Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Сындарлы он жыл кітабында» жаһандану феноменін керекті дәрежеде түсінбейінше, геосаяси және тарихи субьект ретінде бірде‑бір қадам жасауға болмайтындығын айтады.

Жаһандану тақырыбына арналған зерттеулер көп болғанымен, аталмыш феноменнің жаңа қырлары мен даму бағыттарын сараптайтын, жаһанданудың дамыған әрі дамушы мәдениеттерге тигізетін әсері ғылымның барлық салаларында маңызды.

Соның ішінде әлеуметтану ғылымы әлемдік жүйенің, әлеуметтік-мәдени өзегінің негізгі қасиеттерінің өзара әрекеттесуі арасындағы қатынас сипаттарына назар аударады.

Жаһандану үдерістерін талдауда жағымды әрі негативті тұстары кездеседі. Бұл мақаламызда жаһандану үдерісінің ұлттық мәдениетке, мемлекетке тигізетін негативті әсеріне және ұлттық болмысты сақтаудың жолдарына қысқаша тоқталамыз.

Жаһанданудың қыр-сырын зерттеген Хабибулы Хака Хонгира: «Жаһандану – жеңіспен жетістікке жеткізетін үрдіс, әрі жаһандану – залалды. Жаһандануды кейбіреулері жолындағының бәрін жоятын пойыз ретінде көрсе, басқалары экономиканы өсіріп, жаңаруға апартын пайданың көзі»[1, 1 б.] – деп, ғалым жаһанданудағы ұтыс пен ұтылудың нәтижесі ұлттық мәдениет пен мемлекеттік ұстанымға тікелей байланысты екеніне тоқталған.

Жаһанданудың идеологы М. Уотерс, жаһандану әлемінде аумақтық шекаралар мен елдер арасындағы саяси, экономикалық қатынастардан ұлттық мүдделерден тәуелсіз жаңа әлем қалыптасатынын айтады. Қалыптасқан әлем, біртұтас қоғамды, біртұтас мәдениетті бейнелейді. Бұл дегеніміз мәдениеттердің жалпы адамзаттық мәдениетке ерікті интеграциясы болады [2].

Жаһанданумен айналысатын ғалымдардың кейбіреулері «әлемдік бірігу» барлық салаларда көрініс тапқанымен «дін», «мәдениет», «ұлт» секілді ұғымдардың төңірегінде жылдам қарқынмен жүзеге аспайтынына мән берген. Мысалы, С. Хантингтонның пікірінше: «…Біз батыстық идеологияның прогрессивті дәуірінің аяқталуын бастан өткеріп жатырмыз, енді жаңа дәуірге қадам басқан әртүрлі мәдениеттердің өзара әрекеттесіп бәсекелестікте өмір сүреді…»[3] – десе, басқа бір еңбегінде ғалым мәдениет пен дінді адамзатты жік‑жікке бөлетін, соғысты тұтандыратын қақтығыстардың бастауы деп есептеген [4].

Ал, Гарвард университетінің профессоры С. Хоффман «әлемдік мәдениеттің жаһандануы мәдени әртүрлілікті туғызып, ұлттық мәдениеттердің, әдет-ғұрыптардың, құндылықтардың нормаларын жаңғыртуға бағытталған мәдениеттердің плюралистік синтезі (локоглобализация)» [5] деп санайды.

Макс Вебердің сөзімен бұл анықтаманы талдасақ, «Әлемді ашуландыру» бірігуге қарсы реакция. С. Хантингтон мен С. Хофманның тұжырымдауларында мәдени унификация бірден жүзеге асып кетпейді, керсінше бұл салалар болашақта қақтығыстын ошағына айналуы мүмкін деп санайды.

Мәдениеттанушылар мен әлеуметтанушылардың теорияларының анықтамаларында, тарихшылардың тарихи фактілерінде мәдениет пен ділдің (менталитет) діңгегі дінде жатыр. Дін мен мәдениет мәселелері қазақ ойшылдарының шығармалары мен жыр-толғауларының негізгі ұстанымы болғандығын дәлелдейтін талай тарихи-мәдени фактілеріміз баршылық. Соның ішінде дін жайында айтар ойы айқын Шәкәрім Құдайбердіұлының мына бір өлең шумағына тоқталсақ:

«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,

Оны бөліп, дұспандық қару жасар.

