Биыл тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын жас та жасампаз мемлекетіміз әлемге зайырлылықты таңдаған бейбіт ел ретінде танымал.

Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Зайырлылық азаматтарға дін мәселесінде еркіндік береді. Қазақстанның әр азаматы ұждан бостандығын пайдаланады. Дін ұстану немесе ұстанбау – әрбір жекелеген тұлғаның өз еркінде.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішіндегі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі, оның ішінде ислам ата дініміздің өркендеуі, халықтың атеистік өмірден кейін өз дінімен қайта еркін қауышуы десем, артық айтқандық болмас.

Біз осы ретте зайырлылық ұғымынан туындайтын қатынастар мен құндылықтардың мынадай түсінігін терең ұғынуымыз қажет: халықтың тарихи дамуында екі-үш ұрпақ бойы өзінің өміршеңдігін көрсеткен және сол халықтың сан ғасырлық дәстүрлерімен біте-қайнасып кеткен жалпыадамзаттық құндылықтар және соған негізделген өмір сүру қағидаттары – заманауи елдерге ортақ дәстүрді құрайды. Халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрінен туындайтын құндылықтармен қатар, азаматтардың тең құқықтығынан бастау алатын ер адамдар мен әйелдердің қоғамдық ортада бірдей құқықтар мен міндеттерге ие болуы, азаматтардың білім алуы арқылы ғылымда өз мүмкіндіктерін кеңінен жүзеге асыра алуы және басқа да заманауи құндылықтар біздің төл дәстүрімізге айналған қағидаттар деуге болады.

Бір қарағанда қарапайым болып көрінгенімен осынау іргелі құндылықтар еліміздегі бірнеше ұрпақтың өмірінің сабақтастығын қамтамасыз етіп, бүгінгі күнде мемлекетіміздің демократиялық сипатын айқындайтын негізге айнала білді.

Қорыта айтқанда, зайырлылықты адам құқықтарын, соның ішінде ар-ождан бостандығы мен діни сенім еркіндігін құрметтеу және қорғау аясындағы мемлекет пен діннің өзара ықпалдасуы деуге болады. Демек біздің қоғамымыз үшін адамның діни сенімі мен құқығын қорғауға және сақтауға жауап бере алатын зайырлы қағидаттарды қамтамасыз ету басты міндет және «Өзге дамыған мемлекеттердің  мәдениеті емес, демократиясы қажет» деп есептеймін.

Нұрсұлтан МАХМУТҰЛЫ

Пікір жазу