Кейінгі жылдары Тигр мен Евфрат өзендері аумағын алып жатқан тарихи Месопотамия мекенінің бүгінгі мұрагері – Ирак мемлекетімен қарым-қатынасымыз жан-жақты жанданып келеді. Әсіресе сауда-экономика, мәдени және туристік салаларға айрықша көңіл бөлініп отыр. Ирактың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Джабер Нажм Абдолла әл-Темими мырзамен болған сұхбатта осы байланыстардың бүгіні мен келешегі жайында кеңінен әңгіме өрбіді.
– Джабер мырза, әңгімемізді Ирактың бүгінгі саяси-экономикалық жай-күйінен бастасақ. 2003 жылғы соғыстан кейін елде қандай өзгеріс болды?
– Біздің еліміз адамзат тарихында өзіндік орны бар Шумер, Аккад, Бабыл (Вавилон), Ассирия және Араб-ислам өркениеттері қанат жайған тарихи өлке саналады. Бастауы біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықта жатқан Месопотамияда адамзат тарихындағы алғашқы жазу-сызу – бабыл сына жазуы пайда болған. Дөңгелек те алғаш рет осы жерде ойлап табылған. Ал Бабыл патшасы Хаммурапидің заңдар жинағы қоғам өмірін реттеген алғашқы жазбаша құқықтық құжат болған еді. Сондай-ақ месопотамиялықтар егіншілікпен айналысқан алғашқы қауымның бірі саналады.
Кейінгі ғасырда біздің еліміз жақсы кезеңді де, қиын шақты да бастан кешті. Соның ішінде 2003 жылы 30 жылдан аса елді билеп-төстеп, халықты көп қиыншылық пен қасіретке душар еткен Саддам Хусейн режімі құлаған соң, ел өмірінде үлкен өзгеріс орын алып, демократиялық реформа жүзеге асты. Бірпартиялық жүйеден саяси плюрализмге көштік. Қазір Иракта бірнеше саяси партия жұмыс істейді.
Экономика жайында айтсақ, қазіргі таңда Премьер-министр Мұхаммед Шиа әл-Судани басқаратын үкіметіміз ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Соның қатарында құны 6 млрд долларды құрайтын «әл-Фау» портының құрылысы мен құны 14 млрд долларға бағаланған «Даму жолы» жобасы бар. Оның аясында ұзындығы 1 200 шақырым жол салынып, ол Ирактың Араб шығанағындағы порттарын Түркиямен жалғап, сол арқылы Азия мен Еуропа нарықтарын Ирак арқылы байланыстырады.
– Біздің білуімізше, Ирак мұнай өндіруден әлемде 4-орын алады. Сіз айтып отырған іргелі жобалар мен мұнай өндірудегі табыс ел экономикасына қалай әсер етіп жатыр?
– Иә, Ирак – әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдің бірі. Нақтырақ айтқанда, күніне шамамен 4,3 млн баррель мұнай өндіріледі. Алдағы уақытта 6 млн баррельге жеткізу жоспарда бар. Ал жер астындағы барланған мұнайдың жалпы қоры – 145 млрд баррель. Қазір көптеген халықаралық мұнай компаниясы Ирактың кен орындарын игеріп жатыр. Мұның бәрі, әлбетте, Иракты қуатты әрі тұрақты экономикасы бар елге айналдырып отыр. Ал мұнайдан түсетін табыс түрлі сервистік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ ирактықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмсалып келеді. Былтыр ел бюджеті 153 млрд доллардан асқанын айта кету керек.
– Қазақстан мен Ирактың өзара сауда-экономикалық байланысы қандай деңгейде? Біз сіздерге қандай тауар түрін экспорттаймыз, сіздер бізге не жеткізесіздер?
– Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың орасан зор әлеуеті тұрғысынан қарасақ, қазіргі өзара алыс-беріс көлемі өз деңгейінен төмен екенін айтқым келеді. Қазақстанда Иракқа қажетті көптеген ресурс бар. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері, соның ішінде бидай мен арпа сияқты дәнді дақылдар, мал шаруашылығы өнімдері, т.б. Жақында Ирак кәсіпкерлері Қазақстанға келіп, мұндағы ет пен тірі малдың бағасы Иракқа экспорттауға өте қолайлы екеніне көз жеткізді. Атап айтсақ, сіздерде бір кило еттің құны Ирактағы бағаның жартысынан азын құрайды.
