Сұрақ: Ана тілін білмеген адам жұмаққа кіре алмай ма?
Жауап: Жалпы, ислам дінінде фиқһ мамандарының қоғамдық қатынасты реттеуге қатысты ережелер бекітуіне (ижтиһад) рұқсат етілген. Қоғамда туындаған мәселені оң реттеу үшін фуқаһалар (заңгерлер) өз ой-тұжырымдарын ортаға сала алады. Ал, ғибадат пен ақыреттегі ахуалға қатысты мәселелердің үкімдерінің басым көпшілігі Құран және сүннетте қарастырылып қойғандықтан, мутәкаллимдер ақыретке қатысты діни үкімдерге талдау және түсіндірме жасаумен ғана шектеледі.
Сіз көтеріп отырған мәселеге қатысты ислам дінінде нақты пәтуа берілмеген. Анығында, ислам діні әсіреұлтшыл болуды құптамайды. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Уа, Адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға, руларға бөлдік. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп, күллі адамзат баласының бір-біріне туыс екенін (қандық тұрғыда) ескертеді.
Парасат падишасы – Мұхаммед (с.ғ.с.) да өзінің хадис-шаріптерінде: «Нәсілшілдікті қоздырған бізден емес...» (Мүсілім, Имарат/57) және «Басыңызға құлағы тесік хабашстандық қап-қара құл имам болып тағайындалып, ол Алланың Құранымен басшылық жасаса, оған мойынсұныңыз» (Ибн Мажа, Жиһад) деп, мұсылман қауымын асқын ұстанымдағы ұлтшыл болмауға шақырған.
Ал егер, кімде-кім: «Ана тілін білмеген жұмаққа кіре алмайды» десе, ол кісі қателеседі. Себебі, Құран Кәрім мен сүннетте һәм ғұламалардың көзқарастарында ондай нақты дерек айтылмаған. Десе де, Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ибраһим» сүресінің 4-аятында: «Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп; елінің тілінде ғана жібердік. Алла кімді қаласа, адастырады да, кімді қаласа, тура жолға салады. Ол, өте үстем, аса дана» деп, Алланың елшілері мен нәбилері жіберілген қауымның тілінде насихат жасағанын айтып өтеді.
Жалпы, араб тілін үйрену оңай емес болғандықтан, ислам діні таралған алғашқы дәуірлерде өзге ұлт өкілдері Хақ діннің құндылығын толық түсіне бермеген. Осы себептен де, ислам діні таралған өлкелерден шыққан дін ғұламалары исламды өз тілдерінде түсіндіруді қолға алған.
Мысалы, түркілер тұңғыш құрған ислам мемлекетіндегі* ғұламалар жергілікті халықтың тілінде уағыз-насихат айта бастаған. Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, т.б. ғұламалардың трактаттары осы мазмұнда жазылған еді. Соңында бұл әдіс өз жемісін беріп, Мәураннахр мен Түркістан тұрғындары Хақ дінді қабылдады.
Дінімізде әсіреұлтшылдық құпталмағанмен, ұлттық ерекшеліктерді шегінен асырмай ұлықтауға болады. Айталық, Алла Елшісі: «Мен екі құрбандықтың ұлымын**» (Бұхари, Мәнақиб: 23), деп өз бабаларының жанқияр ерліктерін үмбетіне үлгі-өнеге еткен. Олай болса, белгілі бір аймақта өмір сүріп жатқан үмбетті біріктіретін факторлардың бірі – сондағы ұлттың тарихы немесе тілі болса, онда сол құндылықтардың негізінде топтасу – дінге кереғар емес.
Бірақ, қалай болғанда да, ұлтшылдықтың шегінен шықпау қажет. Өйткені, Хақ Елшісі (с.ғ.с.) «Қоштасу құтпасында: «Бәріміз Адам атаның ұрпағымыз, ал Адам топырақтан жаратылған. Алла назарында құрметке лайық жан – Одан ең көп қорқатын адам. Арабтың араб емеске үстемдігі жоқ. Адамдар бір-бірінен тақуа дәрежесіне қарай үстем бола алады», – деп пенденің бір-бірінен артықшылығы діндарлықта екенін еске салады.
Мұхан ИСАХАН
* Қарақан мемлекеті.
** Бабасы Ибраһим пайғамбар мен атасы Мутәліптің өз ұлдарын құрбан етпекші болғанын меңзеп отыр.