Сұрақ: Діни уағыздарды талдай білмесе не болмақ?
Жауап: Дәстүрлі Исламды дұрыс пайымдау үшін білімді азаматтардың еңбегі қажет. Білімді екен деп шетелдік шейх-ғалымдардың уағыздары мен еңбектеріне еліктеу қате. Әлеуметтік желілерде екінің бірі уағыз айтуға бейім. Өзі таныс немесе түрі таныс деп діни ақпараттарын қабылдау адамды түрлі ойларға жетелейді.
Діни уағыз-насихатты ҚМДБ-ның ресми қызметкерлері мен белгілі дінтанушылар айтады. Ал, діни уағыздарды дұрыс талдай білмеу адамды соқыр сенім мен асыра діншілдікке соқтырады. Себебі жалған уағызшылар түрлі тәсілдермен адамның ішкі жан-дүниесіне, сенімі мен өмірлік құндылықтарына әсер ететін қабілетке ие.
Әр азамат өз деңгейінде дін негіздерін біліп, уағыздарды дұрыс талдай алмаса радикалдану мен деструктивті діни ағымдардың жетегінде кету қаупі, отбасылық және әлеуметтік қарым-қатынастардың бұзылу қаупі, діни фанатизм мен соқыр сенімге бой алдыру қаупі, дүниелік өмірден бас тартып оқшаулану т.б. қаупіне соқтырады. Әр тұлғада уағыз айтып тұрған адам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мақұлдаған адам ба, ресми мемлекеттің теологы ма деген сұрақтар болуы қажет.
Саналы адам ақылмен ойлап соқыр сенімге бой алдырмау керектігін дер кезінде пайымдағаны дұрыс. Демек, діни ақпараттарды талдамай имандылыққа бет бұрамын деп түрлі уағыздарды тыңдау қауіпті екен.
Икрам АЙТАЕВ










