Сұрақ: Сиқыр жасап екі жасты қосуға бола ма?
Жауап: Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім түйін жасап, кейін оған дем салса (үрлесе), онда сиқыр жасағаны. Ал кім сиқыр қылса, онда Аллаға серік қосқаны. Кім не нәрсеге жақын болса, соған арқа сүйейді (сенеді)», – деп айтқан риуаяты келтіріледі (Нисай).
Сиқыр жасап, отбасындағы берекені қашыру, ерлі-зайыртылардың арасында ұрыс отын тұтату, оларды бір-бірінен айыру, ерін әйеліне жаман етіп көрсету немесе керісінше, әйелі ерін көрсе құбыжықты көргендей жиеркенуі, ер адамды еріксіз бөтен әйелге ғашық ету, екі жасты сиқыр арқылы қосу сияқты т.б. осындай амалдар Исламда тыйым салынған үлкен күнәнің қатарына жатады.
Құранда Алла Тағала сиқырға қатысты былай деген:
«(Олар Тауратты қойып) Сүлеймен патшалығы заманындағы шайтандар оқыған (сиқырға) ілесті. Сүлеймен қарсы келмеді (сиқыр жасамады). Бірақ шайтандар, адамға сиқыр үйретіп, кәпір болды» (Бақара: 102).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сиқырдан қатты қайтарды. Бұған қатысты Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) мына хадисті риуаят қылады:
«Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Сендер жеті жоюшыдан абай болыңдар! – деді. Сахабалар:
– Олар не нәрсе? – деп сұрады. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Аллаға серік қосу, сиқыр жасау, нақақтан-нақақсыз адам өлтіру, өсімді пайдалану, жетімнің малын жеу…, – деп айтты» (Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд және Нисай).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