Қажылық – исламда бес парыздың бірі. Қажылық құлшылығы Ибраһим пайғамбардан (оған Алланың сәлемі болсын) қалған өнеге. Бұл – Жаратушы Жаббар иеміздің Құрандағы бұйрығына мүлтіксіз бас иіп, «Ләббайк, Аллаһумма ләббайк!» (Бұйрығыңа мүлтіксіз мойынсұндым иә, Аллам!) деп, тәлбия зікірін айтып, пенденің Құдайға толығымен өзін арнауы. Өйткені қажылық Алланың үйіне қарай (Қағба) бағыт алған жүректердің сапары, мүмин пенденің Раббысына шынайы ықыласымен бет бұрып, өзінің әлсіздігін мойындап, Алланың әмірін орындауы.
Қазақ дүниетанымында да қажылық жасау ерекше құрметке ие болған, ал «қажы» атағы – тек діни емес, рухани кемелдік пен ел алдындағы абыройдың белгісі саналған. Қазақ әдебиетінде ақын-жыраулардың қажылыққа қатысты айтқан өлең-жырлары да баршылық. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Бес парыз» өлеңінде қажылықтан жағдайы жеткен жанның қалмауы қажеттігін былайша насихаттайды:
«Біреуі бес парыздың қажыға бару,
Бұл жолға мал мен жанды керек салу.
Шақырған бір Алланың ол жеріне,
Байларға қиын екен бармай қалу!
Пайғамбар: «Байлар қажыға келсін» – депті,
Үмбетім мені келіп көрсін! – депті».
Бүгінгі уағызымызда біз осы ұлы құлшылықтың мәнін, оның діндегі орны мен фиқһтағы үкімін және рухани тәрбиелік маңызын, сондай-ақ ғалымдарымыздың терең талдауларын негізге ала отырып сөз етеміз.
Себебі қажылық – тек парыз емес, бұл – мұсылманның Алла алдындағы адалдығының көрінісі, иманның шынайы айғағы.
Бірінші: қажылықтың анықтамасы
Араб тілінде қажылық «الحج» (әл-Хаж) деп айтылады. «Әл-хаж» сөзінің тілдік мағынасы – ұлық тұтқан нәрсеге талпыну және ниеттену, оны мақсат тұту. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: шариғат тарапынан белгіленген уақытта, яғни белгілі айдағы арнайы құлшылық рәсімдерін атқару үшін Қағба мен Арафатты мақсат етіп жолға шығу. Қажылықтың әрбір рәсімін шариғат белгілеген арнайы уақыттарда атқару.
Екінші: қажылықтың үкімі
Қажылық хижраның тоғызыншы жылы парыз етілген. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай дейді:
…وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا…
«…Алланың үйін зиярат етуге шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – міндет…» («Әли-Имран» сүресі, 97-аят).
Имам Ибн Касир өзінің тәпсірінде: «Бұл аят – көпшілік ғалымдардың пікірінше, қажылықтың парыздығын білдіретін негізгі аят. Кейбір ғалымдар қажылықтың парыздығы жайлы аят ретінде «Алла үшін қажылық пен ұмраны толық орындаңдар» («Бақара» сүресі, 196) аятын атағанымен, алғашқысы, яғни «…шамасы жететін әрбір адам үшін қажылыққа бару – міндет…» («Әли Имран» сүресі, 97-аят) анағұрлым айқын әрі нақты дәлел болып табылады», – деген.
Имам Фахруддин ар-Рази өзінің атақты «Мәфәтиху әл-Ғаиб» деген тәпсірінде осы аятты талдай келе, өте маңызды пікір айтады. Аталмыш аяттың мазмұнына сүйене отырып, кейбір ғалымдардың бұл аятқа қатысты «адамзаттың баршасына қаратылып айтылған» деген көзқарасын жеткізеді. Өйткені аятта «Әрбір адам үшін» делініп, жалпы адам баласына үндеу жасалғандығын алға тартады.
Бұл көзқарас исламдағы жауапкершіліктің маңыздылығын, әрбір ақыл-есі бүтін адамның Алла алдындағы міндетін еске салады.
