Ахмад ибн Фадлан әл-Бағдади – Х ғасырда өмір сүрген араб ойшылы әрі жиһанкезі. Оның «Түрік, хазар, орыс, бұлғар елдерін сипаттайтын ибн Фадлан жазбасы» деген әйгілі шығармасы бар. Бұл еңбекте Аббасидтер халифатының Бұлғарияға елшілік жіберуі, оны бастап барған ибн Фадланның Орта Азия мен қазіргі Ресей жеріндегі халықтардың тұрмыс-тіршілігі жөнінде жинаған құнды деректері келтірілген. Тарихи құжат тұрғысынан өте шынайы әрі маңызды дереккөз болғандықтан, қаншама ғасыр өтсе де тарихшылар әлі күнге шейін ибн Фадлан еңбегіне сүйенеді. Араб жиһанкезі викингтердің өмір салты туралы да керемет жазбалар қалдырған.
Араб елшілігінің сапары саяси жағдайға байланысты болды. Басты себеп, бұлғар ханы Алмыш Ялтуарұлы жаңадан Ислам дінін қабылдап, көрші хазар елінің шабуылынан қорғану үшін араб халифатымен одақ құрып, олардан көмек сұрайды. Бұлғар ханының өтініш-талабына орай Аббасидтер халифі әл-Муқтадар арнайы елшілік жібереді. Сонымен қоса қазынадан мол ақша бөлгізеді. Бұл қаражат Бұлғарияда үлкен мешіт пен хазарлардың шабуылын тойтаратын қамал салуға арналған еді. Елшіліктің құрамында дінді үйретуші факих ғалымдар да болды. Олар бұлғар халқының діни сауатын ашу үшін барды. Бірақ ибн Фадлан осы сапарды пайдаланып, өзіне жүктелген тікелей міндеттен бөлек, жол-жөнекей кездескен халықтардың саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайларын, олар өмір сүрген аймақтардың географиялық атауларын суреттеп жазған.
921 жылдың 11 маусымында Аббасидтер халифатының астанасы Бағдат қаласынан аттанған елшілер парсы, түрік елдерінен өтіп Бұлғарияға жетеді. Одан қайтарда орыс жері мен Шығыс Еуропа елдерін аралайды. Шығарманың кіріспесінде ибн Фадлан былай дейді: «Бұлғар ханы Алмыш ибн Ялтуар мүміндер әміршісі әл-Муқтадарға хат жіберіпті. Онда дінді түсіндіретін, шариғатты үйрететін кісілер жіберуді, үлкен мешіт соғып беруді, елді Исламға шақыру үшін мінбер тұрғызып беруді, өзіне қарсы патшалардан қорғану үшін мықты қамал салуын сұрапты. Оның өтініші орындалып, сый-сияпатты оған тарту етуге мен тағайындалдым. Және факихтер мен мұғалімдерді бастап баруға мен таңдалдым».
Жиһанкез жүріп өткен аймақтардың жер-су аттарын көне атауларымен атайды. Мәселен, Нахрауан, Хамадан, Хорезм, Жоржания, яғни қазіргі Үргеніш, тағы сол секілді. Соның ішінде Бұхараға табан тірегенде ол аумақтың қолданатын ақшаларын әдемілеп сипаттап береді.
«Бұхарада алуан түрлі дирхамдар көрдім. Ғитрифия деп аталатыны бар екен. Таза мыс немесе сары мыстан соғылған. Бірақ құны жоқ. Жүзі бір күміс дирхамға тең. Үйлерді сатып алуға осы ақша жұмсалады. Сондай-ақ оларда тағы дирхам түрі бар. Оның қырық данасы бір баданиққа (ескі монета) тең. Самарқандия дейтін дирхамды да кезіктірдім. Алты самарқандия құны бір баданикті құрайды».
Парсы елдерін артқа тастаған жиһанкез бастаған елшілік түріктердің жеріне қадам басады. Ибн Фадлан өз еңбегінде түріктер туралы арнайы тарау арнап, олардың күнделікті өмірі мен салт-дәстүрлері жайында көптеген қызықты деректер келтіреді. Мынау соның бірі.
