі ғұламасына баруды шешеді.

Ғұламаның алдына келіп: «Хазрет, үйімде тыныштық болмай кетті. Әйелім екеуіміз күнде ұрсысамыз. Талақ беріп, босатып жіберейін десем, балаларыма обал.
Мұндай өмір сүргенімше, өлгенім артық қой деймін. Сіздің аузыңыз дуалы ғой, маған өлім тілеп беріңізші», – дейді.

Ғұлама: «Сенікі дұрыс» деп, сабыр етсең болмай ма?» – деп сұрайды. Әлгі адам: «Жоқ, олай да істеп көрдім, болмады», – дейді. Ғұлама: «Бір айда өлесің. Үйіңе қайта бер», – дейді.

Әлгі адам үйіне келген соң, намазын дұрыстап тұрып оқып, ақыреттік сапарға дайындала бастайды. Күнделікті әдетінше, әйелі ұрыс бастаса, одан жауап жоқ, үндемейді. Қолынан тәспісі түспейді, нәпіл ораза ұстап, нәпіл намаз көп оқиды. Жақсылық жасауға асығып тұрады.

Әйелі: «Әй, мынау шынымен-ақ өзгерген екен», – деп ойлап, ұрсысуды да доғарады. Үй-ішінде тыныштық, береке орнайды.

Отызыншы күн болғанда, әлгі адам, кебінін дайындап, жайнамазын жайып, намазын оқып, өлім періштесін күтіп отырады. Ол күні келмеген соң: «Мен барған күн саналмаған шығар», – деп ертеңін күтеді. Ертеңінде де бәрі тып-тыныш.
Әлгі адам: «Кейде ай отыз бірінен бітеді. Сол отыз бірі күні аманатымды тапсырармын», – деп ойлайды.

Отыз екі, отыз үш күн болады. Әлгі адам: «Осы айда садақа берген болатынмын, сол үшін созылған шығар», – дейді.

Отыз төрт, отыз бес күн өткен соң, шыдай алмай ғұламаның алдына барады.

«Хазрет, бүгін отыз алты күн болады. Әлі өлген жоқпын, мұнысы қалай?» – деп сұрайды.

Ғұлама: «Бауырым, үйіңдегі ахуал қалай?» – дейді.

«Үйімізде ұрыс-жанжал тоқтап, тыныштық пен береке орнады», – дейді.

Ғұлама: «Оның мәнісін білесің бе? Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өлмей тұрып, өліңдер», – деп бұйырған. Яғни, «ақыреттік амалдарыңды дұрыстаңдар» деді. Сен өлмей тұрып, өле білдің. Әйелің тірі, сен өлісің, араларыңда қайдан дау болсын», – деп жауап береді.

Әлгі адам: «Ал, Сіз бір айда өлесің», – деп едіңіз, ол қалай болды?» – деп сұрайды. Ғұлама: «Адамның қашан өлетінін Алла ғана біледі. Мен саған: «Айлардың бірінде, қаңтар ма, ақпан ба, шілде ме, әйтеуір «бір айда өлесің» дедім», – деп жауап береді.

Содан соң сөзін былай деп жалғастырыпты: «Бауырым, адам баласы өз үйінде ақыреттік және дүниелік істерін тең ұстаса, тыныштық пен береке-бірлікте, бақытты өмір сүретін болады. Ал, үйінде күнде ұрыс-жанжал болса, ол үйден бақ-береке қашады. Отбасыңа барып, баянды, ұзақ өмір сүруіңді Алла саған нәсіп етсін!» – деп, батасын беріп, шығарып салған екен.

Атақты Л.Н. Толстой да: «Ең бақытты адам – өз үйіне қуанышпен келе жатқан адам», – деп айтқан екен.

Алла Тағала баршамыздың отбасымызға бақ-береке, тыныштық берсін!

Қуат ҚАБДОЛДА

Пікір жазу