Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) жеткен хадистердің ішінде Алла Елшісінің (с.а.у.) Әли ибн Әбу Талибке (р.а.) айтқан өсиеті күллі мұсылман үмметіне кеңінен танымал. Аталмыш өсиетте Пайғамбарымыз (с.а.у.) Жәбірейіл (а.с.) періштенің мұсылмандардың 7 ерекшелігіне қарап адамдардың санатынан болуды қатты қалағанын айтады. Бүгін назарларыңызға хадисте баяндалған Жәбірейіл періште сүйген 7 амалды ұсынуды жөн көрдік.
1. Жәбірейіл періште жамағатпен намаз оқуға құштар еді. Өйткені, көпшілікпен бірге атқарылған намаз жеке жасалған ғибадаттан 27 есе артық.
2. Мұсылман ғалымдарының мәжілісі. Сахаба Әбу Мұса әл-Әшғари: «Абдулла ибн Мәсғудпен бір мәжілісте болуым – менің нәпсіме бір жылдық істен әлдеқайда әсерлі» деп білім мәжілісін жоғары бағаласа, Жәбірейіл періште де мұсылман ғұламаларының жиынын ерекше жақсы көрген.
3. Сырқат адамның көңілін сұрау. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.): «Қайсыбір мұсылман ауырып қалған кісінің көңілін сұрау мақсатымен таңертең жолға шықса, оған кеш батқанға шейін 70 мың періште, ал, кешке барса, таң атқанға шейін 70 мың періште ол үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, жарылқау тілейді. Ондай мұсылман үшін жұмақта да сый-сияпат әзір» – деген.
4. Жаназа намазын оқу. Жәбірейілді «адам болуға» ынтықтырған келесі артықшылық – мұсылмандардың қайтыс болған бауырын жер қойнына тапсырып, жаназа намазын оқуы болатын. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әлиге (р.а.) айтқан өсиетінде былай дейді:
«Егер де мұсылмандар қайтыс болған бауырының соңынан жаназа намазын оқыса және сауабын тек бір Алладан үміт етіп, оны жер қойнына тапсырғанша қасынан бір елі ажырамаса, әрқайсысы Ухуд тауындай сауабы болатын екі мәртебемен үйіне қайтады».
5. Сусағанның шөлін қандыру. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Күдіксіз Алла Тағала қиямет күні былай дейді:
– Әй, пендем! Сенен су сұрағанымда, маған су бермедің ғой. Сонда құл таң қалып:
– Уа, Алла Тағалам, сен – әлемдердің Раббысысың! Саған қалай су бермекпін? – дейді. Алла Тағала:
– Әлгі бір құлым сенен су сұрағанда, сен оған бермедің. Егер сол кезде шөлдеп тұрған бауырыңа су бергеніңде, шүбәсіз менің құзырымда оның сауабын еселеп алар едің, – дейді» делінген.
6. Екі адамның арасын жарастыру. Алла Елшісі (с.а.у.) Әлиге (р.а.) Жәбірейіл періште екі адамның арасын жарастырып, татуластырғанды қатты жақсы көретін еді деген. Осы орайда сахаба Әбу Дарданың (р.а.) мынадай бір естелігі ойға келеді:
«Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізден:
– Сендерге намаз оқудан, ораза ұстаудан және садақа беруден де артық дәрежеге жеткізетін бір істі айтайын ба?» – деп сұрады. Біз оған «айтыңыз» дедік. Сонда Расулаллаһ (с.а.у.):
– Араздасқан екі кісінің арасын біріктіріп, оларды татуластыру. Өйткені, екі кісінің араз болуы – дінді ең түбінен ыдыратады, – деді».
7. Көршіге және жетімге тамақ беру. Жәбірейіл періштені адамдардан болуға ынтықтырған мұсылмандардың соңғы сипаты – көршіге және жетімге тамақ беріп, ас ішкізу.
Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.):
«Уа, сахабаларым, сендердің қайсыбірің жетімге жақсылық жасаса, олардың басынан сипап, қарнын тойдырсаңдар, сол кісімен жұмақтағы менің жақындығым осындай болады» – деп ортаңғы саусағы мен сұқ саусағын жымдастырып көрсеткен.
Ал, Әлиге (р.а.): «Осы айтқандарыма аса мұқият бол, Әли! Біліп қой, кімде-кім жетімнің ақысын жеп, оны жылатса, тұтас Ғарыш дүр сілкінеді. Сөйтіп, Алла Тағала Жәбірейілге «Бұл жетімді жылатқан адамға жәһаннамды кеңейт, ал, оған қуаныш сыйлап, көңілін аулаған мұсылманға жұмақ жұртын кеңейт» деп пәрмен береді» – деген екен.