Мұса пайғамбардың (ғ.с.) дәуірінде Исрайыл қауымын жеті жылдық ашаршылық жайлайды. Су біткеннің көзі бітеледі. Көктен бір тамшы жауын жаумай қояды. Қара жердің кенезесі кеуіп, жан-жануардың ыңыршағы айналып, құр қаңқасы қалады. Жұмырбасты пенденің бәрі су сұрап, Жаратушыға жалбарынып, тасаттық жасайды.
Осы жалбарынушы пенделердің қатарында өзінің әулиелігін өзі сезбейтін бір дегдар құл бар еді. Ол тау басына шығып, көз-жасын көл ғып төгіп, күндіз-түні Жаббар Хаққа жалбарынады. Алла-Тағаладан халықты ашаршылықтан құтқаруын сұрайды. Бірде Хаққа жалбарыну үшін жолға шығып келе жатқанында, оның көзіне атыраптағы сусыған құм аппақ ұн болып елестейді. Қуанғаннан дереу отыра қалып, көзіне ұн болып елестеген бір уыс құмды аялап қолына алады. Бақса, алақанындағы ұн емес, құм болып шығады. Құмның ұн емес, құр сағым болып шыққанына күйініп:
– Уа құдіретті күшті Раббым! Мына қу медиен даланың құмының бәрін ұн қылсаң ғой, мен оны ашаршылықтан құр сүлдесі қалған пенделеріңе таратып, оларды өлімнен аман қалып қалар едім. Бүйірі тоғайып, мәз-мәйрам болған жүздерін көрер едім. Өзім де олардан бір үзім нан сұрап жер едім. Қасіреттің көбесі сөгілгенін көріп, шексіз қуанар едім , – деп ағыл-тегіл жылайды. Ол осылай жалбарынып, сәждеге барғанында жан тәсілім етеді.
Ұлы Жаратушы әзіреті Мұсаға (ғ.с.) уахи түсіріп, жапан түзде өзінің дегдар құлының опат болғанын хабарлайды. Әзіреті Мұса (ғ.с.) адамдарын жіберіп, әлгі дегдар құлдың мәйітін алдыртады. Оны арулап жуып, кебіндеп, жаназасын шығаруға әзірленеді. Алайда, мәйіттің кім екенін білмегендіктен, оны соңғы сапарға шығарып салуға, көп адам жинала қоймайды. Осы сәтте жер-жаһаннан таңғажайып гүрілдеген дыбыстар шығады. Көк қақ айырылып, бүкіл періштелер жер бетіне түседі. Олар қаз-қатар сапқа тұрып, дегдар құлдың жаназасына қатысады. Періштелердің қарасының көптігі соншалықты жер бетінде ине шаншар орын қалмайды. Әзіреті Мұса бұл ғажайыпқа таңдаңғаннан күйі есін жимастан жаназа намазын оқиды. Дегдарды қара жердің қойнына тапсырады.
Артынша Алла Тағаладан тағатсыздана бұл құлдың жаназасына не үшін мұқым періштелердің көктен түскенін сұрайды.
Сонда, Ұлы Жаратушы:
– Уа Мұса! Бұл дегдар құлым дүниедегі ең жомарт пенделердің бірі. Сен оның жомарт пейілін көрсең ғой, оның пейілі телегей-теңіз еді. Оның тілегін қабыл етсем, ол ұнға айналған құмның бәрін адамдарға таратар еді. Мен оның осындай жомарт пейіліне разы болдым. Оған адамдардың бәріне ұн таратқан тәрізді мол сауап жазып, оны жұмағыма кіргіздім. Бұл арқылы жомарт құлдарымды жәннатпен сүйіншілегім келеді, – деп жауап қатады.
Мұхан ИСАХАН