Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында Салаба есімді сахабаның дүние-мүлікке, байлыққа құштарлығы ерекше болыпты. Күндіз-түні баюды армандаған ол ақыры Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп былай депті:
– О, Алланың Елшісі! Мен үшін «бай болсын» деп Аллаға дұға етіңізші! Пайғамбарымыз оған:
– Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе? – деп қайтарып жібереді. Салаба екінші рет келеді. Бұл жолы Пайғамбар қабағын түйіп:
– Аллаға ант етейін, егер шын тілесем мына тау мен тастың бәрі маған алтын боп берілер еді, бірақ мен қаламадым, – дейді.
Шындығында, Пайғамбардың үйінде апта бойы, кейде ай бойы тіске басар тамақ табылмаған кездер болған екен. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аузын ашарда үш-төрт құрмамен шектелетін.
Уақыт өте келе «Байысам, кедей-кепшіктерге қол ұшын беріп, көбірек сауап жинамас па едім» деген ойлар мазалаған Салаба Пайғамбарға тағы да қолқа салады. Егер байыса, жарлы-жақыбайларға көмектесетінін айтып, Алланың атымен ант ішеді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаға дұға жасайды. Көп ұзамай Салабаның малы көбейе бастайды.
Бұрын пайғамбарымыздың ізімен мешіттен шықпай, үзбей намаз оқитындығы үшін «мешіт құсы» атанып кеткен Салаба мешітке анда-санда ғана бас сұғатын болды, көбіне-көп малын игере алмай намазын қаза етіп жүрді. Аз уақытта асып-тасқан малына жаңа жайылымдар іздеген ол тек жұма намаздарына келетінді шығарды.
Уақыт өте келе бірте-бірте бес уақыт намаз түгілі жұма намазына да келуді қойды. Осы уақытта зекет-садақа жайлы Алланың аяттары түсіп, әр мұсылман шама-шарқынша өзгелерге көмектесіп жатқанда, Салаба:
– Бұларың қып-қызыл адам талау емес пе? – деп малының зекетін өтемей қойған екен. Мұны естіген Арадақты Пайғамбарымыз:
– Қап, Салабаға обал болған екен, – деп мұңайыпты.
Бір күні Салабаға туыстарының бірі жанына қатты батыра айтуынан соң кедейлердің ақысын беріп, Алла алдындағы күнәсін жумақ боп арық, қоңы төмен малын айдап пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келгенде, ол кісі Алланың тыйым салуымен Салабаның малын енді қабылдай алмайтынын айтады.
Кейіннен Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеден өткеннен кейін халифалар хазіреті Әбубәкір мен хазіреті Омар да (Алла олардан разы болсын) Салабаның зекетін қабылдамаған екен. Халифа хазіреті Осман (Алла одан разы болсын) тұсында Салаба қайтыс болар алдында құлағына хазіреті Пайғамбарымыздың:
«Шүкірін өтей алатын аз малың, шүкірін өтей алмайтын көп малдан артық емес пе?» – деген сөздері жаңғырып тұрды.
Иә, Салабаның бұл әрекеті зекетін шынайы ықыласпен бермейтін бүгінгі сараң байларға үлгі боларлық өнеге.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz