Сұрақ: Вандализм шариғатта күнәға жата ма?
Жауап: Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәліметке сәйкес, Вандализм мәдени-тарихи ескерткіштерді, басқа да рухани мәдениет құндылықтарды, қоғамдық орындардағы мүліктерді аяусыз, қасақана жою, қиратып бүлдіру, тып-типыл тонау әрекеті. Әдетте ол жабайылық пен зұлымдықтың шектен шыққан бір түрі есептеледі. Бұл да бұзақылықтың бір түрі болып табылатыны сөзсіз. Сонымен қатар, зорлық көрсету, қорқытып-үркіту, қол жұмсап ұрып соғу, сол сияқты өзгенің мүлкін жойып жіберу не бүлдіру, не аса қатыгездікпен бейбастақ әрекеттер жасау да бұзақылыққа жатады.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар!»,- делінсе, олар: «Біздер ғана түзеуші» дейді. Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді» – деп, бұйырады. (Бақара сүресі, 11-12 аят).
Мұхаммед пайғамбардың ардақты сахабалары өздеріне Мұхаммедтің (с.ғ.с.) «Соғыста балаларды, қарттарды жəне əйелдерді өлтірмеңдер, құрма ағаштарын, егістіктерді, жеміс беретін ешбір ағашты қиратпаңдар, өтірілгендердің ағзаларын кеспеңдер» – деп, бұйырғанын жеткізеді.
Исламның басқа дін өкілдеріне қатысты ұстанымы да нақты белгілі. Ислам діні адамның жанын, малын, дінін ұстануына кепілдік береді. Мысалы, Омаядтар және Аббасилердің қосындарында әскер болған түрік-иран халықтарының өз дінін ұстануына рұқсат етілген. Бұған дәлел ретінде қолбасы Афшинның бұтын (пұт) өзімен ала жүрген көрсетіледі. Көріп отырғанымыздай ислам дінінде зорлық-зомбылыққа мулдем орын жоқ.
Шариғат тілімен айтар болсақ вандализм күнәға жатады.
Балғабек МЫРЗАЕВ
Дініміз бойынша, мұсылман адам тілімен де, ісімен де зиян тигізуден аулақ болуы керек. Сол себепті, вандализм, дініміз құптамайтын іс деп білемін.