«Оғыз деген атпен белгілі түріктердің бір тайпасына кез болдық. Олар көшпелілер екен. Үйлері жүннен жасалған. Бір орында тұрақтамайды. Әр жерде көшіп-қонып жүреді. Мұндай ауыр тұрмыстан өздерінің әбіржіп жүретінін байқадым. Сонымен бірге Аллаға сыйынатын бірде-бір дін ұстанбайды. Ешнәрсеге құлшылық қылмайды. Бірақ үлкендерін Ием деп атайды. Қандай мәселе болсын бірінші солармен ақылдасып алады. Уа істің иесі, мен бір амал қылайын деп жатыр едім дейді. Дей тұрғанмен бір ортақ іске келісіп, соны атқаруға бәрі ақылдасса, арасынан оңбаған біреуі шығып дем арасында бүлік шығара кетеді».
Әрине ибн Фадлан түріктердің мінез-құлқын Ислам мәдениетімен салыстыра отырып, олардың көп әрекетінен қарама-қайшылықты, дөрекілікті байқағанымен еңбегінің көп жерінде түрік халқын мақтап өтеді. Әсіресе түріктердің адалдығын сөз қылады. Егер мұсылман елінің бір жолаушысы түріктерге кезіксе сый-құрметке бөленетін болған. Көбінесе түріктер мұсылман саудагерлерді қорғауына алып отырған. Егер қапелімде саудагер қайтыс болса, оның дүние-мүлкіне тиіспейді, керуенді мұсылмен еліне дейін бастап, марқұм саудагердің досына немесе туысына табыстап кетеді. Міне, осылайша, ибн Фадлан түріктердің адал қасиетін ерекше толғаныспен баяндайды. Сонымен бірге өз жазбасында араб жиһанкезі тағы бір түрік тайпалары печенегтер мен башқұрттар жайында да біраз қызықты жайттарды толғайды.
Бір жылдай уақытты алған ұзақ сапар жазбасында ибн Фадлан діттеген жеріне жеткендері, мақсаттарының орындалғаны туралы айтады.
«Бұлғар жеріне жетуге бір күн, бір түн қалғанда хан қол астындағы төрт басшысы мен бауырларын, ұлдарын бізді күтіп алуға жіберді. Сөйтіп, олар бізді жақсы қарсы алды. Өздерімен бірге нан мен ет ала келіпті. Бәріміз бірге хан ордасына беттедік. Шамамен екі фарсах (он шақырымнан астам) жер жүргенімізде ханның өзі бізді қарсы алмақ боп алдымыздан шықты. Келе жатқанымызды көргенде атынан түсіп, маңдайымен Аллаға сәжде жасады. Қалтасында дирхамдар бар екен. Содан бізге шашу шашты. Кейін шатыр тігіп, біз сонда қондық» дейді жиһанкез.
Өкінішке қарай, Аббасидтер халифаты жіберген елшілік Бұлғар елінің астанасына жеткенімен саяси тұрғыда көзделген мақсаттар сол күйі орындалмай қалады. Оған сол дәуірде орын алған бірнеше себептер кедергі келтіріпті.
Жалпы, ибн Фадланның қайда, қашан туғаны, қайтыс болған жылдары белгісіз. Арабша ағыла сөйлеп, шешендік өнердің сөлін тамыза жазса да кейбір деректерде ол араб емес, парсы делінеді. Бірақ бұл болжамдардың ешқайсысында нақты дәлел жоқ. Сонымен бірге жиһанкездің ұлы сапары күні кешеге дейін жалпақ жұртқа белгісіз болып келді. Кейінгі араб географтарының еңбегінде там-тұмдап қана айтылып қалатын. Бұл оқиғаны әйгілі етуге 1924 жылы жиһанкездің түпнұсқа еңбегінің Иранның Мешхед қаласынан табылуы себепші болды.