Ал Ирак Қазақстанға экспорттауға болатын көптеген тауар мен азық-түлікке, әсіресе жеміс-жидекке бай. Оның ішінде құрма, апельсин, анар, жүзім, сондай-ақ көкөністің көптеген түрі бар.
Қазіргі таңда Қазақстан Иракқа бидай, арпа, ұн және ет экспорттаса, Ирак Қазақстанға құрма түрлерін жеткізіп беріп отыр. Дегенмен өзара сауданың көбі тікелей емес, үшінші елдер арқылы жүзеге асып келеді. Бұл өз кезегінде тауар бағасының қымбаттауына әсер етіп тұр. Сол себепті біздің алдымызда тұрған басым міндет – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты тікелей, үшінші тарапсыз жүзеге асыруға күш-жігер жұмсау.
– Оған қандай кедергілер бар?
– Экономикалық байланысты арттыруға екі тарап та мүдделі. Алайда арамызда құрлықпен де, теңізбен де тікелей көлік бағытының болмауы, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты реттейтін құқықтық базаның жоқтығы біраз қиындық туғызып тұр. Сол себепті біздің елшілік Қазақстанның министрліктерімен, өзге де жауапты салалық ведомстволармен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Тағы бір айта кетер жайт – Ирак кәсіпкерлеріне Қазақстандағы қолжетімді экономикалық мүмкіндіктер жайында ақпарат жете бермейді. Бұл – бизнес саласындағы қарым-қатынастың болмауынан туындап отырған жағдай. Осыған орай біз мүдделі тараптарға екі елдегі тиімді мүмкіндіктер туралы ақпарат беру үшін байыпты жұмыс істеп, өзара байланыстарды орнатуға және кездесулер өткізуге атсалысып жатырмыз.
Иракта Қазақстан елшілігінің болмауы да біздің ел азаматтары үшін қиындық тудыратынын айта кету керек. Олар виза алу үшін Аммандағы (Иордания) Қазақстан елшілігіне жүгінуге мәжбүр. Егер Бағдадта сіздердің елшіліктеріңіз ашылса, екі ел арасындағы экономикалық қатынастар мен басқа да саладағы барыс-келісті жандандыруға ықпал етер еді.
– Қазақстан мен Ирак – тарихы тамырлас, мәдени-діни салада ортақ құндылықтары көп елдер. Қазіргі таңда бұл бағытта қандай байланыс бар?
– Иә, біздің халықтарымызды көп нәрсе байланыстырады және өзара ынтымақтастық тарихы тым тереңде жатыр. Ең алдымен қазақ пен арабты ата-бабадан қалған салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеу мен сақтау, қонақжайлылық пен жомарттық секілді қасиеттер жақындастыратынын айтар едім. Қазақ жерінен шыққан ұлы философ ғалым Әбу Насыр әл-Фараби ғылым іздену жолында Бағдадта он жыл өмір сүрген. Ол араб тілін жетік меңгеріп, өнер, музыка, медицина, физика салаларында көптеген еңбек жазып қалдырды. Бұл ғұлама ирактықтардың жүрегінен ерекше орын алады. Бағдадта әл-Фарабидің зәулім ескерткіші, сондай-ақ оның атында университет бар.
Ислам дінін тарату үшін Орталық Азия елдеріне аттанған мұсылман қолбасшыларының көбі Иракта дүниеге келген. Мысалы, Мәуреннаһр аймағына дін таратуға ықпалы тиген белгілі қолбасшы Құтайба ибн Муслим әл-Бахили – біздің өлкенің тумасы. Ислам халифаты кезінде Орталық Азия халықтарынан шыққан көптеген мұсылман ғұламасы мен имамдары Бағдадта оқып, ислам құқығын меңгеріп, әлемнің түкпір-түкпіріне дін ілімінің жетуіне атсалысты. Осындай қоян-қолтық қарым-қатынастың арқасында қазіргі таңда араб пен қазақ халықтарының тілдерінде терең лингвистикалық байланыстар бар.
– Қателеспесем, Ирактың Наурызды ресми мереке ретінде атап өтетін санаулы араб елінің бірі екені рас па?
– Иә, 21 наурыз – біздің елдегі айтулы мейрамның бірі. Әсіресе, елдің солтүстігіндегі Күрдістан аймағында кең көлемде тойланады. Наурыз көктемнің шығуымен тұспа-тұс келіп, ауа райы жылып, табиғат қайта туғандай құлпыратын жаймашуақ мезгіл болғандықтан, адамдар бұл мерекені тауда, табиғи саябақтарда отбасымен, достарымен бірге, жаппай ұлттық киім киіп, әртүрлі тағам әзірлеп, ерекше қуанышпен қарсы алады. Бұл мереке, әсіресе, күрд халқының фольклоры мен әдеби мұрасында терең орын алған діни, саяси және мәдени мәнге ие.
– Ирактың ежелгі өркениет ошағы болғанын айтып жатырсыз. Туризм үшін мұның маңызы айрықша. Осы орайда Ирак қазақ саяхатшыларын қандай тарихи-мәдени жерлерімен қызықтыра алады?
– Иә, біздің еліміз бай мәдениетімен, терең тарихымен және көрікті туристік орындарымен ерекшеленеді. Көне өркениет орталықтары саналатын Бабыл, Ур және Самарра қалалары, сондай-ақ Бағдадтағы тарихи орындар қазақ саяхатшыларының назарын аударарына күмәнім жоқ. Дін тұрғысынан алғанда, Ирак – пайғамбарлар бесігі. Пайғамбарлардың атасы Ибраһим (ғ.с.) Бабыл қаласында дүниеге келіп, Ирактың оңтүстігіндегі Ур қаласында өмір сүрген. Сонымен қатар Ирак жерінде имамдар мен әулиелердің кесенелері сақталған. Атап айтсақ, Бағдад қаласында ұлы имам Әбу Ханифа мен Абдул-Қадір Гилани кесенелері бар.
– Бір жылдары ИШИМ террористік ұйымы (Ирак пен Шам ислам мемлекеті – Қазақстанда тыйым салынған) Ирактың бір бөлігінде лаң салғанын білеміз. Қазір елдегі діни ахуал қалай?
– 2014 жылы бұл террористік ұйым Ирак аумағының үштен бір бөлігін өз бақылауында ұстаған еді. Алайда 2017 жылы еліміздің қауіпсіздік күштері халықаралық коалиция және достас елдердің көмегімен «Ислам мемлекетін» құрамыз» деп талпынған террористік топтарды толығымен жеңіп, ел аумағын лаңкестерден біржола тазартты. Бүгінгі таңда Иракта діни ахуал тұрақты. Ел іші қауіпсіз. Соның арқасында экономикамыз да қалпына келіп, дамып жатыр. Мен көршілес мемлекеттермен шекаралық қауіпсіздіктің маңызын ерекше атап өткім келеді. Себебі Иракқа іргелес елдердегі кез келген жағымсыз оқиға біздің елге де теріс ықпал етуі мүмкін. Алайда Ирак осы мәселеге ерекше мән беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап отыр.
– Жуырда әлеуметтік желіде Иракқа қатысты бір жағымсыз видео тараған еді. Ол жерде 35 жастағы еркек пен 9 жасар қыз баланың үйлену тойы көрсетіліп, Ирактың заңы бойынша қыздарды 9 жасынан бастап тұрмысқа береді екен деген ақпарат айтылды. Бұл қаншалықты рас, соның ақ-қарасын өз аузыңыздан білсек?
– Иә, біз де бұл видеоны көріп, арнайы тексердік. Оны ең алғаш болып бір британдық сайт таратқан. Бірақ ол жердегі адамдардың киімдері, той рәсімдері, тіпті адамдардың түрлері де ирактықтарға мүлдем ұқсамайды. Тексере келе оның Иракқа ешқандай қатысы жоқ екеніне көз жеткіздік.
Ал некеге қатысты заңға келсек, бізде үйленуге 18 жастан бастап қана рұқсат етіледі. 9 жастан тұрмысқа шығу – біздің қоғам үшін жат. Ондай жабайылықты ирактықтар қабылдай алмайды. Мен журналистер мен блогерлерге осы секілді күмәнді ақпараттарды тексеріп барып қана таратқан абзал екенін ескерткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