ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыдағы «Омар ибн әл-Хаттаб» мешітінде жұма намазын жүргізді.
Бас мүфти күндердің сұлтаны жұмада мешітке жиналған жамағатты келе жатқан Құрбан айт мерекесімен құттықтап, ұлық мейрам жайлы уағыз айтты.
«Құрбан айт – ұлық мереке. Бұл күндері ренжіскен адамдар татуласып, жағдайы жеткен жан құрбан шалып, етін мұқтаж адамдарға, ағайын-туысына бөліп береді, отбасына да ауыз тигізеді. Өкінішке қарай елдегі пандемия жағдайына байланысты биыл айт намазы кейбір өңірлерде оқылмауы мүмкін. Құрбан шалу рәсімін әр аймақтағы жағдайды ескере отырып, онлайн және офлайн форматта өткізу бекітілді. Барша Қазақ елін мереке күндері қауіпсіздік шараларын сақтап, мүмкіндігіне қарай айт намазын оқып, құрбан шалуды, оның етін шын ниетпен мұқтаждарға таратып, халқымыздың амандығы үшін дұға жасауға шақырамын. Алла Тағала құрбан шалуға деген ниеттеріңізді қабыл етіп, ұлық мерекенің берекетін нәсіп етсін!» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, жұма намазы санитарлық талаптарды сақтай отырып, мешіт ауласында жамағатпен оқылды.