Алла Тағала Құранда:
وَإِذْ بَوَّأْنَا لِإِبْرَاهِيمَ مَكَانَ الْبَيْتِ أَن لَّا تُشْرِكْ بِي شَيْئًا وَطَهِّرْ بَيْتِيَ لِلطَّائِفِينَ وَالْقَائِمِينَ وَالرُّكَّعِ السُّجُودِ
وَأَذِّن فِي النَّاسِ بِالْحَجِّ يَأْتُوكَ رِجَالًا وَعَلَىٰ كُلِّ ضَامِرٍ يَأْتِينَ مِن كُلِّ فَجٍّ عَمِيقٍ
«Сол уақытта, Ибраһимді Қағбаның орнына: «Маған ешбір нәрсені серік қоспа! Тауап етушілерге, тік тұрып, рукуғ жасап, әрі сәжде етіп, құлшылық етушілерге таза ұста» деп орналастырған едік. Адамдарды қажылыққа шақыр. Олар жаяу және көлікпен әрбір алыс жолдардан саған келеді», – деген («әл- Хаж» сүресі 26, 27 – аят).
Әйгілі имам Мұхаммед Али ас-Сабуни аталмыш аяттарды өзінің «Сафуат ат-Тәфасир» еңбегінде былайша тәпсірлейді:
«Сол заманды есіңе ал! Біз бір кездері Ибраһимді Бәйтулланың орнын аян беру арқылы көрсеткен едік. Оған Бәйтулланы тек қана Алланың разылығы үшін соғуды әмір еттік. Ибн Касир бұл аятқа қатысты: «Оны тек қана менің атыма тұрғыз», – деген. Менің үйімді сол жерде тауап ететін және намазбен құлшылық ететіндер үшін пұттар мен ластықтан тазарт», – деп түсіндірген.
Қисса
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Хазірет Ибраһим Бәйтулланы бітіргенде, оған: «Адамдарды қажылыққа шақыр», – деп айтылды. Хазірет Ибраһим: «Уа, Раббым! Менің дауысым қай жерге дейін жетеді дейсің?» – деді. Алла Тағала: «Сен шақыр, ал дауысыңды жеткізу маған тиесілі», – деді. Сонда хазірет Ибраһим Әбу Қубай тауының басына шығып: «Уа, адамдар, уа, халайық! Алла сауабы ретінде жұмақты беріп және сендерді тозақтан құтқару үшін осы Қағбаны қажылық етуге әмір етті. Олай болса, сендер қажылық жасаңдар. Еркектердің белдеріндегі және әйелдердің құрсағындағылар осы дауысқа жауап беріп: «Ләббәйк, Аллаһуммә ләббәйк (яғни, уа, Раббым! Әмір ет, әміріңе құлдық ұрдым, қажылыққа келдім)» – дейді. Саған жаяу немесе шаршап, болдырған түйелерге мініп келеді. Яғни, ұзақ жерден келгендіктен түйелер болдырып, жүре алмастай болады. Сол болдырған түйелер шартараптан келеді. Имам Қуртуби: «Осы аяттағы есімдіктің түйелерге қатысты болуы иелерімен бірге қажылыққа келгендіктен, оларға да баға бергендігін білдіреді», – деген.
Имам Қуртуби өзінің тәпсірінде кейбір ғалымдардың Ибраһимнің бұл жар салуы, яғни қажылықты жар салу оның шариғатының бір бөлігі деген пікірін келтірген.
Жалпы, бұл аят қажылықтың парыздығын, оның жария түрде үмбетке жеткендігін, әрі оған жауап берушілердің тағдырдағы жазмышына қарай қажылық жасайтындығын меңзейді.
Ибн Омар (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізген:
بُنِيَ الإسلامُ على خمسٍ شَهادةِ أن لا إلَهَ إلَّا اللَّهُ وأنَّ محمَّدًا رسولُ اللَّهِ وإقامِ الصَّلاةِ وإيتاءِ الزَّكاةِ وصَومِ رمضانَ وحجِّ البيتِ لمنِ استطاعَ إليهِ سبيلًا
«Ислам-бес негізге құрылған: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның елшісі екендігіне куәлік беруге, намаз оқуға , зекет беруге, қажылыққа баруға, рамазан айында ораза ұстауға» (имам Бұхари).
