Саудияда бір адам өлер алдында үлкен ұлына:
«Балам, менің сендерге айта алмаған бір сырым бар еді…
Кезінде бір филиппиндік әйелмен үйленген едім. Оның ақысын бере алмадым. Егер мен дүниеден озсам, мирастан оның да үлесін беріңдер», – деп өсиет етіп, сол әйелдің мекен жайын беріп кетеді.
Содан кейін әкесі қайтыс болады. Барлық жаназа рәсімдері біткен соң, бала-шағасы мирасты бөлісу үшін шариғат мекемесіне барады. Мирас бөлініп жатқанда үлкен ұлы қазыға:
– Құрметті қазы мырза! Әкем дүниеден озарда, өзінің филиппиндік жұбайы бар екенін айтты. Сол өгей шешеміздің де мирастан үлесін берсеңіз, дұрыс болар еді, – дейді. Сонда, қазы:
– Ондай болса, сол әйел алдыма келу керек, – деп үкім шығарады.
Содан кейін үлкен ұл өгей шешесін іздеп жолға шығады. Оның үйіне келсе, үйі өте қарапайым екен. Есікті қақса, ар жағынан орамал таққан әйел шығады. Үлкен ұл мәселенің мән-жайын айтқанда, әйел:
– Иә, әкелерің қайтыс болғаны жайлы естідім. Алла алдынан жарылқасын, – деп көңіл білдіреді. Үлкен ұл өгей шешесін Саудияға алып келеді.
Қазының алдына мирасты бөлуге апарып, өгей шешесі 213 мың доллар үлесін алады. Содан кейін, өгей шешесі үлкен ұлдан Мекке-Мәдинаға зиярат жасатуды өтінеді. Үлкен ұл өтінішін орындап, өгей шешесін ертіп жүріп, зиярат жасатады. Кейін еліне ұшаққа салып жібереді.
Төрт жыл мезгіл уақыт өтеді. Бір күні үлкен ұл: «Осы әкеміздің филиппиндік жұбайы қалай екен?» – деп, хәлін білу үшін жолға шығады. Барса, өгей шешесі сол қалпы, еш өзгеріссіз, бұрынғы үйінде тұрып жатқанын көреді. Одан:
– Апа, сізге берген ақшаны не істедіңіз? Мына үйіңізді жаңартпадыңыз ба? – деп сұрайды. Өгей шешесі үлкен ұлға:
– Жүр, балам, көшеге жүріп келейік, – дейді. Екеуі көшеге шығып, үйлерінен ұзақ емес жерде жаңадан салынған зәулім, әдемі мешітті көреді. Ішінде қари балалар әдемі дауыспен, үздіксіз Құран оқып жатқанына куә болады. Сонда өгей шешесі:
– Балам, енді мына мешіттің маңдайында не деп жазылып тұр, оқышы, – дейді. Үлкен ұл қараса, әкесінің аты жазылып тұрғанын көріп, жылап жібереді. Сонда, өгей шешесі:
– Күйеуім дүниеден озса да, артынан сауап барып тұрсын деп, жария садақа жасап, алған қаржыны осы мешіт салуға жұмсадым, – дейді.
Үлкен ұл еліне қайтып, бауырларын, туыстарын жиып осы жағдайдың бәрін айтып береді. Олар да өгей шешеден ғибрат алып, ортадан 1 миллион 400 жүз мың доллар шығарып, әкелеріне жария садақа жасайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын): «Аллаға деген тақуалығынан кейін мүмин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ..н», – деп айтқан. (Ибн Маже)
Алла баршамызға ізгі жар мен салих ұрпақтар нәсіп етсін!
Дайындаған Қуат ҚАБДОЛДА