Қазақтың көбіне кісі есімі ретінде жүретін «дарқан» деген көркем бір сөзі бар. Ол тіркескен сөздердің қандай мән-мазмұн алып кететінін ойласаң, тіптен әуесің келеді. «Айтқанда аузыңа алуаның дәмі келгендей болады» десек, сірә да, әсірелегендік болмас.

Дарқан дала, дарқан ел, дарқан өмір, дарқан көңіл, дарқан жан – ойхой, тізбектеліп кете береді.

Міне, осы сөздің шығу тегі – сенесіз бе, кәдімгі «темірші ұста» дегеннен өсіп өрбіген көрінеді. Иә, иә, түп тамыры ежелгі ұсталық өнерден бастау алыпты.

Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі энциклопедиясының 1-томында: «Дарқан – темір ұстасының көне атауы; шебер, темірші. Оны «темірші қара ұста» деп те атаған. Қара ұста немесе дарқандар темір, мыс, жез сияқты металдарды өңдеп, қару-жарақ, сауыт-сайман, тұрмыстық бұйымдар жасаған. Дарқан сөзі түркі-моңғол халықтарының көпшілігінің сөздік қорында сақталған. Қару-жарақ соғушы дарқандар ел арасында үлкен құрметке ие болып, өнері жоғары бағаланып, әлеуметтік жағынан бірсыпыра артықшылықтарға ие болған. Қазіргі қазақ тілінде бұл сөздің емін-еркін, кең, шексіз, жомарт, молшылық сияқты мағыналарда қолданылатыны белгілі. Дарқан сөзінің бұрынғы ұста мағынасы көмескіленіп, жаңа ұғымдарға негіз болып қалыптасқан» (Алматы: DPS, 2011) деп оның түпкі этимологиясы кеңінен тарқатылған.

Журналист Тоқан Бодаухан ұсынған сөздерде де оған «Шіліңгір ұста, темірден бұйым жасайтын асқан шебер» деп анықтама берілген.

Керемет емес пе?

Қазіргі абстрактілі мән-мағынаны білдіретін мәндеріне қарап, олай демейтіндей-ақ қой.

Расымен де, Қазақ зергерлік өнерінің сөздігінде оның ертеде «ұста», «шебер» мағынасын білдіргені айтылған (Шойбеков.Р.Н. – Алматы: Ғылым, 1991).

Бұған қазақ фольклорындағы тілдік деректер де молынан айғақ болып тұр. Айталық, Көкетайдың ертегісінде (Алматы, 1972):

«Түгер ұста дарханға,

Сәлем бере барыпты» деп келеді.

Жазушы Мұхтар Мағауин шығармасының бірінде: «Дархан атаулы сауыт соғып, садақ июге кіріссін, ұста біткен қылыш қайырып, сүңгі суарсын деген хан жарлығы не күйде» деген де жолдар бар.

Енді мына қызыққа қараңыз. Ол көне түркі тілінде «тархан», көпше тұлғадағы түрі –тархат формаларында да қолданылған екен. Яғни дарқан бертін келе жаңа мәнге өтіп, тарханға трансформацияланған.

Т. Жанұзақтың Қазақ есімдерінің анықтамалығында: «Көне түркі жазба ескерткіштерінде атақ, дәреже ретінде кездеседі. Махмұд Қашқари, Әбілғазы баһадүр еңбектерінде мағынасы 9 түрлі кінәдан босатып, ерік, кеңшілік берілген, хан ордасына еркін кіріп шыға алатын және бұл ерік 9 атасына дейін кететін адам. Біріккен тұлғалары – Дарханбай, Дәркенбай» (Алматы: «Арыс» баспасы, 2009) делінген.

Сонымен, бұл сөз тұлғасының ұста мағынасынан бөлек, қазақ сөздіктері мен анықтамалықтарындағы жалпы мәні былай болып келеді:

◉ Исламияттан бұрын бек мағынасында қолданылған.

◉ Бұрынғы әкімдерге берілетін жоғары атақ.

◉ Рубасылардың атауы.

◉ Əскер басыларына берілетін атақ

◉ Ерлік жасаған адамға берілетін жоғары атақ, лауазым.

Сауал: Бұл қалай болып отыр?

Бұдан не түюге болады?

Темірші дарқаннан басшы тарханға дейінгі аралықтағы мағыналық өрлеу қалай жүзеге асты?

Керек десеңіз тархан – шығыс əскери тілінде «фельдмаршал» деген ұғымды білдірген болып отыр. Сонда эпостардағы «Ер Тарғын» батырдың аты емес, әскери дәрежесі болып шығады. Оның қолбасылығына ишара деуге болатындай ма?

Әрине, бұл мысалдан тұтас бір кәсіп иелерінің яки әлеуметтік топтың қазіргі заман тілімен айтқанда, өз имиджі мен образына сәйкес уақыт өте келе жағымды немесе жағымсыз ұғымдар мен сөздерге негіз бола алатынын пайымдаймыз. Дарқанның жағдайында «оң полюске мағыналық даму» деп осыны айт! Бұл деген ұсталар қауымының сол дәуірде абыройын барынша биік ұстағанын көрсетпей ме?!