Мұсылман баласына өмірінде бір рет қажылық жасауы – парыз. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келесі хадисті жеткізген:
قَدْ فُرِضَ عَلَيْكُمُ الْحَجُّ فَحُجُّوا، فَقَالَ رَجُلٌ: أَكُلَّ عَامٍ يَا رَسُولَ اللَّهِ فَسَكَتَ حَتَّى قَالَهَا ثَلَاثًا فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَوْ قُلْتُ: نَعَمْ، لَوَجَبَتْ، وَلَمَا اسْتَطَعْتُمْ
«Уа, адамдар, Алла сендерге қажылықты парыз етті, қажылық жасаңдар!» – деп құтпа оқыды. Бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр жылы ма?» – деп, сұрады. Ол кісі сұрағын үш қайталағанша Алланың Елшісі үндемеді. Сосын Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә» деп жауап бергенімде (әр жылы өтеу) парыз болатын еді де оған шамаларың келмейтін еді!» – деді» (имам Мүслим).
Қажылық жайлы Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз «Мұсылмандық шарты» деген кітабында: «Қаж қылуға қаражатты да, һәм үй-ішінің нәпақасына да малы жетерлік байларға ғұмырында бір мәрте қаж қылмақ парыз», – десе, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінде: «Қаж ету дегеніміз өмірде бір рет Мекке шаһарында болу, қағбатуллаһты, яғни Аллаға құлшылық ететін үй деп танылатын орынға барып, зиярат ету. Қағбаттулаға барып тәуап ету күндегілік я болмаса жыл сайын міндетті амал емес, шамасы келген адам өмірінде бір рет барып қайтса, мойнынан парыз кәміл түседі», – деп түсіндірген.
Үшінші: қажылықтың артықшылығы
Жалпы құлшылықтың бір-бірінен артықшылығын баяндайтын хадистердің мәтіндері әртүрлі. Бір хадисте жиһад абзал, біреуінде иман абзал, тағы біреуінде намаз абзал, ал енді біреуінде қажылық абзал делінген. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын):
سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الْأَعْمَالِ أَفْضَلُ؟ أَوْ: أَيُّ الْأَعْمَالِ خَيْرٌ؟ قَالَ: إِيمَانٌ بِاللَّهِ وَرَسُولِهِ قِيلَ: ثُمَّ أَيٌّ؟ قَالَ: الْجِهَادُ، سِنَامُ الْعَمَلِ قِيلَ: ثُمَّ أَيٌّ؟ قَالَ: ثُمَّ حَجٌّ مَبْرُورٌ.
Алланың Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай амал (іс) ең абзал?» – деп сұралды. Ол: «Аллаға және Елшісіне деген иман», – деді. «Сосын қайсы?» – делінді. Ол: «Сосын Алла жолында жиһад жасау», – деді. «Сосын қайсы?» – делінді. Ол: «Сосын игі (қабыл болған) қажылық», – деді», – деген. (имам Бұхари).
Тағы бір хадисте:
العُمْرَةُ إلى العُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِما بيْنَهُمَا، والحَجُّ المَبْرُورُ ليسَ له جَزَاءٌ إلَّا الجَنَّةُ
«Бір ұмра (кіші қажылық) екінші ұмраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал қабыл болған қажылықтың сауабы – тек қана жәннат», – деген (имам Бұхари).
Хадистерде келген «игі қажылық» дегеніміз – қабыл болған қажылық. Ал имам ән-Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «игі қажылықты – ешқандай күнә араласпаған қажылық», – деп түсіндірген.
Имам аш-Шаукани: «Сахабалар тарапынан қойылған: «Қандай амал (іс) ең абзал?» – деген сұраққа Пайғамбармыздың әртүрлі жауап беруі олардың иман дәрежелерінің өзгешелегімен байланысты. Жиһадқа лайықты сипаты бар кісі сұраса, оған жиһад деген. Ауқатты бола тұра қажылықты кешіктіріп жатқан кісі сұраса, оған қажылық деп жауап берген. Жағдайдың өзгешелігіне сай Алланың Елшісінен еститін жауаптары да әртүрлі болған. Өйткені әркімнің ақсап жатқан ісі Алланың Елшісіне белгілі еді», – деген.
