Ауғанстанда билікке келген “Талибан” қозғалысы Қытайды негізгі халықаралық серіктес деп санайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Sabah-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы қозғалыстың өкілі Забиулла Муджахид мәлімдеді.
“Қытай біздің негізгі серіктесіміз болады және бізге үлкен мүмкіндіктер береді, өйткені ол біздің елге инвестиция салуға және қайта құру жұмыстарын қолдауға дайын”, – деді ол.
Мужахид “Талибан” Қытайдың “Бір белдеу және бір жол” бастамасын жоғары бағалайтынын айтты. Оған қоса, ол Қытай Ауғанстандағы тау-кен өнеркәсібін қалпына келтіруге көмектесетінін атап өтті.
“Талибандар Ресейді аймақтағы маңызды серіктес деп санайды және Мәскеумен жақсы қарым-қатынаста болады”, – деп қосты Мужахид.
Кабулдағы Хамид Карзай атындағы халықаралық әуежай туралы айта отырып, Мужахид бұл мекеменің толықтай Талибанның бақылауында екенін, бірақ оған айтарлықтай зақым келгенін айтты.
“Әуежай алдағы үш күн ішінде тазартылып, қысқа мерзімде қайта салынуы тиіс. Ол қыркүйекте қайтадан жұмысын бастайды деп сенемін”, – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, 17 тамызда “Талибан” содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын басып алды. Олар іс жүзінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялап, елдегі билікті басып алды. Ауғанстан президенті Ашраф Гани елден кетті.
Ауғанстаннан құрлықтағы барлық шекара өткелдері қазіргі уақытта тәліптердің бақылауында. Шетелдік қызметкерлер мен шетелдік миссияларда жұмыс істейтін ауғандықтарды эвакуациялау Америка Құрама Штаттары мен НАТО -ның басқа да елдерінің әскерилерінде орналасқан Кабулдағы жалғыз әуежай арқылы жүзеге асырылады.