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Тағдырлас тілдің бүгінгі тынысы

Жалпы кей ғалымдардың тіліміздегі «жақсы» деген сөзді «жа» (иа) және «кісі» (кіші), яғни «жауынгер» деген сөздердің қоспасы – жақшыдан (садақшы) өрбіген деп жоритынын ескерсек, бұған таң қалуға да болмайтын сияқты. Сын-сипатты білдіретін сөздер жекелеген топ я тұлға аттарынан да туындай береді. Бұл туралы К.Қайыржанның «Сөз – сандық: Қазақтың көне сөздері» кітабында айрықша атап өтілген.

Халық арасындағы мәліметтерге қарағанда ұсталықпен бастапқыда абыз-бақсылар айналысқан. Жұрт ұсталарды «Тәңір жіберген ісмер адамдар» деп құрметтепті. Ұсталар темірді төске басар кезде «менің қолым емес, Тәңірдің қолы» деп сиынған дейді. Жаугершілік заманда ұсталар ел үшін күрескен батырлармен тең құрметтелген деген де деректер бар (Б.Ахметұлы. Бағзыдан келе жатқан ұсталар мәдениеті. Темір ұстасының киесі мен иесі болады).

Журналист Бейсен Ахметұлы жазбақшы, теміршілік – аталарымыздан бүгінге жеткен киелі өнер. Сонау Хұн және Сақ дәуірінен жеткен, Берел қорғанынан табылған алтын адам, мыс айна, гаухар сырғалардың жасалу технологиясы қазіргіден кем еместігі ғалымдарды таңдандырып отыр.

Теміршілікті зерттеген Л.Н. Гумилевтің: «Түрік­тер әлемдік тарих сахнасында Орта­лық Азияда алғаш рет темірді өнеркәсіптік жолмен игерген халықтың бірі болған» деуі де бекер емес. Яғни бұдан ертедегі ата-бабаларымыздың темірден түйін түюді өзге халықтардан бұрын жолға қойғанын және онысын «кие» деп білгеніне көз жеткіземіз.

Айта кетейік, бүгінде әлемді сілкіндірген Шыңғысханның да, айперен тұлға Әмір Темірдің де темір ұстасы болғаны белгілі болып отыр. Есімдері де, бірінің – Темірші, енді бірінің –Темір болуы да көп жайдан хабар бергендей ме, қалай?!

Қазақ арасында дарқан атауының қай заманда ұста атауына ауысқаны белгісіз. Десе де, ұсталар мен ұста бабаларының дүкенін сақтап отырған ұрпақтарының әлі де дәстүрлі ортада абырой-беделінің биіктігін жоққа шығаруға болмас.

Зерттеушілердің пікірінше, тарихта осы процес теріс кеткен де жағдайлар бар. Бұл ретте діни ортадан мысал ретінде алып айтар болсақ, «ассасин» сөзі мысалға дәл келеді. Ағылшын және өзге де еуропа тілдерінде assassin – кісі өлтіруші, террорист деген мән алып кеткен сөз бастапқыда Таяу Шығыстағы діни топтың атауы болған десек, ертегідей ә?! Селжұқтардың зәр-иманын ұшырып, кейіннен қаншама іргелі мемлекеттермен ашық жауласқан, ақыры Құлағу мен Бейбарыс тұлпарларының тұяғына тапталған осынау жойқын қауымның артында қалдырған көлеңкелі естелігі осы-дүр.

Қош, бірді айтып, бірге кеттік. Дарқанның эволюциясын сөз феноменінің біріне жатқызуға болады. Басқа қосымша мәндерін айтпағанда, еркіндік, кеңдік, дегдарлық деген мағыналарды өзіне жамап алғанының өзі неге тұрады! Оның әлі де сөзжасамдық берешек келешегі алды болса керек. Тіптен, бетбұрысты жаңа даму бағыты өткен ғасырларда Маңғыстау, Атырау өңірінде басталып та кеткен бе дейміз. Қазақ тілінің аймақтық сөздігіне (Алматы: «Арыс» баспасы, 2005) сүйенсек, ол үшқияндық Кіші жүз ареалында «диуана», «дәруіш» деген де сакральды мәнге жүрген болып отыр. Мәселенки: Өй, оның сөзі құрысын, ол бір жүрген дарқан ғой (Аймақтық сөздік – Маң., Маңғ.).

Немесе

Жұмақта жүрген дарқанға-ай,

Балағат сөзді көп айтып,

Құрыстырдың арқамды-ай.

Аямады барларын,

Қашаған дарқан болды деп,

Қойға бар деп бұйырды,

Жұмысшы малай балдарын (Қашаған ақын).

Бәрі де ықтималды. Сөз де тірі ағза. Мағына ауыспалы, лексикалық қабат үздіксіз дамушы құбылыс. Не деп болмас, бәріне уақыт төреші.

Мәдениеттанушы-лингвист

© Абылайхан Қалназаров

Пікір жазу