Ертеде қазыналы қариясы көп ауылда балалардың бақытын, тәрбиесін бірінші орынға қоятын бір данышпан ақсақал өмір сүріпті. Оның үнемі жанынан бір сәтке қалмайтын зерек немересі болыпты. Қария сол немересін ерекше жақсы көріп, оған өмірдің сан тарау сырын, жақсылық пен жамандықтың мәнін ұқтырып, ақыл-өсиетін айтып отырады екен.
Бір күні кешқұрым атасы мен немересі үй сыртындағы сәкіге жайғасыпты. Айнала тып-тыныш, самал жел беттен өбіп, аспанда жымыңдаған жұлдыздар жарыса жымиды. Атасы немересін бауырына тартып, өзінің көкейіндегі терең сырды айтқысы келгендей, бір сәт үнсіз ойланыпты да, сөз бастапты.
– Балам, білесің бе, әр адамның кеудесінде көзге көрінбейтін екі қасқыр өмір сүреді. Олар үнемі бір-бірімен шайқасып, арпалысып жатады.
Немересі атасының жүзіне аңтарыла қарап:
– Қандай қасқырлар, ата? Олар не үшін айқасады? – деп сұрапты.
Атасы немересінің сұрағына күлімдеп:
– Бірі – ақ қасқыр, екіншісі – қара қасқыр. Ақ қасқыр – сенімнің, шындықтың, адалдық пен мейірімнің белгісі. Ол адам бойындағы жақсылық атаулының нышаны. Ал қара қасқыр – күншілдіктің, қызғаныштың, өтірік пен ашудың бейнесі. Ол – адамның жаман қасиеттерінің көрінісі. Екеуі де сенің жүрегің мен жаныңда өмір сүреді. Күндіз де, түнде де олар бір-бірімен шайқасып, билік үшін таласады.
Немересі ойланып қалып, қайта сұрапты:
– Олар не үшін осылай ұдайы күреседі, ата? Жеңетіндері бола ма?
Атасы сәл жымиып, немересінің қиялына қанат біткендей әсермен әңгімесін жалғапты:
– Әрине, жеңіс – бір қасқырдың ғана еншісінде. Олар әрдайым адамның жүрегіне, жан дүниесіне үстемдік еткісі келеді. Бірақ кімнің жеңетінін сенің өзің ғана шешесің.
Немересі қызығушылығы артып:
– Қалайша мен шешемін? Қай қасқыр күшті болса, сол жеңетін шығар? – деп сұрақты үсті-үстіне жаудырыпты.
Сонда қария немересінің басынан сипап:
– Екеуі де бірдей күшті. Бірақ қайсысын көбірек жақсы көріп, көп азық берсең, сонысы басым болады. Егер ақ қасқырды – адалдықты, шындықты, мейірімділікті, сенімділікті қолдасаң, оны жақсы ойлармен, ізгі істермен қуаттасаң, ол қара қасқырды жеңеді. Ал егер қара қасқырды – қызғанышты, күншілдікті, өтірік пен ашуды қолдап, жамандыққа бой алдырсаң, ол күшейіп, ақ қасқырды басып тастайды, – деп жауап беріпті.
Немересі атасының сөзін тыңдап, терең ойға шомыпты. Ол кішкентай болса да, өз бойындағы қай қасиеттерді өсіріп, қайсысынан аулақ болу керектігін жүрегімен сезінгендей болды. Сол күннен бастап ақ қасқырын күшейтуді мақсат тұтыпты.
Атасы немересінің жүзіне мейірлене қарап, оның ақ жүрегіне үмітпен қарапты. Өйткені өмірде ақ қасқырын азықтандырған жан ғана шынымен бақытты болатынын ол жақсы білетін.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