Інжіл, құран – бəрі айтып тұрса дағы,

Мағынасынан адасып қара басар.

Сөйтіп бұзып, бүлдіріп есіл дінді,

Дін десе білімділер тұра қашар.

Ешбір дін үйтіп дұспан бол демейді,

Қанекей бұл сөзіме кім таласар» [6; 70].

Шəкəрім Құдайбердіұлы ешбір дін қиянат жаса, дұшпан бол демейді деп отыр. Ендеше, кінə дінде емес, сол дінді ұстанушылардың оның түп мағынасын түсінбей, дінді қолшоқпарға айналдыруында. Сөйтіп есіл дін бұзылады дейді.

Яғни кемшілік дінде  емес, діншілдерде болып отыр. «Құран сырын түсінбей бұрса дағы, жасырылмай жарқырап тұр керемет. Жаман тəпсір жайылып жер бетіне, дін десе тұра қашты есті азамат», – дейді Шəкəрім. Білімділердің, есті азаматтардың діннен тұра қашуының негізгі себебі жаман тəпсірде деп отыр.

Әлемдегі зомбылық, фанатизм, экстремизм, терроризм сияқты теріс көріністер «жаман бұрмаланған тәпсірдің» негізінде жатқаны белгілі. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «дін тазасын діннен іздейтін» Әлемдік және Дәстүрлі Діндер Лидерлерінің Съезінің орны ерекше деп білеміз. Себебі, ХХІ ғасырда әлемді тек рухани мәдениет құтқарады.

***

Жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтаудын жолдарын қарастырмас бұрын «Ұлттық бірегейлік дегеніміз не? Ұлттық бірегейліктін индикаторларына не жатады?» деген сұрақтардың мәнісін ашу қажет.

«Бірегейлік» дегеніміз латын тіліндегі «іdem», «identіty» «ұқсау», «бірдей болу» – адамның біреуге ұқсауы, сонымен өзін теңестіру әрекеті.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Рахымжан РАШИМБЕТОВ: Радикализмді тек Исламмен байланыстыру дұрыс емес

Э. Эриксон, З. Фрейдтің бірегейлік туралы ойын дамытып, жас баланың психосоциалды бірегейлігі дүниеге келген күннен бастап қоршаған ортамен араласу негізінде қалыптасатынына, уақыт өте келе адамның өзгермелі ор­тада өзіндік «МЕНІ»-нің тұрақтылығын арттыра түсетіндігіне тоқталған.

С. Хан­тингтон өзінің танымал «Біз кімбіз?» атты еңбегінде бірегейлікті индивидтің немесе топтың өзіндік санасы деп көрсетеді. Бірегейліктің ішіндегі ең маңыздысы ол – ұлттық бірегейлік. Ұлттық бірегейлік адамның белгілі бір ұлтқа, елге, мәдени кеңістікке жататындығын білдіретін бірегейліктің құрамдас бөлігі. Ұлттық бірегейлікті зерттеу барысында ғылымда примордиалистік, конструктивистік және инструменталистік тәсілдер қалыптасқан.

Ұлттық бірегейліктің қалыптасуындағы маңызды факторларға: территория, жер, шаруашылық, мемлекет, мемлекет құраушы халық, сыртқы сын-қатерлерге тұра білу, мемлекет құраушы ұлттың тілі мен мәдениеті жатады. Мемлекет діңгегінің мықты болуы аталмыш факторларға тікелей байланысты.

Біріншіден, мемлекеттің территориясы мен жері мемлекет құраушы ұлтқа тиесілі екенін дәлелдейтін тарихи мәдени құжаттардың болуы шарт. Қазақ мемлекетінің территориясы мен жеріне қатысты ежелгі түркі халықтарынан, қазақ этносының қалыптасуына мән берген Ә. Марғұлан, М.К. Қозыбаев, О. Смағұловтың және басқада тарихшылардың еңбектері маңызды.

Ұлттың діңгегін қалыптастырудағы келесі маңызды факторлар – мемлекет құраушы ұлттың тілі мен мәдениеті және шаруашылығы.

Бұл факторларды ғылыми тілде бір сөзбен энтелехия деп аталады. Энтелехия – белгiлi бiр ұлт­тың мыңдаған, миллиондаған жылдар үзбей тiрнектеп жинап, тырнақтап жетілдірген аса қымбат – энергиялық өрісі. Этностың өзін-өзі сақтаушы қуат қор­ғаны, имани иммунитеті, салт-дәстүрін ассимиляциядан сақтайтын берік қамалы. Энтелехиялық қуаты әлсіреген халықтың болашағы күмәнді. Жер бетінен жойылып кету қаупі жоғары.

Ұлттың энергиялық өрісі тарылып, энте­лехиялық тұтастығының ыдырауына әкелетін бірінші себеп – тіл бірлігінің бұ­зылуы. Ал, тілдің бұзылуын жеделдететін жолдың бірі – ұлттың ежелден келе жатқан шаруашылығының жойылуы. Шаруашылық арқылы халықтың тілі, дүниетанымы, яғни өзіндік мінезі қалыптасады.

Қазақ халқының негізгі кәсібі – ол мал шаруашылығы. Қазақ халқының математикалық есептеуі, тіл қорының негізгі бөлігі осы мал шаруашылығының негізінде қалыптасқаны белгілі. Сол сияқты жапон халқының шаруашылық көзі – күріш шаруашылығы ұлттық менталитетінің негізі болып саналады.

Қазіргі таңда Жапон мемлекеті робот, кеме, машина және технология жасау бойынша әлемдік көшбасшы мемлекет екені белгілі. Қазіргі жапондықтар үшін бабаларынан қалған күріш шаруашылығы экономикасын дамытуда тиімді болмаса да, ел үкіметі мәдениетінің діңгегі саналатын күріш шаруашылығын мемлекеттік тұрғыда қаржыландырады.

Мемлекеттің мықты болуының келесі факторы – мемлекет  құраушы халық. Халықты тәрбиелеу үрдісі балалық кезден басталуы қажет. Баланың алғашқы әлеуметтену ортасы – отбасы, балабақша, мектеп. Қазақстандық психолог ғалым Қ. Жарықбаев «доминант» теориясы бойынша баланың алғашқы әлеуметтену кезеңінде ақпараттар қай елдің тілінде баланың санасына бірінші болып орнықса, сол басымдыққа ие болатынын айтады. Сондықтан баланы тәрбиелеуде де жапон халқының тәжірибесіне сүйену біздің ойымызша өте ұтымды қадам. Жапон халқы балаларына алғашқы білім беруде ұлттың мәдени құндылықтарын, тілін меңгертуден бастайды.

Рухани-адамгершілікке тәрбие міндеттерін жүзеге асыру ұлттық мәдениетті сақтаудың ең маңызды шарты – қоғамның рухани қауіпсіздігінің басты алғышарты ретінде қарастырылады, өйткені тек «мәдени мұра» – бұл халықтың ұлылығы мен тәуелсіздігінің кепілі.

Ж. ТҮСІПБЕКОВ,

Қарағанды техникалық университетінің ұстазы,

облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. HabibulHaqueKhondkerGlocalization as Globalization: Evolution of a Sociological Concept// Bangladesh e-Journal of Sociology, Vol. 1. No. 2. July, 2004 P.1-9.
  2. WATERS M. Globalization. – L.; N.Y.: Routledge, 1996. – XIV, 185 p.
  3. Huntington S. The Clash of Civilizations and the Remaking of World Order. N.Y.: Simon & Schuster, 1996. 367 р.
  4. Hungtington S. The Clash of Civilization? // Foreign Affairs. Sum. 1993.Р. 22,
  5. Гревцева А.А. Культурная глобализация – проблемы и парадигмы // Известия РГПУ им. Герцена. 2008. № 70. С. 145-149.
  6. Шəкəрім. Иманым. — Алматы: Арыс,2000
  7. М.К. Козыбаев «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски. Память народа». Книга первая. Алматы, 2000.

Пікір жазу