Қисса
Бірде Алла Елшісі сахабаларымен отырғанда (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабыл болған қажылықтың сыйы тек жәннат болатындығын айтады. Сонда сахабалар: «Қажылықтың қабыл болуына не нәрсе септігін тигізеді?» – деп сұрайды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға: «Өзгелерді тамақтандыру және жақсы сөз сөйлеу», – деп айтқан екен.
Төртінші: қажылықты парыз ететін шарттар
- Мұсылман болу.
- Ақыл-есі дұрыс болу. Ардақты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
رُفِع القَلمُ عن ثلاثةٍ: عن النَّائمِ حتَّى يستيقظَ، وعن الصَّبي حتَّى يحتلِمَ، وعن المجنونِ حتَّى يَعقِلَ
«Үш адамнан қалам көтерілген (күнә жазылмайды): балиғатқа жеткенге дейін сәбиден, оянғанға дейін ұйқыда жатқаннан және айыққанға дейін ақылынан адасқаннан», – деген (имам Термизи).
- Балиғатқа толу.
- Азат болу. Қажылық жасау үшін, еркіндік, қаражат және көлік секілді нәрселер қажет.
- Мүмкіншілік. Мүмкіншілік үшке бөлінеді:
Бірінші: Денсаулық мүмкіншілігі. Денсаулығы әлсіз, науқасқа, соқырға, сал ауруына ұшырағанға, мүгедекке, тіпті жетекші табылса да парыз емес. Сондай-ақ көлікке өзі мініп, түсе алмайтын қартқа, қамаудағы адамға да парыз емес. Өйткені Алла Тағала қажылық парызы үшін мүмкіншіліктің болуын шарт қылған.
Екінші: Дүние-мүліктің мүмкіншілігі. Қажылық сапарында жол азығы мен көлік қызметін көтеруге жеткілікті қаражаттың болуы. Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Алла алдында Қағбаны қажылық ету – адамдарға парыз етілді, әрине, кімнің оған амал табуға шамасы келсе», – деген аятқа қатысты Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амал табу деген не?» – деп сұралғанда, ол :
الزَاد والرَاحِلة
«Жол азық пен көлік», – деп жауап берді», – деген (имам Табари).
Қажылыққа аттанушы кісі қажылықтан оралғанша артында қалатын отбасының күнделікті қажеттіліктерін жеткілікті азықпен қамтамасыз етуі шарт.
Үшінші: Қауіпсіздік мүмкіншілігі. Қауіпсіздік мүмкіншілігі дегеніміз – жолдың қауіп-қатерден аман болуы. Әйел кісі үшін қауіпсіздік мүмкіншілігі дегеніміз – қасында ақыл-есі дұрыс және балиғатқа толған махрамның (жолдасының, бауырының) серік болуы.
Бесінші: қажылықтың парыздары
- Ихрамға кіру;
- Арафаттта тұру;
- Тауап ету.
- Ихрам – «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын, тігісі жоқ мата. Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ ниетті тілмен айту – мұстахаб. «Рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын ақ мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіне ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы ихрамның шарттары.
- Арафатта тұру – Арафа күні таң атып, күн Сәбир тауы жағынан көтерілген уақытта Арафат тауында немесе белгіленген аймақта күн батқанға дейін тұру. Сондықтан кімде-кім Арафатта тұрмаса, қажылық құлшылығын орындамаған болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الحَجُّ عرفةُ، مَن جاءَ لَيلةَ جَمعِ قَبلَ طُلُوعِ الفَجرِ فَقَد أَدركَ الحَجَّ
«Қажылық дегеніміз – Арафат, кімде-кім Арафатқа үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», – деген (имам Әбу Дәуід).
- Тауап ету. Тауап араб тілінде «бір нәрсені айналу» деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы қасиетті Қағбаны жеті рет қажылық ниетімен айналу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тауап намаз тәрізді құлшылық екенін айтқан. Хадисте:
الطَّوَافُ حَوْلَ الْبَيْتِ مِثْلُ الصَّلَاةِ، إِلَّا أَنَّكُمْ تَتَكَلَّمُونَ فِيهِ، فَمَنْ تَكَلَّمَ فِيهِ فَلَا يَتَكَلَّمَنَّ إِلَّا بِخَيْرٍ
«Байтулланың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп, кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін», – деген (имам Термизи).
Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында «Хажару әл-әсуад» деп талатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың іргесінен басталады. Қағбаны жеті рет айналғанда тауап тәмамдалады.
Алтыншы: қажылықтың уәжіптері
Біріншісі, сағи. Сафа мен Мәруа деп аталатын екі төбенің арасында төрт рет Сафадан Мәруаға, үш рет Мәруадан Сафаға тездетіп жүру сағи болып табылады.
Екіншісі, Муздалифада тұру. Айт күні көкжиектен күннің қызылы кеткен уақыт пен келесі күннің күні шыққанға дейінгі аралықта Муздалифада тұру – уәжіп. Бүкіл түнді сонда өткізу – сүннет. Муздалифада тұру бір себеппен орындалмай қалса, оқасы жоқ. Себебі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл амалды орындай алмаған адамдарға кәффарат (айыпты жуып-шаю) жасасын деп айтпаған. Ал, себепсіз орындамағандар құрбан шалып, айыбын өтейді.
Үшіншісі, Минада шайтанға тас лақтыру.
Төртіншісі, шашты тақырлап алу немесе қысқарту. Минада тас лақтыру рәсімінен кейін «Тәмәтту» қажылыған өтеген адам құрбан шалу қажет.
Бесіншісі, қоштасу тауабы. Сырттан келіп, миқаттардың бірінен кірген қажылар қажылық амалдарын бітіргеннен кейін қоштасарда Қағбаға тауап етуі – уәжіп.
Жетінші: қажылықтың сүннеттері
- Құдум тауапы, яғни алыстан келгендер үшін алдымен Қағбаны тауап ету.
- Тауаптың алғашқы үш айналымында рамл ету (жүру), яғни ер кісі оң иығын ашып, қысқа адыммен шапшаң жүру.
- Сағида белгілі жерден (жасыл белгіден) өтер кезде (сол аралықты) оң иығын ашып, жылдам жүріп өту.
- Айт күндері Мина тауында түнеу.
- Минадан Арафат тауына күн шыққаннан кейін шығу.
- Мұздалифадан Минаға күн шыққаннан соң шығу.
- Мұздалифада түнеу.
- Үш Жамаратта кезекпен белгілі тәртіпте тас лақтыру.
Құрметті жамағат!
Қажылықта пенде өзінің әлсіздігін, Раббысының ұлылығын таниды. Ихрам киген сәттен бастап адам дүниелік атақ-даңқтан, мал-мүліктен арылып, тек құл ретіндегі болмысына қайта оралады. Бұл – тәубенің, тақуалықтың, тазарудың жолы. Сол себепті қажылық – адамның бір күнін емес, бүкіл өмірін, мінезін өзгертетін құлшылық. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
مَنْ حَجَّ فَلَمْ يَرْفُثْ وَلَمْ يَفْسُقْ، رَجَعَ كيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ
«Жаман сөз сөйлемей, күнәлі әрі орынсыз еш нәрсе жасамай, қажылық жасаған адам (үйіне) анасынан жаңа туылғандай (күнәсіз) оралады», – деген (имам Бұхари).
Қажылық – мұсылман қауымының рухани кемелденуіне жол ашатын, пендені Жаратушымен қауышуға жетелейтін ұлы құлшылық. Ол – қасиетті Мекке топырағына табан тіреу, тек сапар шегу емес, жүрекке иман дәнін егу, нәпсіні тәрбиелеу, бірлік пен бауырмалдықты тереңінен сезіну.
Қажылық арқылы мұсылман адам күнәларынан арылып, рухани тазарады, өмірінің мәнін тереңірек ұғынады. Бұл – Алланың алдында бәрі тең, бай мен кедей, ұлт пен ұлыс айырмайтын, адам баласын иман мен ықылас арқылы тең ететін ұлы құлшылық. Сондықтан да қажылық – пенденің өз Жаратушысына деген махаббаты мен шынайы мойынсұнуының жарқын көрінісі. Ислам дінінің осы бір тұғырлы парызын атқару – мұсылманның өміріндегі ең мәртебелі сәттердің бірі әрі ақыретке жинаған сауап қазынасы болмақ.
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі