Сұрақ: Фейсбук желісінде бір парақшада осылай сұрақ қойылыпты. Жастар арасында қызу тартыс жүріп жатты. Біреулері Отан қымбат десе, басқалары Меккені алға тартты. Сонда қайсысы дұрыс?
Жауап: Расында да жер бетінде отансыз, егемен елі жоқ ұлттар мен ұлыстар көп. Біз – бақыттымыз, Құдайға шүкір тәуелсіз еліміз бар. Егемен Қазақстанның әрқашанда еңсесі биік, өзге мемлекеттермен терезесі тең болсын десек, Отанды қадірлей білейік. Қазақ «Отан – оттан ыстық» деп бекер айтпаған. Әрбір азамат үшін өзінің отаны қымбат.
Қажылық мақсатында баратын қасиетті Меккенің де өз орны бар. Мекке – ардақты пайғамбардың туған мекені, қажылық рәсімдері орындалатын қасиетті жер. Құдай ол жерге Қағбаны орналастырған. Мекке – мұсылман үмбеті үшін ортақ қасиетті мекен болса, Қазақстан сенің туған Отаның, сенің туған Елің мен Жерің. Екеуінің де орындары айрықша. Бала үшін әке мен ананың орны мен қадір-қасиеті айрықша болғаны сияқты қасиетті Мекке мен әркімнің туып-өскен отаны да сондай қадірлі және қасиетті деп білу керек. Ислам «мұсылман болсаң, туған жеріңді таста» деп айтпайды, керісінше, ар-ожданды, отбасыңды және Отанды қызғыштай қоруға шақырады.
Сол үшін мұсылман ата мен ананы, Отан мен Меккені салыстырмайды, керісінше оларды бөлмей қадір тұтады, құрметтейді. Дін бүлікке емес, бірлікке шақырады.
Жалғас САНЫДБАЕВ